Көкпекті ауданының әкімі Асхат Смаилов 8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында аудандағы ардақты ана -апаларды, көп балалы аналар мен түрлі салада еңбек етіп жүрген нәзік жандылар қауымын құттықтады. Мерекелік ақ дастарқан жайылып, ауданның дамуына өлшеусіз үлестерін косып келе жатқан аналарға құрмет көрсетілді. Басқосуда бірқатар көпбалалы аналар және еңбек майданында аянбай еңбек етіп жүрген әйелдер қауымы марапатталды.
Ақ жаулықты аналарымыз, намысты аруларымыз қоғамның сан түрлі саласында елге адал қызмет етіп жүр. Жанұясының ғана емес, бүкіл Көкпекті ауданының өркендеуіне үлес қосып келеді. Атап айтсақ, білім, мәдениет, медицина, жергілікті басқару, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, спорт және өзге де салаларда озат еңбегімен көзге түсіп жүрген нәзік жандар жеткілікті.
- Құрметті аналар, аяулы арулар! Сіздерді ару көктемнің шуақты мерекесі - халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі мереке аясында айтылатын жылы лебіздердің барлығы Сіздерге арналады. 8 наурыз - мейірім мен ізгілік, сұлулық пен нәзіктік мерекесі. Барша ақ жаулықты аналарымыз бен отбасына амандық, жұмыстарына береке тілеймін. Жүздеріңізден күлкі, жүректеріңізден махаббат, көңілдеріңізден шаттық пен қуаныш кетпесін! Мерекелеріңіз құтты болсын!, – деді аудан әкімі Асхат Сайдахметұлы.
Сондай-ақ, аудан әкімі аналарға арнаған жүрекжарды лебізінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықтың әлеуметтік жағдайы мен табысын арттыру мәселесін үнемі басты назарда ұстап келе жатқанын және жуырда Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының съезінде де көпбалалы отбасылардың тұрмыстық жағдайын жақсарту жөнінде Үкімет пен әкімдерге нақты тапсырмалар бергенін жеткізді.
Алдағы уақытта аз қамтамасыз етілген, әсіресе көпбалалы отбасыларды қолдаудың шарттары жеңілдетіліп, әр балаға 21 мың теңге көлемінде жәрдемақы берілетін болды. Бұның бәрі – ең алдымен ақ жаулықты аналарымыз үшін үлкен қуаныш, әрі аз қамтамасыз етілген отбасылар үшін үлкен көмек.
Мерекелік жиында аудан әкімі Асхат Смаилов киелі Көкпекті топырағының алтынқұрсақты аналарына тиесілі марапаттарын табыс етті. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Алтын Алқа» наградасымен 7 бала тәрбиелеп өсірген үлгілі де өнегелі ана Сәуле Хасенова және «Күміс Алқа» наградасымен 6 бала тәрбиелеп өсірген ардақты ана Сәуле Джунусбекова марапатталды. Ұзақ жылдар бойы білім беру саласында жемісті қызмет еткен ардагер Галина Орсаеваға аудан әкімі «Ауданның әлеуметтік экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» медалін табыстады. Білім саласының тағы бір құрметті ардагері және «Күміс Алқа» иегері Баян Сибебаеваға көпшіліктің қошеметімен «Ауыл еңбегі үшін» медалін тақты. Сонымен бірге, Көкпекті ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін бірқатар аналарды арнайы Мадақтау қағаздарымен және Алғыс хаттармен марапаттады. Гүл шоқтарын сыйлап, иықтарына орамал жапты. Ақындар жыр арнап, өнерпаздар әуелеген әсем әндерін тарту етті. Бұл күні ақ жаулықты аналардың көңілдері шаттық пен қуанышқа толды. Аудан әкіміне ыстық лебіздерін білдіріп, алғыстарын айтты.
Әсерлі кездесу соңында Асхат Сайдахметұлы дастархан басына жиылған абзал аналарға тосын сый жасады. Аудан басшысы барлық аналардың алдында тағзым етіп, жүректерді елжіреткен «Анажан» әнін нақышына келтіре орындады.
Дархан БЕРДІБЕК
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.