Сайын даланың төсінде кеудесін кере дем алып, емін-еркін өмір сүрген, қаншама жаугершілік заманды бастан өткерсе де тұлымдысын құл, бұрымдысын күң қылуға жол бермеген арыстан жүректі қазақ халқы үшін 300 жыл бойы патша үкіметіне, 70 жыл бойы Кеңес өкіметіне бодан болу оңайға түскен жоқ. Желтоқсан оқиғасы да қазақ тарихында қанды әріптермен жазылды. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай Қазақ елі егемендікке қол жеткізді. Бүгінде ғасырлар бойы армандап аңсаған тәуелсіздігімізге 27 жыл толып отыр. Ұлық мереке еліміз бойынша жылма-жыл үлкен ыждағатпен тойланып келеді.
Ел Тәуелсіздігінің 27 жылдығы ауданымызда да өз дәрежесінде тойланды. Аудан орталығындағы Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйінде егемен еліміздің атаулы күніне арналған салтанатты шара болып өтті. Шарада алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Асхат Сайдахметұлы Смаилов салтанатты жиынға қатысушыларды тәуелсіздік күнімен құттықтады.
- Баршаңызды Ұлы дала елінің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсiздiк - Еуразияның алып даласында құдiреттi мемлекет құруды ата-бабаларымыз армандаған, аға ұрпақ жақындатқан, бүгiнгi буын шындыққа айналдырған қастерлi ұғым. Тәуелсіздік – Ұлыстың ұлы күні, барша Қазақстан халқының айрықша ардақты күні, мемлекетіміздің мерейлі мерекесі.
Біз аз уақыт ішінде қуатты ұлтқа, дәулетті елге айналдық. Мемлекет шекарасы айқындалды. Іргеміз мызғымастай бекітілді. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі этнос өкілдері Отанымызды өркендетуге атсалысып, тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Елордамыз – Астана қаласы әлемге танылды. Ел экономикасы қарқынды өсіп келеді. Дамудың индустриялық- инновациялық бағдарламасы жүзеге асуда. Татулығы жарасқан Қазақ елінің, Қазақстан халқының бейбіт өмірі төрткүл дүниеге үлгі. Біз, қазақстандықтар, бұл жетістікті тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен, оның парасатты саясатымен тікелей байланыстырамыз. Туған Отанымыз қасиетті де қастерлі Тәуелсіздік мерекесін осындай тарихи табыс-пен қарсы алып отыр. Біз бүгінгідей кеңбайтақ жері бар, киелі төрі бар, жұлдызы жанған бақытты халықпыз.
Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты – азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау болды. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болсын! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай!, - деді.
Одан әрі кезек марапатқа берілді. Бұл күні Қазақстан Республикасы Президентінің «Астанаға 20» жыл мерейтойлық медальімен Үлгілімалшы ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Шахан Төлеубайұлы Тұрсынханов, Қазақстан Республикасы Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің «Денешынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен Көкпекті ауылының «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» жаттықтырушысы Бақыт Ғазизұлы Рахимов марапатталды. Бақыт Ғазизұлының таэквондошы шәкірттері аудан спортының қоржынына қомақты қор жинап аудан намысын әлемдік деңгейде көтеріп жүр.
Ал, «Көкпекті ауданының Құрметті азаматы» медаліне Самарқан Жотабаев «Қалисаттарұлы» ШҚ басшысы, Қанат Садықов «Теректі» ШҚ басшысы, Құмар Орсаев аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, Гүлдарай Мұхамадиева «Көкпекті ауылының №29 жол-эксплутациялық учаскесінің басшысы, Ержан Дюсупов «Дюсупов» ШҚ басшысы, «Еңбек ардагері» медаліне Зифа Ахмерова аудандық қаржы саласының зейнеткері, Көкпекті ауылының сыйлы азаматшасы, Азза Дериглазова медицина саласының зейнеткері, Гүлзифа Қасенбаева Мемлекеттік қызмет ардагері, Асия Нұрғожина медицина саласының зейнеткері алды.
Тәуелсіздіктің 27 жылдығына арналған мерекелік сазды бағдарлама «Толағай» сазы халық аспаптар оркестрінің орындауындағы «Сарыарқа» күйімен ашылды. Аудандық мәдениет үйінің әншілері «Қазақстаным менің», «Тәуелсіздік» әнін шырқаса, Тассай ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектептің ұжымы «Астананың шежіресі» атты театралдық қойылымды қойды. Көкпектілік Есполовтар және Құлынжондық Бақытбековтар отбасылық ансамблінің орын-дауындағы әндер көрермен жүрегіне жол тапты. Сахна төрінде дөңгеленген «Балауса» бишілер тобының бүлдіршіндері «Қуыршақтар» биін биледі. Келесі кезекте сахна төріне Самар ауылынан келген «Асыл қазына» этнографиялық ан-самбльдің әншілері көтерілді. Шара соңында жезтаңдай ән-шілер Қайырлы Ернұр, Нұрлан Қайрат, Айнұр Жүнісова «Менің Қазақстаным» әнін ерекше шабытпен шырқады. Ел Тәуелсіздігінің 27 жылдығына арналған салтанатты мәдени сазды бағдарлама көрермен қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Қанат Асырандыұлы Тілебалдин, «Ауыл еңбегі үшін» медалінің иегері, «Дарын» ШҚ басшысы, Тассай ауылы:
- Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік мұраттарға қол жеткізді. Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы.
Тәуелсіздігіміздің 27 жылдық мерейтойы тұғырлы, баянды болсын! Әрқашан күн сөнбесін! Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін!
Мерхат Мұратұлы Смыков, Көкпекті аудандық электр желілерін пайдалану жөніндегі техник:
- Ғасырлар бойы аңсап, қол жеткізген Тәуелсіздігіміздің арқасында еліміз еңсесін тіктеп, әлеуметтік-экономикалық өркендеу жолына түсті. Тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға баса назар аударылып, Үкімет тарапынан жан-жақты қолдаулар көрсетіліп отыр.
Бүгінгі мерейлі де берекелі күні Сіздерге зор денсаулық, жемісті еңбек, отбасы амандығын, ырыс-береке тілеймін.
Айман Бейсенбекқызы Саяхимова, «Көкпекті» ШЖҚКМ-нің есепші бақылаушысы:
- Біз міне, еліміздің егемендік алғандығының 27 жыл толғанын тойлап отырмыз. Осы жылдар еліміз үшін қызықты да күрделі жылдар болды. Мемлекетіміздің құрылуын, нығаюын, дүниежүзіндегі елдермен иық тірестіріп тұруының куәсі болдық. Толағай табыстарға қол жеткіздік.
Сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Табысымыз қомақты, міндетіміз айқын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз ұзағынан болсын!
Клара ҚАЙЫПЖАНКЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.