Тұңғыш Президент күні – шынайы халықтық мерекеге айналды. Аудан көлемінде ауқымды өткізілген шаралар облыс орталығында жалғасын тапты. 1 желтоқсан күні аудан әкімі Асхат Смаилов Көкпекті ауданының тарихында өшпес із қалдырған ардагерлерге құрмет көрсетті. Бүгінгі күні Өскемен қаласында тұратын сыйлы қарияларға арналып мейрамханада ақ дастархан жайылды. Асхат Сайдахметұлы өмірден түйгені мол қазыналы қарияларды мерекемен құттықтап, арнайы әзірленген төсбелгімен марапаттады.
- Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осы мереке – халқымыздың Елбасына деген ерекше ықыласының, шексіз ризашылығының, зор құрметінің айғағы. Бұл – еліміз үшін тарихи күн! Өз тағдырын елінің тағдырымен байланыстырған, халқының бағына туған ұлы перзент – Тұңғыш Президентіміздің есімінің ел тарихында алтын әріптермен жазылатыны анық, Көкпекті ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлестеріңіз үшін Сіздерге айтар алғысымыз шексіз. Сіздер қандай да болсын сый-құрметке лайықсыздар!, - деді аудан басшысы Асхат Сайдахметұлы.
Ардагерлерге құрмет көрсетуді басты мақсат еткен шараның басында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сләмбек Мұқашев, Самар ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Айдархан Садықов, маслихат хатшысы Талғат Сарманов, аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдин, ішкі саясат бөлімінің басшысы Бек Нұғыбаев және мәдениет саласының қызметкерлері жүрді. Олар жиналғандарды мерекемен құттықтай отырып, аға буынның аман-есен жүріп, жас ұрпақ тәрбиесіне үлес қоса берулеріне тілектестігін білдірді.
Өмірдің түрлі белестерінен өтіп, бүгінге аман жеткен ардагерлер аса көп нәрсеге мұқтаж емес. Олардың қажет ететіні кейінгі буынның елеп, ескеруі, қадір-құрметі ғана. Әрқашан елді игілікке үндеп, ақ батасын беріп, қоғам мүшелеріне жол көрсетіп келе жатқан ардагерлер бас қосқан жиын келелі кеңеске ұласты. Елге тұтқа болып отырған Фрунзе Жақсылықов, Мұқан Ағзамов, Сайлау Күдербаев бастаған қариялар тағылымды әңгімелерін айтып, көрсеткен құрметі үшін аудан әкіміне шын пейілден ризалықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Осылайша, өмірі өнегеге, тағдыры тағылымға, ғұмыры ғибратқа толы ардақты ардагерлерге сый-құрмет көрсетілді. Саналы ғұмырын ел игілігіне арнап, еліміздің тәуелсіздік алуына, оның өркендеп өсуіне елеулі үлес қосқан аға буын ардагерлерге қамқорлық жасау, қолдау көрсету ешқашан толастамақ емес.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.