Аудандық Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен қараша айының 9 күні қайырымдылық айлығына және ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған мерекелік концерт өтті. Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні қараша айында аталып өтіледі. Ауылшаруашылық қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өту дәстүрі кеңес уақытынан бері сақталған. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де, сол дәстүрді сақтап, 1998 жылы қараша айының үшінші жексенбісін ауылшаруашылық қызметкерлері күні деп бекітті.
Концерт Толғанай Айдынова жетекшілігімен «Толағай Сазы» фольклорлық ансамблі қазақтың әйгілі күйші композиторы, дирижеры Нұрғиса Тілендиевтың «Ата толғауы» туындысымен ашылды.
Ансамбльдің музыкалық сүйемелдеуімен «Романсиада» халықаралық байқауының жеңімпазы Шамиль Ибраев «Ақ сиса», дәстүрлі әндер орындаушысы Бұлбұл Өмірсерік «Қымыз Құйғыш» әндерін шырқады.
Республикалық «Жас қанат» конкурсының лауреаты Айдана Есполованың орындауындағы «Оянған сезім» әнін тыңдаушылар жылы қабылдады. Бұдан басқа, сахна төріне «Ассалаумағалейкум» әнін тарту еткен вокалдық триосы көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Нарқыз Оспанова бастаған бишілер тобы көрермендерді мың бұралған әдемі қазақ биімен қуантты.
Ал, мәдениет үйінің еңбек сіңірген әртісі Жанабай Хасенов ешқашан ескірмейтін «Вальс» атты композициясын тарту етті. Қазақ халқының ертеден бері келе жатқан төл дәстүрін терең меңгеріп, ұмыт бола бастаған ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен «Аманат» шығармасын орындаған этно-фольклорлық ансамблі көрермендер қошеметіне бөленді. «Позови» лирикалық композициямен шыққан жігерлі жас әнші Данияр Болатпеков көрерменді бір серпілтіп тастады. Сондай-ақ, залда отырған ән сүйер қауымды ән мен жырға бөлеген ауданның өнер майталмандары Шамиль мен Айнұр жиналғандардың көңілін бір көтеріп тастады. Бұл концертте қазақ, орыс әндерінен попури шырқаған мәдениет саласының ардагерлері, сахна саңлақтары Гүлзира Аткешова, Клара Садуақасова, Жанабай Хасенов, Қанат Бекмолдиннің орындаулары да көрермен көңілінен шықты. Қазақ халқының ерекше сүйіспеншілігіне бөленген. Ән басталған сәтте-ақ, барлығы жатқа айтып, қосыла жөнелетін бірегей әндердің бірі Атамекен шырқалғанда көрермен қауым аудандық өнерпаздарымызға қошеметтерін көрсетті.
Қапиза Жұмагелдина, ауыл тұрғыны, зейнеткер:
- Концерт маған өте ұнады. Бүгінгі концертке немереммен келдім. Егер осындай іс-шаралар жиі өткізілсе, керемет болар еді. Бүгін әсем әуен, әдемі кеш сыйлаған мәдениет қызметкерлерлеріне еңбектерін жемісті болып, халықтың алғысына бөліп жүре беріңдер дегім келеді.
Ақмарал Төлегенова, ауыл тұрғыны:
- Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйінің әншілері бүгінгі концерттік бағдарламаларымен өнерге сусындап отырған ауыл тұрғындарының көңілдерін бір көтерді. Концерт жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырылған концертке көрермен көп жиналса, олардың мерейлері үстем болар ма еді? Концертті ұйымдастырушы мәдениет үйінің ұжымына алғысым шексіз.
Шолпан АСЫЛБЕКҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.