Ағымдағы жылдың 18-22 қазанында Астана қаласында «Nomad MMA» жауынгерлік өнерінің қазақстандық түрі бойынша VIII халықаралық «Боец Азии» турнирі өтті. Турнирге Көкпекті ауданынан 12 жас споршы қатысып жүлделі орындарды алып келді.
Астана қаласында «Nomad MMA» спорт түрінен Азия чемпионатының жалауы желбіреді. Байрақты бәсекеде 10 елден, яғни Пәкістан, Иран, Үндістан, Бангладеш, Ресей, Ауғанстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстаннан 500-ден астам спортшы бағы мен бабын сынады. «Nomad MMA» - спорт түрі әлемнің 14 елдерінде өте жақсы дамыған. Біле білсеңіздер, аталған жекпе-жектің негізі Қазақстанда қаланыпты.
10 мемлекеттің кіл мықтылары жұдырық түйістірген додада біздің Көкпектілік оғландарымыз халықаралық турнирден олжамен оралды.
Олар Көкпекті орта мектебі мен Сарыбел ауылындағы Ново-Тимофеевка орта мектептің оқушылары.
Турнирде жерлестеріміз намысты қолдан бермей, жеңісті жолдан жаңылмады. Нәтижесінде сайыпқырандарымыз ІІІ орынды Ирак Аманжолов (Көкпекті орта мектеп), ІІ орынды Темірлан Амангельдинов (Көкпекті орта мектеп), Расул Қасымов (Ново-Тимофеевка орта мектеп), ал қыздар арасынан Жанель Ахметжанова (Ново-Тимофеевка орта мектеп) І орынды ауданның қоржынына салды.
Сондай-ақ, Руслан Нұрланұлының шәкірттері 26-29 қазанда Павлодар қаласында панкратион грэпплинг спорты бойынша ашық облыстық чемпионатқа қатысып, төмендегідей нәтиже көрсетіп қайтты. І орынды Ерасыл Жеңісов, Елдар Ермеков, Ирак Аманжолов алса, ІІ орынды Бекзат Қайырханов, Нұрзат Ермекбаев, Денияр Галиев қанжығалап аудан спортының мерейін өсіріп қайтты.
Шәкірттерін үкілеп сайысқа дайындаған жаттықтырушы Руслан Жүнісов пен Төлеген Қалиевтің еңбегі зор. Олар күндіз-түні тынымсыз жаттығудың нәтиже бергеніне қуанышты. Жаттықтырушы Руслан мен Төлеген турнир жайында өз ойларын білдірді.
Руслан Жүнісов, Көкпекті орта мектептің дене тәрбиесі мұғалімі:
- Турнир тартысты өтті, спортшылар жоғары дайындық деңгейін, қарсыластарға қатысты құрметті қатынасты, ерік-жігер және жеңіске деген ұмтылысты көрсетті. Сайыстардың әр қатысушысы өз елін лайықты танытты. Мен өз шәкірттеріме олардың ата-аналарына алғысым шексіз.
Төлеген Қалиев, Ново-Тимофеевка орта мектептің АӘД пәні мұғалімі:
- Астана қаласында өткен халықаралық деңгейде өткен спорт сайысына қатысып, жеңіспен оралғанымызға қуаныштымын. Спортты серік еткен шәкірттеріме, олардың ата-аналарына, мектеп директоры ГауҺар Бектасыноваға, Сарыбел ауылдық округі әкімі Аслан Жапарқұловқа ризашылығымды білдіргім келеді.
Сөз соңында, марапат иелерін шын жүректен құттықтап, алдағы уақытта өтетін спорттық додаларда биік межелерден көрінулеріңізге тілектестігімізді білдіреміз.
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.