Апта басында ауданға Қазақстан Республикасы Мәжілісі депутаты, Парламент Мәжілісінің аймақтық даму және эко-номикалық реформа бойынша комитет төрағасы Нұртай Салихұлы Сабильянов жұмыс сапарымен келді. Аудандық әкімшіліктің мәжіліс залында өткен шараға Көкпекті ауданының әкімі Асхат Сайдахметұлы Смаилов, аудан әкімінің орынбасарлары, сондай-ақ, аудан активі, жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, аудандық маслихат депутаттары, ардагерлер мен мемлекеттік емес ұйым мүшелері қатысты.
Жиында сөз алған мәжіліс депутаты Нұртай Салихұлы Елбасының әлеуметтік жаңғыру жолында ауқымды қадам жасауға бағытталған 5 әлеуметтік бастамасы барша қазақстандықтарды бір серпілткенін айта келе, әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие көлемін арттыру, сондай-ақ, елді газбен қамтамасыз ету ісін жалғастыру жөніндегі бастамалардың халықтың игілігіне арналған нағыз ұтымды жобалар екендігіне кеңінен тоқталды.
– Құрметті, Көкпектілік жерлестер, Президент Жолдауларын толықтыра түскен маңызы зор бес бастаманы баршаңыз оқып, зерделеп білдіңіздер. Біздің міндет – жөнін айту. Қазір нағыз білім бәсекесінің заманы. Сол үшін жастардың білім алуына барлық жағдайды жасау, оның ішінде жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі бастамадан ойып орын алды. Жатақхана оқу сапасын арттырып қана қоймайды, достықтың негізін қалайды, жастар ортақ пікір бөліседі. Ал, «7 – 20 – 25» бағдарламасын сәтті жүзеге асыра білсек, әлеуметтік ахуалдың жақсаруымен бірге, тұрғын үй құрылысының дамуына, сондай-ақ, экономиканың өсуіне зор мүмкіндік туады. Шағын несие беруді көбейту, әсіресе, ауылдық жердегі азаматтарға үлкен қолдау. Олар өз кәсіптерін бастауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, салықты көтермей, керісінше, салыстырмалы түрде жалақысы төмен азаматтардың жағдайына көңіл бөлу де – халыққа көмектің бір түрі, – деп өз пікірімен бөлісті.
Бүгін ортамызға келген халық қалаулысының мақсаты да Президент Үндеуіне байланысты халықтың пікірін біліп, көкейлеріндегі сауалға жан-жақты жауап беру болды.
Кездесу барысында Үлкенбөкен ауылдық округінің әкімі Н.Назарханов «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша туындап тұрған мәселенің шешімін табуға көмек жасауын сұрады. Ал, ауыл ақсақалы Нұрсапа Құмарұлы Орасаев: «Көрші ауданымыз Зайсан өңірінде газдандыру жүріп жатыр. Бізде бір баллон газ 2000 теңге тұрады және қыста отын-көмірдің бағасы да қымбат. Ал, Зайсан ауыл тұрғындары газбен қамтамасыз етілген, біздің ауданымызда қысқы отын қымбат бізде газ болса екен деген тілегін айтты.
Көкпекті жастары атынан шыққан депутат Дархан Дюсембаев: -Құрметті Нұртай Салихұлы және кездесуге қатысушылар! Мен сізге аудандық маслихаттың депутаты ретінде, аудан жастарының бір өтінішін жеткізгім келіп отыр. Нұртай аға, өзіңіз білесіз Көкпекті ауданының орталығы болып саналатын Көкпекті ауылы Спорт кешені жоқ аудандардың бірі болып саналады. Барлық аудандарда тіпті көршілес аудандар Жарма, Қалбатауда спорт кешені бар. 2014 жылы жобалау-құжаттары жасалған болатын бірақ оның уақыты өтіп кеткен соң, кезінде қаражат бөлінбегендіктен шешілмей қалды. Біздің ауданымыздың спорттан жетістіктері өте көп, мысалы осы жуықта бір баламыз Азия чемпионы, енді бірі Әлем чемпионының жүлдегері болып келді. Сондай-ақ, командалық спорттан да жетістіктеріміз де бар. Аудан орталығындағы екі мектептің спорт залдарына барып мектеп оқушыларымен бірге спортпен айналысқан олардың оқуына кедергі келтіреді.
Сол үшін сіздің, беделіңізді, ықпалыңызды ескере отырып жоғарғы жаққа осы мәселені көтеріп оңтайлы шешім жасауға көмек беруіңізді сұраймын, - деп Көкпекті жастары атынан тілегін жеткізіп, сенім білдірді.
Оларды тыңдаған Мәжіліс депутаты өз құзыры жеткенше сауалдардың шешімін табуға көмек қолын созатындығын және айтылған ұсыныстарды тиісті Министрлік алдына қоятындықтарын айтты.
- Құрметті жерлестер сұрақтарыңызға жауап беруге рұқсат етіңіздер. Алғашқы сұрақты қойған Құмар ағаның өтініші газдандыру бойынша сұрағы өте орынды. Газды өңдіру кезінде Қазақстан мемлекеті Қытаймен келісім шарт жасасқан болатын. Сол шартта жалпы, ШҚО облысын да қамтамасыз ету қарастырылған. Бірақ, та қазіргі таңда сол шарттың баптары толықтай орындалмай отыр. Тек қана, Зайсан ауданы ғана газбен қамтылған, бірақ бұл жүйе біртіндеп ақырын ақырын іске асуда. Осы бағытта тиісті орындар бірлесе жұмыс істесе, уақытында шешімін табады. Ал, екінші сұрақ бойынша тоқталып өтетін болсам, бұл несиенің мәселе ШҚО бойынша ушығып тұр десе де болады. Жалпы несие алған кезде, шарттар жасалып қол қойған болатын. Несиені алған азаматтар шарт бойынша алған міндеттерін, несиелерін уақытында орындамағандықтан осындай жағдай болуда. Тағы бір тоқталатын, жағдай сол несиені алған азаматтар мен азаматшаларды бақылап отыратын жергілікті билік орындарының өз міндеттеріне салғырттығы. Мәселен, Тарбағатай ауданында несие алынып олар уақытында қайтарылып отырып, ешқандай мәселе туындамаған. Ұзын сөздің қысқасы, қарызды бәрібір қайтаруымыз қажет. Келесі Дархан бауырымыздың сұрағы бойынша тоқталып, өтсем қайтадан жобалау сметалық құжаттарды дайындап, жоғарғы жаққа шешімін табуға қарастырамыз. Ел ертеңі жастарымыз сондықтан да, оларды қолдау біздің міндетіміз, - деп ойын түйіндеді Нұртай Салихұлы.
Халық қалаулылары одан соң, Көкпекті ауылындағы су құбырларын тарту жұмыстарымен танысты, сонымен бірге, аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Шығыста маңызды құжаттарды ел арасында түсіндіріп жүрген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновтың жұмыс сапары Самар ауылдық округінде жалғасты.
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.