«Нұр Отан партиясы» Көкпекті аудандық филиалы қоғамдық қабылдауында Қазақстан Рес-публикасы Парламент Мәжілісінің депутаты «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Петр Шарапаевпен кездесу өтті. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдин, «Нұр Отан» партиясы Көкпекті аудандық филиалы кеңесшісі Гүлбаран Ақшабаева, ішкі саясат бөлімінің басшысы Бек Нұғыбаев қатысты.
Алғашқы болып аудандық ардагерлер кеңесінің, Қоғамдық кеңестің төрағасы Сләмбек Мұқашов «Көкпекті ауданын табиғи газбен қамтамасыз ету» туралы сауалын қойды.
- Егер аудандағы тұрғындар үйіне газ келетін болса, экологиялық тазалық та реттеліп, қымбат көмір сатып алмай жанұя бюджеті үнемделіп, ауылдан жастар кетпей демографиялық жағдай жақсарып, талай түйінді мәселені шешер едік. Көкпекті ауданына газ жеткізілсе деген бұйымтай ардагерлер ұйымы біріктірген төрт мыңнан асатын мүшелердің тілегі, елдің өтініші, халықтың қалауы, - деді ақсақал сөзін аяқтай. Ел ағасын мұқият тыңдаған Петр Анатольевич, бұл мәселенің Үкімет деңгейінде шешілетінін, депутаттық сұраным жолдап, мәселенің мәнін қалай ашуға болатынына көмектесетінін білдірді.
Ауыл тұрғыны Қайрат Малғаждаровтың сұрауы да осы тектес болып, аудан аумағынан теміржол желісін өткізудің қаншалықты мүмкіндігі бар екені сұралды.
- Егер Көкпекті ауданы территориясынан өтетін темір жол торабы өзін-өзі ақтаса, экономикалық тиімді болса, мамандар әлі қарастыруы мүмкін. Бұл болашақтың ісі болар, - деп жауап берді халық қалаулысы.
Көптен бері аудан орталығы жастарының шешуін таппай келе жатқан мәселесі – дене шынықтыру сауықтыру кешені туралы сұрақты төтесінен қойған Азамат Қалықов жиналған көпшіліктің ойын дөп басты. Бұл сұраудың шешімін Білім және ғылым министрлігіне депутаттық сауал жолдап, соның жауабы негізінде мәселенің шешімін одан әрі қарастыруға депутат уәде берді.
«Жұлдыз – Новая жизнь» газетінің бас редакторы, аудандық маслихаттың депутаты Дархан Дюсембаев әлеуметтік желілерді заң жүзінде қатаң бақылауға алуды айтты. Мәселенің өзекті екенін түсіне отырып, «Мәжіліс депутаттары бүгінгі таңда бұл сұрақты да жіті назарда ұстауда, нәтижесін алдағы жылдардан тосамыз», - деді болашаққа үмітпен қараған Шарапаев мырза.
Ауданның ең бір қордаланған маңызды мәселелері Сәулет, құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі саласындағы аудан бойынша тұрғын үй құрылысы, ауылдық округтер арасындағы аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу, оларды жыл бойына күтіп ұстау туралы сұрақтарымен бөлім басшысы Қайрат Жылқышев бөлісті.
Ауыл тұрғындарының басты уайымы – жаздағы мал жайылымы мен оған деген қыс мезгіліндегі жем-шөп қорын жасау. Осы сұрақты көтере отырып аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Жұмабек Бахтинов:
- Біріншіден, елдімекендер шекарасы мен елдімекендерден тыс аумақтарда жайылымдық және шабындық жердің қоры жасалмаған. Елдімекенде жекеменшік малды ұстаудың заңды ережесі жоқ. Жазғы жайылымдарға жер бөлінсе де, жергілікті тұрғындар әлі малдарын жайлауға шығармайды, осының салдарынан ауылдар маңы тақырға айналып барады.
Екіншіден, аудан бойынша жеке үй құрлысы тіпті де дамымай отыр. Мұның басты, себебі жобалық сметалық құжат пен пайдалану актісінің қымбаттығы. Жастарға арналған үш бөлмелі үйді қора-жайымен салу үшін жарты миллиондай қаражат төлеуі керек. Жаңа үйленген жастар мұндай қаржыны қайдан тапсын.
Үшіншіден, шаруа қожалықтары жалға алған жерлерінде шаруашылыққа қажетті ғимараттар - мал қорасы, астық сақтайтын қойма салу үшін, олардың орнын жаңадан ресімдеуі керек. Бұл да қыруар қаржы талап ететіндіктен, мәселе ауыл кәсіпкерлігін өркендетуге зор тосқауыл болып тұр.
Әріптесінің сұрағын бұдан әрі дамытқан аудандық малдәрігерлік бөлімі басшысы Ербол Төлешов малдәрігері мамандарының әлеуметтік қорғалуы, ветеринарлық кеңселердің талапқа сай еместігі туралы айтты.
Сұрақтарды зор ынта, ерекше ықыласпен тыңдаған Мәжіліс депутаты сауал қоюшылардың баяндалған жайларды жазбаша түрде жолдауларын өтініп, өтініштерді қарау тәртібі бойынша қолданыстағы заңға сәйкес жауап беретінін айтты.
Қайрат Бесбайыс
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.