Ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұғыбаев Бек Назарбекұлымен болған мазмұнды сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. Тұшымды сұхбат Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасын жүзеге асыру және алдағы жоспарлар тақырыбында өрбіді. Ішкі саясат бөлімінің басшысы алдымен бағдарламалық мақаладан туындаған міндеттер төңірегінде ой қозғады. Елбасының бұл бағдарламасы – мемлекеттік идеологияны анықтайтын басты саяси құжаты болып табылатынын және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Көкпекті ауданында іске асыру жұмыстарының өзектілігін атап өтті.
Бек Назарбекұлы: Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Маңызды бағдарлама аудандағы бірқатар ауқымды шаралармен тұспа-тұс келді. Бұл – үлкен серпіліс болды деп ойлаймын. Көкпекті ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асыру бойынша аудандық жоспар бекітіліп, бағдарламаны жүзеге асыру бойынша аудандық штаб құрылды. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде өткен жылдың өзінде аудан көлемінде 44 миллион теңге соманы құрайтын 8 ірі жоба жүзеге асты, - деді.
«Рухани жаңғыруға байланысты біздің бабаларымыз бен тарихымызды қайта жаңғырту мәселесі сынды нақты қадамдар жасалды. 2017 жылдың 16-17 қыркүйек күндері белгілі батыр , атақты қолбасшы Уақ Бармақ Батырды еске түсіруге арналған шаралар кең ауқымда өткізілді. Демеушілердің бастамасымен Биғаш ауылдық округі аумағындағы Батыр бейітінің басына көрнекті құлпытас және Көкпекті ауылының орталығына айбынды кеудемүсін орнатылды. Қазақ тарихында өзіндік орны бар Батыр бабаның рухына бағышталған шараларға ұрпақтары бастап, еліміздің 7 облысынан, тіпті көршілес Қытай мемлекеті мен Ресей Федерациясынан келген елжанды азаматтар атсалысты.
Танымал айтыскер, шежіреші, жазушы, журналист, ақын Қалихан Алтынбаевтың 90 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар топтамасы республикалық ақындар айтысымен түйінделді. Тарихи-өлкетану мұражайда ақынға арналған зал ашылып, өзінің атындағы мәдениет үйінің алдына орнатылған Кеудемүсіні салтанатты жағдайда ашылды. «Жыр тұнған жағасында Көкпектінің» атты республикалық ақындар айтысын Жүрсін Ерманның өзі басқарды. Аузымен құс тістеген арқалы ақындар Ринат Зайытов, Рүстем Қайыртайұлы, Оңғар Қабден, Тоба Өтепбай,Марат Ахметов, Аспанбек Шұғатаев, Серік Қуанған, Нұрлыбек Құрманов, Жасұлан Мақаев, Манарбек Сатыпалды көрерменнің айы-зын қандырып, жыр додасының көркін қыздырды. Қалихан айтысында төрелік еткен Қонысбай Әбілов, Серік Қалиев, Аманжол Әлтаев, Нұржан Қуантайұлы, Дәмеш Омарова сынды белгілі ақындарға жергілікті халықтың ықыласы ерекше сезілді. Жерлес ақынның мерейтойын осындау кең ауқымда өткізуге әрбір көкпектілік үлесін қосты десек те болады. Жомарт жанды кәсіпкерлер бастап, мекеме және ұйым қызметкерлері қоғамдық қорға қаржылай көмек көрсетті. Елдің береке – бірлігін нығайта түскен шара көпке дейін Көкпекті жұртының санасында жаңғырып тұрары анық.
Бұның барлығы Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына қосқан үлесіміз деп ойлаймыз» - деді, сұхбат кезінде ішкі саясат басшысы атқарылған жұмыстарды таныс-тырып.
Сонымен бірге, бірқатар өнегелі шаралар тілге тиек етілді. Соғыс ардагері Сағидолла Ағзамовты еске алуға арналған облыстық волейбол турнирі жылдағы дәстүрге сай жалғаса бермек. Қолы ашық жерлестер туған еліміздің гүлденуіне айрықша үлес қосып жатыр. Оның ішінде Шұғылбай ауылының жолдарын жөндеп берген Төлеухан Ахмадиев, Тассай ауылындағы Әуезов мектебіне спорт киімдерін сыйлаған Нұржихан Абдрахманова, «Өрнек» балабақшасын ел игілігіне ұсынған Ержан Қойгелдин, туған ауылына «Әлем барысы» Айбек Нұғымаровты қонақ қылып, жастардың жанарына жалын құйған Марат Каликов сынды жерлестердің есімін абыроймен атаймыз.
Бөлім басшысының айтуы бойынша биылғы жылы аталмыш бағыттағы жұмыстар тың қарқынмен жүргізілмек. Аудан әкімі Рамиль Сағындықов тұрғындар алдындағы жыл сайынғы есептік кездесулерінің барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға ерекше назар аударып, бірқатар нақты тапсырмалар да берді. Бірнеше жобаға арнайы қаражат бөлгізіп, орындалуына тікелей бақылау жасап отыр. Ерекше қуантарлық жағдай – Алаш қайраткерлерінің есімі ұлықталмақ.
«Алаш атты әскерінің қолбасшысы Хамит Тоқтамысовтың бейітіне белгі тас қойылып, рухына құран бағышталады. Ұлттың мүддесі үшін жанын құрбан еткен арысымызды еске түсіріп, есімін өскелең ұрпақ жадында жаңғыртпақпыз. Сондай-ақ, Алаш қайраткерлері Биахмет Сәрсенов пен Отыншы Әлжановтың есімдері де ұмыт қалмайды.
Есімдері Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтармен бір қатарда аталатын Биахмет Сәрсенов пен Алаш қыраны Отыншы Әлжанов ұлт мүддесi жолында қалтқысыз қызмет еткен қазақ зиялылары. Олар қысқа ғұмырында азаттық үшін күрестегі елеулі еңбегiмен ел жадына өшпестей iз қалдырды. Көкпекті топырағында із қалдырған қайраткерлердің тарихи тұлғасын зерттеу болашақтағы үлкен істің бірі.
Ақ түтек боранымен ел аумағына таныс Байбура асуына ұрпақтары бабасының белгісін орнатпақ. «Байбура ата» естелік тақтасы қойылып, жолаушылар аялдайтын бекет көріктендіріледі. Есімі негізінен осы бір тылсым табиғат құбылысымен таныс Байбура бабаның өмір жолы мен бейітіне қатысты тың деректер қызу іздестіріліп жатыр. Туған өлке тарихына бейжай қарамайтын барлық жерлестеріміз де бұл іске атсалысса дейміз.
Мәдениет саласында «Альтаир» вокалды аспаптық ансамблін құру жұмыстары жыл басынан басталып кетті. Тау тасына тарих тұнған шежірелі өлкеміздің киелі орындары анықталып, заманауи интернет жүйесімен картаға енгізілмек. Өлкеміздің бай тарихи өткені көптеген қорғандарда, тас мүсіндерде, таңбалы тас жазбаларында бейнеленген. Бұлар өз кезегінде ашық аспан астындағы мұражай болып табылады. Көкпекті ауданының аумағында олардың саны мыңдап саналады. Алдағы міндет осындай тарихи мол мұрамызды мемлекет қорғауына алу. Ғалымдар Қаракезең асуындағы, Егінбұлақ маңындағы Бүркіт тауындағы петроглифтерді біздің заманымызға дейінгі II мыңжылдықтан бастап ары қарай - біздің заманымыздың орта ғасырларына тән деп есептейді. Жартастағы суреттер ежелгі тарихқа үңілетін мүмкіндік болып табылады. Тасқа бейнеленген суреттер ежелгі адамдардың өмір салтын көрсетеді. Бұл бүгінде бізге жеткен бабаларымыздың ізі, сондықтан да оларды сақтап қалуымыз парыз.
Екінші жартыжылдықта аудандық «Жұлдыз – Новая жизнь» газетінің қосымшасы ретінде «Kokpekti» қоғамдық танымдық журналы жарыққа шығады. Ай сайын бір саны жарияланатын журналдың мақсаты өңірдің өткенін түгендеп, тарихын қағазға түсіру. Замандастар келбетін ашып көрсетете отырып, ауданның өмірінен хабар тарату болмақ.
Бек Назарбекұлы: «Нұрсұлтан Назарбаев қазақ әліпбинің латын графикасына негізделген нақты нұсқасын бекітті. Жаңа алфавитте 6 әріптің төбесіне үтір қойылған және бірнеше әріп біріккен. Президенттің жарлығына сай, келесі жылдан бастап мектептер пилоттық жоба ретінде осы алфавитке көшеді. Латын әліпбиіне кезең-кезеңмен үйрету орталықтары аудан бойынша әрбір округте жұмысын бастайды. Тұрғындардың жаңа әліпбиге жылдам бейімделу бағытында Жастар орталығымен «Латынша жаз» атты әлеуметтік желі жобасы тиімді болады деп күтілуде.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы ономастика саласына тікелей қатысты әрі осы саладағы көп уақыттан бері шешімін таппаған түйткілдердің тарқауына септігін тигізеді деген сенім мол. Ұлттық сананы өрістету, оны жаңғыртуда жер-су атауларының маңызы мен орны ерекше.
Ең алдымен біз елін, жерін, халқын шын сүйетін ұрпақ, қалың қауым тәрбиелейміз десек, әуелі тарихи санамыз жаңғыруы керек. Қазақтың ертеңгі ұрпағы ең әуелі осы елдің, осы кең байтақ жерді қалай иеленгенін, бұған қанша қан төгіліп, қанша тер сіңгенін, мұндай ұланғайыр даланы біздің ата-бабаларымыз қалай сақтап қалғанын, бұл даланы бізге өсіп-өну үшін аманаттап кеткенін, осы дархан даланың әр қарыс жері үшін батырларымыздың, хандарымыз бен билеріміздің қасық қаны қалғанша қалай күрескенін бүгінгі ұрпақ білуі керек. Соны бүгінгі ұрпақтың бойына сіңдіру басты мәселелердің бірі, - дейді.
Сөз соңында: «Ұлттық рух бар жерде рухани жаңару күш алады. Мемлекет басшысы мақалада атап көрсеткендей ұлттық сана, ұлттық код рухани жаңарудың түп қазығы, ұлттың негізі арқылы жеке адамның, халықтың, елдің уақыт талабына сай ізденуі, еңбек қоғамын құруы, уақытты, еңбек пен білімді, денсаулықты қатар бағалап, қатар қорғай алған қоғам ұлттық рухымен мемлекетіне, қоғамына, еліне игілік әкелетін дүниелерді қалыптастырады, - деп түйіндеді Бек Назарбекұлы.
«Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс» - деп Елбасымыз айтқандай, біз де уақыт талабына сай әрекет етсек, ісіміз бағалана түсетіні анық. «Рухани жаңғыру» қоғамда үлкен серпіліс туғызып, ұлттық сананың жаңаруына әкелді. Бастысы, Көкпектіге ұлттық рух әкелді!
Сұхбатты жүргізген
Дархан Бердібек
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.