Қазақ поэзиясының тарихында өзіндік орыны бар, дарынды да парасатты ақындардың бірегейі, қаламы жүйрік, ойы ұшқыр, табиғатынан сезімтал ақын, әдеби жанрлардың қай түріне қалам тербемесін өзінің қолтаңбасына тән ой еркіндігімен, ел тарихы сырына жүйріктігімен дараланған Қалихан Қалиасқарұлы Алтынбаевтың мерейтойы аудан көлемінде жоғары деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру арқылы аталып өтті. Көкпекті аудандық тарихи-өлкетану мұражайында ақынға арнайы зал ашылып, мәдениет үйінің алдында кеудемүсіннің орнатылуы, ақын рухына құран оқытылып, үлкен ас берілуі, аламан айтыс ақындарының жыр додасы да ақын атамыздың мерейтойына арналды.
Мерейтойға арналған алғашқы іс-шара Көкпекті аудандық өлкетану мұражайында бастау алды. Мұражайда ақынға арналып арнайы зал ашылды. Салтанатты кештің шымылдығын мұражайдың қызметкері Клара Рафикқызы Смаилова құттықтау сөзбен ашты:
- Көкпекті ауданының 80 жылдық мерейтойында ашылған тарихи-өлкетану мұражайында Қалихан Алтынбаевқа бұрыштама арналса, ал бүгін ақынның мерейтойына үлкен зал ашылып отыр. Бұл залда 300-ден астам экспонаттар жиналған: қолжазбалары, арнаулары, айтыстары, өмірбаяндары, кітаптары, газет бетіне шыққан мақалалары, өз мұрағатындағы құжаттары, хаттары, фотосуреттері, домбырасы сақталған. Сонымен қатар, Қалихан атамыздың жеке заттарын және өмірлік жолынан сыр шертетін заттарын ұсынған ақынның ұлы Қалыбай Қалиханұлына және туған-туыстарына ризашылығымды білдіремін, - деді. Аталмыш шарада Көкпекті ауданы қоғамдық кеңестің төрағасы Слямбек Мұқашев, Көкпекті ауданының құрметті азаматы Мұхамедолла Сағидоллаұлы Ағзамов және Семей қаласынан арнайы келген ақынның шәкірті Бейсен Аханов, Құралай Төлебаева, ақынның қызы Алмагүл Қалиханқызы жүрекжарды тілектерін білдірді. Ал, филология ғылымдарының кандидаты Құралай Төлебаева мұражайға Қалихан Алтынбаевтың шығармаларын зерттеу жұмысы жазылған кітабын сыйға тартты.
Өмірі өлең, бөлек бір әлем қара өлеңнің қасиетін арттырған ақиық ақын аман болса, биыл 90 жасқа толар еді. Ақынның туған күніне орай ұйымдастырылған шара мәдениет үйінің алдына арнайы қойылған кеудемүсіннің ашылу салтанатымен ұласты. Мәдениет үйінің алдында Толағай сазы ұлттық аспаптар оркестрдің орындауындағы «Сарыарқа» күйімен басталған мерекеге халық лық тола жиналыпты.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған игілікті шараның алғашқы құттықтау сөз кезегі Көкпекті ауданының әкімі Рамиль Нығметжанұлы Сағындықовқа берілді.
- Қайырлы күн құрметті жерлестер, қадірменді қонақтар! Қасиетті Толағай таудың баурайы – елге құт, дертке дауа, жанға сая, қазыналы да киелі аймақ. Бұл өңірден еліне қорған, жұртына айбар болған талай-талай намысты ұлдар, айбынды батырлар, әйгілі тұлғалар қанаттанып ұшқан. Қарабұжыр Қалбада, Толағайдың төрінде айтыстың алқынбас ақтаңгері, ардақты ардагер азаматымыз - Қалихан Қалиасқарұлы Алтынбаевтың 90 жылдық дүбірлі мерейтойы аталып өтуде. Бүгінгі тойдың, кешенді шаралардың, аламан айтыстың ақын атына лайық, азамат атына сай екені шүбәсіз. Өзі жырлап өткен Толағайдың төрінде ақын бейнесі асқақтап тұрса, ел-жұрты, оқырмандары Қалиханды ұмытпағаны. Бұл біздің аудан үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін ерекше оқиға, - деді.
Келесі құттықтау сөз кезегі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты Жүрсін Ерман, «Теректі» шаруа қожалығының басшысы, жомарт жүректі азамат Қанат Бидахметұлы Садықов, ақынның төл шәкірті, Семей «Халықтық» ақындар орталығының жетекшісі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Дәмеш Омарбаева және Қалихан Алтынбаевтың ұлы Қалыбай Қалиханұлына берілді.
Сондай-ақ, Қалихан Алтынбаевтың 90 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Республикасы Сенат Депутаты Мусин Дүйсенғазы Мағауяұлы жолдаған құттықтау жеделхаты оқылды. «Құрметті көкпектіліктер! Тамаша жазушы, дара ақын Қалихан Алтынбаевтың 90 жылдығына орай, сіздерді шын жүректен құттықтауымды қабыл алыңыздар! Қалихан Қалиасқарұлының шығармашылық жолы соңынан өсіп келе жатқан болашақ ақындар үшін жарқын үлгі болсын. Олар Қалихан аталарындай туған елі мен жерін жан-тәнімен сүйетін азаматтар болып өссін!», - делінген жеделхатта.
Бұл күні Қалихан ағаның жүрекке сезім ұялатқан жырлары насихатталды. Дәлірек айтқанда ақынның ауданында өткен 90 жылдық мерейтойы әдебиет әлемінен сыр ұқтырды.
Қалихандай ақынды дәріптеу арқылы қазақ поэзиясын дәріптейміз. Қалихандай ақындарды көтеру арқылы қазақтың қара өлеңін көтереміз. Сондықтан да осындай шараларды істеу арқылы біздің мәдениетімізді жаңа деңгейге көтеру, рухани дүниемізді қайта жаңғырту бүгінгі біздің басты міндеттеріміздің бірі. Өткенін өнеге тұтып, бүгініне береке тілеп, ертеңгі күніне үлкен үміт артатын қазақтай дархан халықтың ұрпағы аман болсын! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын!
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.