«Біздің нағыз жаңа жылымыз осы Наурыз мейрамы болуы қажет» Н.Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
Көктемгі күн мен түннің теңелген уақытын тойлау дәстүрі түркітілдес Шығыс халықтары арасында ертеден – Ислам діні қабылданғанға дейінгі кезеңнен бастау алады. Шуақты көктем мерекесі Наурыз мейрамы – түркі халықтарының көпшілігі үшін тіршіліктің бастауы, табиғаттың жаңаруы, мейірімнің, махаббаттың, молшылықтың және бауырмалдықтың нышаны. «Наурыз мейрамы» Қазақстанда 2001 жылдан бері мемлекеттік мереке ретінде атап өтіледі.
Жер аяғы кеңіп, көктемнің ұлық мерекесі – Наурыз да келіп жетті. «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!» деген баталы сөздерден өз бастауын алатын мейрамның игілігі мен қуанышы ерекше. Тамырын тереңге жайған осынау мереке тазалық пен татулықтың, береке мен бірліктің тұғырын нығайтып, адамдарды шаттық пен қуанышқа кенелтеді. Айтулы мерекені көкпектіліктер де асқан ұйымшылдықпен тойлап өтті. Ұлыстың Ұлы күнi - Наурыз мейрамына арналған салтанатты мерекенi аудан әкiмiнің міндетін атқарушы Ерлан Қабайұлы Қалдыбаев ашты. «Ұлыстың Ұлы күні достық пен татулық насихатталып, ақ тiлектер айтылады. Халқымыздың тарихымен сабақтас осынау мерекенiң мән-мағынасы өте зор. Тәуелсiздігімізбен қайта оралған Наурыз мейрамы бiрлiгiмiз бен татулығымыздың, салт-дәстүрiмiздiң, тiлiмiз бен дiнiмiздiң дамуына себепшi ұлы мерекеге айналып отыр. Егеменді елімізде бір шаңырақ астында өмір сүретін халықтардың бiрлiгi мен татулығы нығайып, елiмiздiң көк байрағы биiктерден көрiне берсін! Бақ пен дәулеттің мерекесi - Наурыз мейрамы әр отбасына амандық-саулық сыйласын!», - дедi Ерлан Қабайұлы. Сонымен қатар, ауданның қоғамдық кеңестің төрағасы Слямбек Мұқашев, аудандық мәслихат хатшысы Т.Сарманов, аудан әкімінің орынбасары М.Теміржанов және Көкпекті орталық мешіттің бас имамы Нұрнәсір Дүйсен көкпектіліктерге жүрекжарды тілектерін білдірсе, ауданның ақсақалы Өмір ата жерлестеріне Наурыз батасын берді.
Бұл күні сахна төрінде мәдениет үйінің өнерпаздары қойылым қойып, жыл басы Наурыздың келгенiн хабарлады. Сондай-ақ, өнер ұжымдары ән салып, келген қонақтарға мерекелiк көңiл-күй сыйлап жатты. Аудан орталығындағы Қ.Алтынбаев атындағы мәдениет үйі алаңында әдеттегiдей киiз үйлер тiгiлдi. Әр үйдiң ішінде дастархан жайылып, мерекеге келген көкпектіліктерге «Наурыз көже» мен бауырсақ, палау ұсынылды. Осы күнi алаңда Көкпекті ауданы кәсіпкерлердің бастамасымен сауда-саттық та ұйымдастырылды. Сондай-ақ, алаңда бірі «Қара жорға» биiн билеп жатса, ендi бiреулер ұлттық ойындарға қатысып, күш сынасып жатты.
Ал аудан басшысының мекемелер тіккен киіз үйлерге арнайы кіріп, ұжым қызметкерлерін Наурыз мерекесімен құттықтап, дастархандарынан дәм ауыз тиюі олардың мерейін үстем еткені анық.
Наурыз күні есіктерін айқара ашып, шат көңілді тойшыл көпке дәм ұсынған ұжымдардың арасынан ерекше көзге түскен, үйдің сыртында Наурыз көже таратып, іштегі берекелі дастарханға шақырып, қазақтың қонақжайлығының үлгісін көрсеткен Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектеп ұстаздарының халқымыздың тамаша дәстүрі «Амал көрісу» және «құда түсу» дәстүрі барлық сән салтанатымен шынайы етіп сахналауы көптің көңілінен шықса, Көкпекті орта мектеп ұжымының кинофильм мен әдет-ғұрыпты байланыстырған көрінісі тойшыл қауымды таң-тамаша етті. Осылайша әр ұжым бар өнерін салып дайындаған салт-дәстүрлерін айшықты мерекеде паш етіп, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, қуанышқа бөледі. Наурыз тойынан алған әсерімен бөліскен көкпектіліктердің ақжарма тілектерін назарларыңызға ұсынамыз.
Кәмен Сүлейменова, тыл ардагері, Тассай ауылының тұрғыны: - Жер бетінде мереке де, той да көп. Бірақ, солардың ішінде Наурызға жететіні жоқ. Міне, осы айтулы мерекеге біз аман-есен жетіп отырмыз. Ұлыс күні құтты болсын! Еліміз еңселі болып, асқаралы асуларымызға абыроймен жете берейік. Бала-шағаларымыз молшылықта, тыныштықта, береке-бірлікте, болашағы жарқын елде өмір сүрсін.
Калиман Населбаева, зейнеткер Семей қаласының тұрғыны:
-Бүгінгі ғасырлар қойнауынан бастау алған ерекше Ұлыстың Ұлы мейрамы Наурыз – жақсылықтың жаршысы, жаратылыстың шынайы жыл басы. Көкпектіде оны барлық ұлт өкілдері атап өтеді. Күн мен түн теңесетін достық пен бірлік күні барша жерлестерімді «Інжу-маржан» әжелер клубы атынан осы мәртебелі мерекемен құттықтаймын. Қызыр баба әр отбасына ізгілік әкелсін.
Альфия Нигматуллина, зейнеткер ұстаз:
-Тарихи тамыры тереңге тараған, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрінен негіз алған Наурыз мейрамы күні бүгінге дейін жақсылық пен жасампаздықтың, жаңғыртудың белгісіндей болып келеді Елімізде болып жатқан оң өзгерістердің, бүгінгі мамыражай бейбіт тірліктің барлығы Елбасының сарабдал саясаты мен әрбір қазақстандықтың, сіздердің қажымас еңбектеріңіздің арқасы. Ынтымағы жарасқан елде ғана, ырыс мол болатынын ескерте келе, сөзінің соңында әр отбасына бақыт, береке-бірлік, Ұлыс оң, ақ мол болуын тілеймін.
Ермахан Мағауянов, Өскемен қаласындағы Д.Серікбаев атындағы ШҚ Мемлекеттік Техникалық Университетінің 1 курс студенті:
-Мен өзімнің қасиетті туған жерімдегі Наурыз мерекесін көруге асығып келдім. Мұнда менің отбасым, сүйікті ұстаздарым, алтын ұя мектебім бар. Мен үшін туған ауылымның әр тасы қымбат. Байқауымша, көкпектіліктер бүгінгі Ұлыс күніне үлкен дайындықпен келген. Ұлыс – жақсы тілектер күні болғандықтан, еліме тыныштық пен татулық ашық аспан тілеймін. Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.