Тұрғындар мен билік арасындағы байланыстың бір көрінісі – есептік кездесу. Өйткені, мұнда халық өңірдің дамуы, экономикалық жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы мәліметтерден биліктің өз аузынан хабардар болады. Сондай-ақ, өздерінің ұсыныс-талаптарын ортаға салуға мүмкіндік алады.
«Жергілікті атқарушы органдар басшыларының халық алдындағы есептік кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Рес-публикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, Көкпекті ауданында Көкжайық, Палатцы, Мариногорка, Қ.Аухадиев, Белое ауылдық округтерінде 16 қаңтар күні есептік жиындар бастау алып, Теректі, Биғаш, Сарыбел, Бастаушы, Миролюбовка, Белое, Үлгілімалшы және Тассай ауылдық округінде жалғасын тапты.
Көкжайық ауылының әкімі Нұрбек Сүлейменовтің есептік кездесуі округке қарасты Қарағандыкөл аулында өтті. Есеп беру кездесуіне аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әлия Санатқызы Тасқайратова қатысты. Көкжайық округі әкімі Нұрбек Сүлейменов алдымен атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
Тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешіп, түйткілді са-уалдарды ортаға салуға арналған кездесуде қарағандыкөлділіктер өздерін толғандырған ойларымен бөлісті. Жарыссөзге шыққан ауыл тұрғыны Майра Қайырғазина ауылдастарының мұң-мұқтажын былай деп жеткізіп берді: «Қарағандыкөл ауылында тұратын халық өте аз. Былтырғы жылы оңтайландыру кезінде біздің ауылдық клуб жабылып, мен қазір жұмыссыздардың қатарына қосылдым. Ауылдық клуб бос тұр. Осы ғимарат ауыл тұрғындарының игілігі үшін жұмыс істесе дейміз. Яғни, ауылда болатын жиын-той, ас беру кезінде үлкен ғимарат өте қажет. Ауылдық клуб үйі, жабылған мектептің күйін кешпей, бұзылмай ауыл тұрғындарының қажетіне жараса деймін. Тағы бір айта кетер жайт, жол мәселесі, аудан орталығына қатынайтын жолдың азабын тартып жүрміз, әсіресе көктем уақытында», - деп сөзін аяқтады. Осындай ұсыныс-тілектерін айтқан жұрт алдағы кездесудің нәтижелі боларына сеніп тарасты.
Ал, Көкпекті ауылы әкімінің м.а Н.Укешова белгіленген кестеге сәйкес, 18 қаңтар күні Ұзынбұлақ ауылы тұрғындарының алдында есеп берді. Есепті басқосуға Көкпекті ауданының сәулет, құрылыс, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысының орынбасары Қайрат Жылқышинов қатысты. Нина Нұрмұхамбетқызы өткен жылғы есеп беру кездесуінде тұрғындар тарапынан келіп түскен ұсыныс-пікірлер, сауалдар сарапталып, негізгі мәселелер бойынша іс-шаралар жос-пары жасақталғанын және оның орындалуы барысын баяндады. Жарыссөзге шыққан көп балалы ана Бақыт Жайсаңбаева, өз ойын ортаға салды.
- Ауылда қазір тұрғындар саны азайып қалды. Жолымыз уақытылы тазаланып тұрады. Тұрғындардың бір өтініші, ауылда тұрған клуб ғимаратына жөндеу жұмысын жүргізсе екен. Біз мұнда зейнетақы, жәрдемақы алуға келеміз. Мереке күндері де осында басымыз қосылады. Мәселенің оң шешім табатынына сеніміміз зор, - деді. Жиын соңында Нина Нұрмұхамбетқызы туындаған сауалдарға толыққанды жауаптар беріп, қорытындылады.
Әкімдер есебі арқылы ауыл тұрғындары ауданымызда қандай тірліктер атқарылғанын білді. Баяндамаларды талқылау барысында округ тұрғындары ауыл әкімдерінің жыл бойы атқарған жұмыстарына бағаларын беріп, өз өтініштері мен ұсыныстарын да айтты.
Дамир Дәуітов, «Дамир» ШҚ басшысы:
- Округ әкімінің жыл бойы атқарған жұмыстарына оң баға беруге болады. Аудан арасымен қатынас үзілмейді, жолдарымыз қардан тазаланып тұрады. Бізді қинайтын бір нәрсе, ол мектеп жасындағы балаларымызды таситын көлік болса деген ұсынысымыз бар. Ауылда барлығы 12 шақты оқушы тұрады.
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.