Ересектер мен балалар үшін ертегіге толы сиқырлы мереке Жаңа жыл да босағадан аттады. Ол өзімен бірге таусылмас шаттық, таңғажайып қызықтар мен мерекелік көңіл-күй ала келді. «Дәншік» балабақшасында жаңажылдық шыршатойлар басталды. Бүлдіршіндер ортаға келген Аяз Ата мен Ақшақарға, шамдары мен түрлі-түсті шарлары, ойыншықтары жарқыраған жасыл шыршаға таңырқай қарап, ән шырқап, би биледі, сұлу шырша, жаңа жыл жайлы тақпақтарын оқыды.
Жаңажылдық салтанатқа көрік беретін ертегі кейіпкерлері өздерінің жоғары дайындықпен келгенін паш етіп, бүлдіршіндерді мәз-мейрам етті. Қызыққа толы ертеңгіліктің ұйымдастырушылары жиналған көрерменге ұсынған ертегі оқиғасында қайырымдылық пен достықтың жеңбейтіні жоқ екенін сахналап, көпшілікке ашық аспан астында бақытты да шат-шадыман өмір кешейік деген тілектерін жеткізді.
Сондай-ақ, Самар ауылындағы Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына аудан әкімінің орынбасары Е.Қалдыбаев арнайы барып, қызмет алушыларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады. Ол әр адамға мықты денсаулық, жақсы көңіл-күй, ұзақ өмір, береке-бірлік тіледі. Еңбек ардагерлері, өз кезегінде, аудандық, ауылдық әкімшілік қызметкерлеріне аға ұрпақ өкілдеріне назар аударып, қамқорлық көрсеткені үшін алғысын білдірді.
Сонымен бірге, бұл күні Самар Мәдениет үйінде аудан әкімінің атынан мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған шыршатой өтті. Аяз атаға шынайы сеніп, оған хат жолдап, арман-тілектерін жеткізетін қамкөңіл балалар ғажайып мерекені асыға күтеді. Жаңа жылды қарсы алуға асығып, ата-аналарымен және өздерінің үлкен достары әлеуметтік қызметкерлермен бірге түрлі кейіпкерлердің киімін дайындауға атсалысады.
Бұл мерекенің беташарында балаларды аудан әкімінің атынан аудан әкімінің орынбасары Е.Қалдыбаев құттықтап, босағадан аттап келе жатқан Тауық жылы жақсылықтарын ала келсін деген ізгі тілегін арнады.
Осылайша басталып кеткен жаңажылдық думан сұлу шырша жанында қол ұстасқан балғындардың шыр айнала салған әндері, билеген әсем билерімен жалғасып жатты. Олардың арасында өтіп бара жатқан жыл иесі маймыл, Жаңа жыл, тауық, қасқыр, қоян және басқа да аңдар, ертегілер әлемінен келген қонақтар болды.
Жаңажылдық шыршаның талапқа сай, көңілді, тартымды болып өтуі Самар Мәдениет үйі қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің арқасы деу орынды. Өйткені, балалар мен үлкендердің көңілінен шығу үшін, жыл сайын қызықты, жаңа бағдарламалар дайындайды. Олардың киген киімдері ашық көз қуантатын түстерге толы және сомдаған кейіпкерлерін өте тартымды етіп көрсететінімен ерекшеленеді.
Балақайлар дәл осы күні ертегіге толы бағ-дарламаны жүргізген сымбатты Әтеш Әтешевич (А.Ыхай), сыпайы Курочка Рябадан (Л.Гебель) көз аудармай, олардың жаңажылдық тапсырмаларын бұлжытпай орындады. Кот Базилио (Е.Амиров), Лиса Алиса (М.Клейн) көрсеткен қызықтар бұл күнді одан сайын әрлендіре, әсерлендіре түсті. А.Райхан ұсынған қызықты сиқырлы көрсетілімдер балғындарды таң-тамаша етті. Тағатсыздана күткен Аяз Ата мен Ақшақар келіп, шырша шамын жарқыратып жаққан сәтте бала-қандардың қуанышында шек болмады. Олар өздері дайындап келген өнерлерін ортаға салып, есесіне сыйлыққа ойыншықтар мен тәттілер алды. «Кел, Жаңа жыл, төрлет! Барлығымызға жақсылығыңды аямай ала кел» деп әндеткен балалар аудан әкімінің атынан сыйлықтар алып, шаттыққа кенелді.
Қанат АПСАДЫҚОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.