Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері талай тың бастамалар, жаңа жобалар қолға алынып, өміршеңдігін дәлелдеді. Халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында дүниеге келген сондай жобалардың бірі – «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы. Шарапаты мол бастаманың тиімділігін бүгінгі таңда елімізде жүзеге асып жатқан игі істерден-ақ білуге болады. Бұл аталмыш бағдарлама біздің ауданымызда қанатын жайып, іске асырылу үстінде. Өкінішке орай, алынған несиелерді уақытында төлемеу мәселесі әлі де күн тәртібінде орын алып тұр.
Ағымдағы жылдың 5 желтоқсанында Көкпекті ауданы әкімшілігінің мәжіліс залында аудан әкімі Р.Н.Сағандықовтың төрағалығымен кеңейтілген жиын өткізілді. Жиынға ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары, құқық қорғау органдары өкілдері қатысты.
Аудандағы шешілмеген басты мәселелердің бірі - несие алған азаматтардың қарызды қайтармауы. Осы мәселенің шешімін табу жиынның негізі болды. Аталмыш жиынға аудандағы кәсіпкерлер, ШҚ басшылары және мемлекет алдында қарызы бар жеке азаматтар да шақырылған. Өкініштісі, мәселеге қатысты көптеген адамдар жиынға келген жоқ. Тек ауылдық округ әкімдері қатысты. Алғашқы болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары А.Әкімова, қазіргі таңдағы аудан бойынша несиенің қайтару жағдайы туралы егжей-тегжейлі баяндап берді:
-«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында алынған несие бойынша қарыз ағымдағы жылдың 5 желтоқсанына 317 млн. теңгені құрайды. Борышкерлер келісімшартта орындауға тиісті міндеттемелер мен қарызды қайтару кестесіне сәйкесай сайын 22 млн. теңге төлеу керек болатын. Шындығында, ай сайынғы төлемдерді қарастыра келе, соңғы жартыжылдықтағы сараптамаға қарасақ, керекті сомаға жетпейді. Соңғы тоқсандағы төленген қарыз 15 млн. теңгені құрады.15 желтоқсаннан бастап «Ертіс» ӘКК тарапынан тоқсандық төлем 65 млн. теңге және оның үстемақысы 17-18 млн-ды құрайды. Қаражаттың толығымен қайтарылуы туралы 215 келісімшарт негізіндегі сот шешімін есепке алсақ, 1 қаңтарға дейін несие қарызының жалпы мөлшері 500 млн.теңгеден асатын болады, - деді Алмагүл Жанахметқызы.
Баяндама есебіне қарағанда мемлекеттен алған қарызды уақытында қайтармай, жасалған келісімшарт талаптарын, қарызды қайтару кестелерін заңсыз бұзған жағдайлардың алды прокурорда тексерісте, біразының дүние-мүліктері тәлкіленіп заңмен қудалануда. Тіпті, кейбір борышкерлердің қашып жүргендері айтылды. Мемлекеттен алынған несие өз игілігіне жұмсалса, оны әркім уақытында қайтаруға міндетті. Елбасы бұл жағдайда нақты айтқанын білеміз. Бір қолыңмен өз игілің үшін алған қарызды, екінші қолмен алғысыңды айтып қайтаруың керек. Бірақ, аудандағы қазіргі жағдай, аудан әкімінің айтуынша, тығырыққа тіреліп тұр. Борышкерлердің көбінде несие алу және оны қайтару жөнінде білімдері жоқтығы, іскерлік қабілеттерінің төмендігінің де әсері бар. Осыдан барып, сылбырлыққа салынып күнде ертеңмен еріншектің күйін кешеді. Кейбірі несие алып, оны қалай іске асыру жағдайын білмей тақырға отырып қалған жайы бар.
Ал, жиында сөз алған Кәсіпкелер палатасының Көкпекті аудандық филиалының директоры Әлия Мұқашева бұл мәселе жөнiнде түсiндiру жұмыстарын және заң мамандарының кеңесімен қамтамасыз етiлу керектігін қадап айтты. Сондай-ақ, ол 30 қарашада Кәсіпкерлер палатасы, прокуратура қызметкерлері және аудан әкімшілігі бас қосқан отырыста 215-нші келісімшарт бойынша несиелерін уақытылы қайтарып жүрген азаматтармен түсіндірмелік жұмыс жүргізілгенін тілге тиек етті.
Жиында тек биылғы жылдың борышы емес, өткен жылдан бері өтілмеген қаражат есебі миллиондап аталды. Қатаң талап қойылып, қысқа мерзімде өтеу қажеттігі міндеттелді. Ауыл әкімдері, жауапты адамдар естеріне сақтап, қағаздарына түртіп алды. Оның орындалуын алдағы уақыт көрсетеді.
Несиені алған жақсы шығар, бірақ оны мемлекетке қайтару есебін әр адам қарыз алар алдында ойлану керек болатын. Бір өкініштісі олай болмай тұр.
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.