Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақ-стан-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім саласы туралы: «Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс», - деді. Биылғы оқу жылынан бастап Құлынжон ауылындағы Казнаковка орта мектебі өз деңгейлерін Назарбаев зияткерлік мектебіне жеткізіп, ауыл балаларына сапалы білім беру мақсатын алға қойып отыр. Оған мектептің материалдық-техникалық базасы толықтай сай келеді. Ал, кадрлық мәселе бір-тіндеп шешілу үстінде. Мұның барлығы осы ауылдың тумасы, дәл осы мектептің түлегі, Республика түгіл әлемге әйгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаевтың демеушілігінің арқасында жүзеге асқалы отыр.
Өзінің елу жылдық тарихында бұл мектеп алғаш рет жаңаша реңге бөленіп, ауыл мектептерінің барлығынан жабдықталуы мен ғимаратының әсемдігімен көші ілгері озды. «Жас келсе – іске», - дегендей, мектептің жас басшысы Ринат Араратұлы Қажиакперовтің қайтсем мектепті жаңартамын деген ойын жүзеге асыруға Айдын Жұмаділұлы қуана келісті. Ол арнайы келіп, мектепті аралап көріп, содан кейін «Ақмолпроект» мекемесіне жобалау бойынша тапсырыс берді. Аталмыш мекеме А.Рахымбаев жетекшілік ететін «ВІ Групп» ком-паниясына қарасты болғандықтан, мамандар жедел іске кірісті.
- Қыс бойы Айдын Жұмаділұлының тапсырмасымен жоба дайын болып, оқу жылы аяқталмастан, сәуір айында алғашқы жұмыстар басталып та кетті. Ең алдымен ғимараттың шатыры ауыстырылды. Содан кейін оқу жылы аяқтала салысымен бүкіл ғимарат босатылып, тек қабырғалары қалғанша ескі еден, терезе түгелдей алынды, тіпті қабырғалардың ескі сылағы да қырылды. Жылу жүйесі, электр желісі түгелдей жаңартылды, - дейді мектеп директоры. Жазда мектеп басшысы демалысқа бармай, осы құрылыстың басы-қасында болған. Құрылыстың сапалы салынғанына күмән жоқ. Құрылыс компания-сы тарапынан да техникалық, санитарлық талапқа барлық жағынан сай болуы қатаң бақыланған. Міне, жаздайғы тынымсыз, қарқынды еңбектің нәтижесі – мектеп жаңа өмірін бастады.
Ринат Араратұлы бізге мектепті түгелдей аралатып көрсетті. Бұл жердегі кіреберісте төселген мәрмәрдай жалтыраған тазалық пен бекзаттық бүкіл мектепке тән екеніне көзіміз жетті. Әр сынып жап-жарық, бұрынғыдай аяқ бассаң ән салатын едендер келмеске кеткен. Айнала жарқырап, терезелерден күн сәулесі еркін түсіп, ерекше бір нұр шашады. Жаңаланған мектептің бүкіл жабдықтары да жаңаланған. Оқушылар отыратын парталардан бас-тап, тақта, шкафтар да жаңартылған, барлық сынып бөлмелерінде жылдамдығы жоғары ғаламтор байланысы, дәліздерде WI-FI да бар. Интерактивті тақта, компьютерлендірілген сыныптар – бір сөзбен айтқанда алаңсыз білім алуға барлық жағдай толық жасалған. Жүз орынға арналған асхана да толықтай жабдықталыпты. Тіпті бір мектеп асханасына емес, қаланың айтулы дәмханасына енгендей боласың. Бұл жерде отызға жуық бала тегін тамақ ішсе, қалған оқушыларға буфет өнімдері ұсынылады. Болашақта Айдын Жұмаділұлы мектеп оқушылары түгелдей ыстық аспен қамтылып, түстен кейін де сабақтарын жалғастыру, яғни қосымша сабақтар, секциялар мен өз қалауларына қарай үйірмелерге қатысу мүмкіндігіне ие болуға жағдай жасауды қарастыруда. Жуынатын, шешінетін бөлмелері бар спорт залы да көз тартарлықтай. Спорттық жабдықтардың жазғы, қысқы түрлері түгелдей бар. Бұл біздің аудандағы басқа мектептер қызығарлықтай жағдай. Кітапхана, оқу залына да ерекше мән берілген. Жылдағы дәстүр бойынша оқушылардың кітап оқудан бәйгесі жалғасын табатын болады. Бұл демеушінің талабы бұрыннан бар. Шеберхана, қыздарға арналған технология кабинеті де барлық жабдығымен оқушының еңбекке бейімділік ынтасын арттыра түседі. Шағын орталықта кір жуатын, кептіретін жабдықтар қойылған. Бүкіл мектептің санторабы ішінде ор-наласқан. Келесі жылы мектептің ауласын абаттандыру, балаларға ойын алаңын, стадион, жабындысымен футбол алаңын және басқа да жұмыстар жоспарланып отыр. Демеуші бұл жұмыстарды да өз қаражатымен атқарады.
- Біздің алдағы қойған мақсатымыз – оқушы санын арттыру мен қажетті мамандар қатарын толықтыру болып табылады. Мектептің даму жоспары жасалып, бекітілді. Оның басты міндеті мектепті кіші Назарбаев зияткерлік мектебі дәрежесіне жеткізу болып отыр, - дейді Р.Қажиакперов. – Бүгінгі білім беру саласындағы соңғы озық ойлы талап – робототехника мен конструкторлық жабдықтармен жұмыс істеу болып табылады. Бұл оқыту үрдісі баланың ой-өрісінің жылдам дамып, жаңаша ойлау-ды қалыптастыру, логикалық қабілетін арттыруға бағытталған.
Мектепте жалпы саны 30-ға жуық мұғалім бар. Олардың төртеуі шағын орталықта тәрбиеші. Жоғарғы санатты мұғалім жоқ болғанымен, 13 мұғалім бірінші, 8 ұстаз екінші санатты, ал 9 мұғалімде әзірге санат жоқ. Ұжым жас, сондықтан да жоғарғы санатты мұғалімнің болмауы да түсінікті. Биыл меценат А.Рахымбаев оқушысы үздік болған пән мұғалімдеріне де, озат оқушыларға да грант тағайындап отыр. Оларға берілетін қосымша ақы миллион теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Сондықтан да мемлекетіміздегі үштұғырлы тіл саясатына қолдау білдіру әрі оқушылардың заман талабына қарай білім алуын қамтамасыз ету мақсатында мектепке білікті мұғалімдер тарту үшін бәйге де жарияланды. Облыстық, аудандық газет беттерінде жарияланған хабарландырулар бойынша келген мұғалімдер Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімдеріне арналған тест бойынша сынақтан өтеді, өкінішке орай, үміттеніп келген 3-4 мұғалім тест сұрақтарына толық жауап бере алмады. Мектепке ағылшын тілі, математикадан мұғалім жетіспейді. Сол үшін биыл мектеп директоры жоғарғы оқу орнының түлегі, оқуын жақсы аяқтаған жас маман Ақжол Меңдіғалиевті жұмысқа алған. Оның қазіргі аяқ алысы жақсы, зейнет демалысындағы байырғы ұстаз Гүлбану Нұралиқызы Буканова оған тәлімгер болып жүр. Сонымен бірге, мұғалімдер қатарын мұғалімдік мамандықты таңдап, білім алып жатқан осы мектептің түлектері есебінен де толықтыру үрдісі сақталады. Қазіргі күні физика пәнінен сабақ беріп жүрген жас маман Мәнкей Нұрболат жас болса да, өзінің біліктілігімен көзге түсіп жүр. Келетін мұғалімдер үшін отбасылық жатақхана ретінде үш пәтер жабдықталып, дайын тұр. Онда барлық жағдай жасалған.
Ал енді осы мұғалімдер сабақ беретін оқушылар саны әзірге аздау болып тұр. Мектепте 1-11 сынып аралығында 97 оқушы оқиды, даярлық тобында 17, шағын орталықта 30 бала бар. Тоғызыншы сыныптан кейін оқушылар кетіп қалу орын алғандықтан, биыл 11 сынып жоқ. Өткен жылы мектеп бітірген жалғыз түлек Р.Мусин 113 балл жинап, мектеп рейтингін көтерді. Мектеп жаңарған соң, оқушылардың да сабаққа деген ынтасы артқан. Оны олардың күнделікті сабаққа асығып келетінінен, оқу үлгерімдерінің барынша жақсарғанынан байқауға болады дейді мұғалімдер. Биыл ата-аналармен келісе отырып, мектеп оқушылары түгелдей жаңа мектеп формасына көшкен. Форма бағасы қолжетімді, 13500 теңгеден болды.
Иә, мынадай мектепте оқыған да, оқымаған да арманда, тіпті өзің қайтадан мектепке оралғың келіп кетеді екен. Құлынжондық балалар Айдын ағаларының арқасында елде жоқ мектепке ие болу бақытын еншілеген. Айдын Рахымбаев таза өз қаражатымен өзі білім алған шаңыраққа жөндеу жұмысын жүргізіп қана қоймай, мектепті бүкіл қажетімен қамтамасыз етіп отыр. Бұл кез келген адамның қолынан келе қоймайды. Сондықтан да, ауыл тұрғындары оған зор алғыс айта отырып, денсаулық, жаңа биіктерді бағындыра беруін тілейді.
Ал мектептің басшысы Ринат Араратұлы өз еңбек жолын Ажа орта мектебінде қатардағы мұғалімдіктен бастап, оқу ісі жөніндегі меңгеруші, Шәріптоғай ауылындағы мектептің директоры болған. Бұл мектепті басқарғалы үшінші жылға кетті. Оның еңбегінің бағасы - халық қалаулысы, аудандық мәслихаттың депутаты болып сайлануы. Мектептің жаңғыртылуы депутаттық сауалдың бірінің орындалғаны десе де болады.
Болашағымыз – балалар. Елдің тұтқасын ұстайтындар да солар. Ендеше, баланың лайықты білім алуына жағдай жасап, оны өрге жетелейтін аға буын аман болсын. Қадірлі ұстаздар, мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздерге өз шәкірттеріңіз де осы азаматтардай құрмет көрсетсін, елін ойлайтын ұлтжанды азамат болып шықсын деп тілейміз!
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.