Білім күнін мерекелеу аясында Құлынжон ауылындағы Казнаковка орта мектебінің күрделі жөндеуден өткен жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Білім ошағының ашылу рәсіміне Көкпекті ауданының әкімі Рамиль Сағандықов, бас демеуші Айдын Рахымбаев, ұстаздар мен оқушылар, мектеп түлектері, ата-аналар, ауыл тұрғындары қатысты. 198 балаға шақталған ғимаратта оқушылар үшін бар жағдай жасалған.
Биыл Казнаковка орта мектебінің ашылғанына 50 жыл толып отыр. Талай талантты түлек ұшырған алтын ұяның осы жылдар ішінде қол жеткізген жетістігі жайлы ауыз толтырып айтуға болады. Алғашқы қоңырау мерекесі күні жаңарған мектеп ғимаратының есігі айқара ашылды. Мерейтойлық мезетте мектеп мерейін үстем еткен төл шәкірті Айдын Рахымбаев туған ауылына тамаша сый жасады. «Build Investment Group» холдингі директорлар кеңесінің төрағасы жеке қаражатына өзі бітірген мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, жаңа оқу жылының басында 198 орындық білім ордасы ел игілігіне берілді.
Әулеті мен келбеті келіскен жаңа мектептің ашылуы алғашқы қоңырау салтанатымен тұспа-тұс келді Дүбірлі мерекеде құрметті қонақтар жүрекжарды лебізін арнап, жас жеткіншектер ән шырқап, би биледі. Маңызды шараға ауылдың үлкен-кішісі түгел жиналды.
Салтанатты шарада сөз алған аудан басшысы Рамиль Сағандықов ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтап, білім беру саласын өркендетудегі Елбасының сарабдал саясатына тоқталды.
- Бүгін баршамыз үшін ерекше күн. Елбасы білім беру жүйесіндегі реформаға еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арт-тырудың басты құралы ретінде ерекше көңіл бөліп келеді. Барлық заманауи құралдармен жабдықталған, ғимараты жаңартылған білім ордасының қолданысқа берілуі ауданымыз үшін ерекше оқиға. Назарбаев зияткерлік мектептерінің үлгі-сінде жабдықталған Казнаковка орта мектебінде 107 оқушы білім алады. Бірінші сыныпқа 10 бүлдіршін қабылданды. Мектеп жаратылыстану-математикалық бағытта жұмыс істейді. Ұстаздар үшін жа-ңа мүмкіндіктер бой көрсетті. Құрметті оқу-шылар, Сіздерге жаңа оқу жылын жемісті аяқтап, терең білім алуды тілеймін. Болашақта еліміздің ең іргелі жоғарғы оқу орнына түсіп, таңдаған мамандық иесі болыңыздар. Қадірменді қауым, жаңа оқу жылы баршаңызды жаңа жетістікке жеткізсін. Оқуда да, еңбекте де алда болайық, - деді Рамиль Нығметжанұлы.
Заманауи үлгіде жаңартылған мектеп екі қабатты ғимаратта орналасқан. Құрылысқа қажетті қаражатты бас демеуші Айдын Рахымбаев бөлді. Жа-ңартылған оқу ордасында биология, химия және жағрафия кабинеттері, зертхана соңғы үлгіде жабдықталған. Асхана мен спорт залы бар. Бұған дейін ескі мектеп ғимаратында білім алып келген оқушылардың қуанышында шек жоқ.
Жерлестерін шексіз қуанышқа бөле-ген бас демеуші Айдын Рахымбаев өз толқынысын да жасыра алмады. Құт-тықтау сөз алған елжанды азамат мек-тептің тарихына тереңдей тоқталып, әкелер бастаған ұлы істің жалғасын тапқанына ризашылық білдірді. Байырғы ұстаздарды көріп, толқынысын жасырмады. Олардың әрқайсын атап өтіп, шын жүректен шәкірттік алғысын білдірді.
- Елу жылдан кейін жаңғырған мектебіміз жаңа оқу жылына есігін айқара ашып отыр. Бұл мектептің түп тамыры байырғы ұстаздарда. Еліміздің іргесін қалап, болашағы үшін еңбек етіп жатқан азаматтарды тәрбиелеп өсірген ұстаздарға алғысым шексіз. Бүгінгі күні еңбек етіп жүрген ұстаздар да биік белес-терден көріне берсін. Бірінші сыныпқа барып отырған бүлдіршіндер осы мектеп қабырғасынан мықты білім алып, біздің үмітімізді ақтай берсін, - деді елжанды азамат.
Мектеп табалдырығын еңді аттағалы тұрған бүлдіршіндер қолдарына ұстаған гүл шоқтарын ұстаздарына табыстаған соң, көптен күткен жаңартылған мектептің алғашқы қоңырау соғу рәсімі басталды. Салтанатты ашу рәсімін бас демеушінің анасы Клара Омарқызы мен көп жылдар ұстаздық қызмет атқарып, бүгінде еңбегімен елге қадірі артқан ауылдың зейнеткер ұстаздары лента қиып, ашық деп жариялады.
Өркениеттің озық деңгейін бағын-дыратын, қоғамның келбетін жаңарта түсетін – білім. Жаңартылған мектептің ашылуы бүкіл ауыл тұрғындары үшін мерекеге айналды. Әсіресе, онда еңбек ететін ұстаздар мен білім алатын оқушылардың қуанышы бір төбе.
- Әрбір мемлекеттің болашағы, дамуы білімді, денсаулығы мықты азаматтарына байланысты. Еліміз Тәуелсіздік алған күннен бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев білім беру саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Қазіргі таңда елімізде білім саласын жетілдіру үшін үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл мектеп заман талабына сай, барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Мектептің ішінде химия, физика, математика, биология кабинеттері, компьютерлік кластар, интерактивті тақталар, шеберханалар, балалардың ойнайтын спортзалдары барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл келешек ұрпақ заман талабына сай білім алсын деген оймен іске асырылып отыр. Мерейтойға ерекше сый жасаған атпал азамат Айдын Рахымбаевтың елжандылық қасиеті мен туған жерге, ауылына, еліміздің болашағы бүлдіршіндерге деген сүйіспеншілігі үшін басымды иемін. Осы құрылысты аз уақытта аяқтаған құрылысшыларға жерлестерімнің атынан алғысымды білдіремін, - деп ағынан жарылды мектепті 30 жылдан астам басқарған байырғы директор Дәулетхан Қасымжанов.
Заманауи мектепте жас ұстаздарға арналған жатақхана да бар. Бір сөзбен айтқанда, ауылда тұрып та кейбір қалалық мектептерде кездесе бермейтін мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашылып отыр. «Білегіне емес, біліміне сенген» бұл заманда жас ұрпаққа тал бесіктен тәрбие беретін білім орындарының жаңартылып жатқандығы, еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне салынып жатқан жазық жолдар десек те артық болмас. Жарты ғасыр ішінде ойдағыдай жетістікке жетіп, талай талантты баптап ұшырған білім ұясының алар асуы әлі де биіктей бермек.
Дархан БЕРДІБЕК
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.