Көкпекті ауданында экономикалық өсімді қамтамасыз етумен қоса, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар тиімді жобаларға назар аударылуда. Халық тұрмысын, денсаулығын жақсартуға арналған сүбелі жобалардың бірін облыс әкімі Даниал Ахметов бастама етіп көтерген тауарлы-сүт фермаларын құру ісі қамтиды. Бұл орайда бүгінде Көкпекті ауданында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Жылдың төрт мезгілінде мал бағып, оның басын көбейту және өнімдерін молайту жолында жанкешті еңбек етіп жүрген ауыл еңбеккерлерінің төзімділігі мен сабырлылығына еріксіз тәнті боласыз. Бұл бәлкім, ата кәсібіне адалдықтың, отбасы, ел алдындағы жауапкершіліктің басты белгісі болса керек. Қазір алыстағы малды ауыл тұрғындарының ой-санасына жергілікті немесе отандық өнімдерді молырақ өндіру керектігі жөніндегі Елбасы тапсырмаларын орындауға деген құлшыныстың артып отырғандығын байқауға болады. Ауылдағылар саясаттан гөрі, экономиканың жай-күйін күйттегенді жақсы көреді. Олардың саясаты: «Мал баққанға бітеді» деген берік сенімді ұстану, шаруаға тиянақты болу.
Бұл тұрғыда Көкпекті ауданы Ажа ауылында тұрып жатқан «Дархан» шаруа қожалығының иесі Мақан Жәнібекті атап өткен жөн. Осыдан 3 жыл бұрын жеке қаражатымен қолға алған шаруасы бүгінде ауданның алдыңғы қатарлы шаруашылықтарының біріне айналды. Оның ірі қара өсірудегі етті және сүтті бағытпен айналысуы аудан экономикасының дамуына да ықпалын тигізген. Осы еселі еңбегі үшін, 2014 жылы аудан әкімінен алған «Үздік фермер» сертификаты куә.
Мақан Жәнібек Қытай мемлекетінен келген қандас бауырымыз. Аңсап жеткен ата жұртына келген ол ата кәсіпті жалғастырып, төрт түліктен ризық-несібе айырып, отбасын асырап отыр. Бастапқыда өзінің азын-аулақ малымен жұмысын бастаған Мақанның қазір 100 шақты бас ірі-қарасы, 50-ге жуық ұсақ малы бар. Кәсіпкер мал баққанда да жай бағып отырған жоқ. Жоспарлы түрде еңбек етуде. Алдымен ірі қараның сүтті бағытына тоқталсақ, шаруашылықтағы 30 сауынды сиырдан күніне 300 литрге жуық сүт саууға болады. Отанасы Аймақ Күлай: - Біздің арнайы Қытайдан сатып әкелінген сиыр сауатын аппаратымыз арқылы бір сиырды 5 минут уақыт ішінде сауамыз. Бұл уақытты үнемдеуге және сүттен мол өнім алуға септігін тигізеді,- дейді. Сонымен қатар, бұл азамат жаз мезгілінде екі-үш ауылдасын жұмыспен қамтып отыр. Мал бағып, еңбексүйгіштіктің үлгісін көрсетіп, өз отбасымен бірге ауылдағы малсыз күн көріп отырғандардың да аузын ағартып отырған Мақан Жәнібектің игі ісіне сүйсінбеске амал жоқ.
- «Сиырдың сүті – тілінде» деген қарапайым шаруа тірлігінің қағидасына сай қолымыздағы Зеңгі баба тұқымының жем-шөбі мен суын, өріс отын қамдауға айрықша көңіл бөлеміз. Біздің тірлігіміз таңның атысы, күннің батысы мал соңында өтеді. Малдың күтімі келіссе – оның өнімі көл-көсір болатынын менің отбасым жақсы түсінген, - дейді отағасы.
«Дархан» шаруа қожалығының басшысының айтуына қарағанда, ақ сүттен ақ май ағызатын күннің ауылы мамыр айынан басталатынын байқадық.
Мақан Жәнібектің қазіргі іске асырып отырған тірлігі осылайша еңбек майданына айналған. Мемлекет басшысы «Істің қиюын келтір, өніміңді сат, пайда тап» деп үнемі айтады. Біздің кейіпкердің ұстанымы осы.
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.