Егемен ел атанып, тәуелсіздіктің арайлы ақ таңы атқан күннен бастап, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, ұлтжандыққа баулу ісі күн тәртібінен түспеуде. Кең байтақ қазақ даласын пана еткен тілі басқа болса да тілегі бір, түрі басқа болса да жүрегі барша халықтың бойы-на қазақстандық патриотизмді дарыту өте-мөте маңызды дүние.
Бүгінде бұл мәселе барлық қоғамдық, мем-лекеттік, саяси, мәдени-рухани тақырыптардың өзегіне айналуда. Патриотизмнің негізгі мағынасы әр азаматтың ұлтын, Отанын сүюден туындайды. Ұлы ойшыл Әл-Фараби «адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі», – деп білім беру мен тәрбие ісін етене бірлікте алып, біртұтас жүйе ретінде қолдану керектігін меңзейді. Тәрбие адам тағдырын, оның рухани өмірінің негізін сақтайды. Ғасырлар бойы халқымыз ұрпағын ізгілікке, өз елін сүюге баулып келеді. Бүгінгі өскелең ұрпаққа отансүйгіштік ұлттық сана-сезім аса қажет. Осы қасиеттерді ұрпақ бойына дарытатын қоғам, орта екені даусыз. Сонымен қатар, мемлекеттік рәміздеріміз болып табылатын Елтаңба, Ту, Әнұранды дәріптеу де – патриоттық тәрбие берудің түпқазығы емес пе? Осыған орай, мемлекеттік нышандарымызды ұлықтау бағытында мерекелік шаралар, маңызды конференциялар, пікірталастар, отырыстар өткізу қажеттілігі туындайды. Бүгінде осы бағытта жұмыс атқарып жүрген бірлестіктер, жастар ұйымдары, мемлекеттік емес ұйымдар жетіп артылады.
Солардың бірі, Көкпекті орта мектебінде өткен, Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Шығыс» өңірлік орталығының «АӘД сабақтарында жаңа технологияларды пайдалану - білім сапасын арттыру және патриоттық тәрбие берудің кепілі» тақырыбында өткізген өңірлік семинары. Аталмыш семинарда, Шығыс Қазақстан облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскерден тыс бөлімшесінің басшысы, подполковник А.Чункунов «Оқу орындарындағы АӘД және әскери-патриоттық тәрбие беру– Қазақстан Республикасының болашақ Отан қорғаушыларын тәрбиелеудің ажырамас бір бөлігі» тақырыбында баяндама оқып, ал «Шығыс» өңірлік орталықтың әдіскері Д.Майқынов қатысушыларға семинардың мақсат, міндеттерін түсіндірді. Семинарға облыстың Зайсан, Күршім, Тарбағатай, Жарма аудандары және Көкпекті ауданының ауылдық мектептердің АӘД пәнінің мұғалімдері келді. Мұнда Миролюбовка орта мектебінің АӘД пәнінің мұғалімі В.Овчинников «АӘД материалдық-техникалық қорын нығайту» тақырыбында шеберлік сыныбын, Ново-Тимофеевка орта мектебінің АӘД пәнінің мұғалімі Т.Қалиев «Автоматтың негізгі бөлшектері мен механизмі» тақырыбында семинар-сабақ өткізді. Көкпекті орта мектебінің АӘД пәнінің мұғалімі Б.Рахимов және мектеп психологі Р.Найзабаев «Азаматты, Отан қорғаушыны тәрбиелеу моделі» тақырыбында кіріктірілген сабақ жүргізді. Сонымен қатар, семинарда Көкпекті ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Р.Абдрахманов өз баяндамасында: «Жергілікті билік орындарының 2015 жылдың 11 айы бойынша әскери басқару ұйымдарының әскерге шақырылатын жастарды әскери қызметке даярлаудағы тәрбиенің негізгі әдісі болып табылатын алғашқы әскери даярлық және әскери патриоттық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізудің рөлі» туралы айтып өтті.
Көкпекті орта мектебінде жұмыс істейтін Л.Фахрутдинов атындағы әскери-спорттық клуб мүшелерінің ұйымдастыруымен өткен спорттық жаттығулар және концерттік бағдарламамен семинар мәресіне жетті.
Қазақ халқының ұлылығы басым тұғыр тағылымы аясында ұлды ұлықтылығымен, қызды сан қырлы қылықтылығымен рухты етіп тәрбиелеу– бүкіл халқымыздың, қоғамымыздың түпкілікті міндеті. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2030 жылға арналған стратегиялық бағдарламасында «Біз өзіміздің болашағымызды, балаларымыздың болашағын қандай күйде көргіміз келеді, осыны айқындап алатын уақыт жетті» деп көрсетілген. Ендеше, болашағымыз білікті, отансүйгіштік қасиетті қанына сіңірген қабілетті болуы үшін атсалысайық.
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.