Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Қазан айының 30 және 31 күндері облыс орталығы Өскемен қаласында Көкпекті ауданының мәдени күндері болып өтті. «Туған ел – алтын бесігім» акциясының аясында өткен шара екі күнге ұласты. Аудан әкімі Рамиль Нығметжанов баспасөз бри-фингін беріп, қала тұрғындарына көркемөнерпаздар ұжымдарының концерті мен ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұсынылды. Жасампаз істерді ұлықтау, болашақ бағдарды айқындау, шынайы халықтық өнерді паш ету және молшылық пен берекені ту еткен шаралар ауқымдылығы және ыстық ықыласпен ерекшеленді.

Ақпараттық орталықта өткен баспа-сөз брифингіне бұқаралық ақпарат құ-ралдарының өкілдері көптеп жиылды. Бұл – біздің өлкеге деген облыстағы зор қызығушылық пен ауданда жүзеге асырылып жатқан жобалардың сәттілігі мен тартымдылығы деп білген абзал. Аудан әкімі Рамиль Сағандықов ағымдағы жылдың 9 айында қол жеткізген жетістіктер мен экономикалық көрсеткіштерді саралады. Елбасы қойған міндеттер мен облыс басшылығы тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу барысы да назардан тыс қалмады. Тілшілер қауымын қызықтырған ауданның қысқа дайындығы, суармалы жерлерді тиімді игеру, аудан орталығына спорт кешенін және интернат салу, жастар саясатын жүзеге асыру тақырыптары болды. БАҚ өкілдерін ерекше қызықтырған Құлынжон ауылында жүзеге асырылып жатқан инновациялық жоба – «Кузмич». Жалпы құны 70 миллиондық жоба аясында балықтың бағалы түрлерін кешенді жағдайда қарқынды өсіру бо-йынша маманданған шаруашылық құру бағытында жұмыс жүргізілуде. Аудан басшысы осындай ғылыми негізді әрі әлеуеті жоғары, өміршең де заманауи жобалар аудан дамуының басым бағыты екенін нақтылады.


Бағдарламаның темірқазығы аудан көркемөнерпаздары қойған салтанатты концерт болды. Өскемендіктер Асқар Сүлейменов сомдаған Ұлы Абай бейнесі, Алижан Артықбаев сахналаған Керей хан тұлғасын әлі талай уақыт ұмыта қоймасы анық. Концерттің көркемдік жетекшісі Лариса Гебельдің біліктілігі мен шеберлігі байырдан белгілі. Әйтсе де, бұл жолғы тарихи сахналық қойылым мен концерт құрылымы көркемдік жетекшінің шынайы талант әрі табанды енбекқор, ізденімпаз шығармашылық иесі екенін тайға таңба басқандай айшықтап берді.
Әрбір өнерпаздың керемет ойыны мен сахналық мәдениеті зал толы көрермендерді Қазақ хандығының алғаш құрылған дәуіріне оралдырғандай болды және оларға қайталанбас тарихи қолтаңба қалдырып, шынайы әсер көрсете білді. Сахналауға тартылған қару - жарақ пен сауыт-сайман, киім үлгісінің барлығы ортағасырлық қазақ мәдениетін ерекшелеп, өркениетті елдің болмысын көз алдымызға келтірді.
Кеш соңында сөз алған Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар өнер шеберлеріне шығармашылық табыстар тілеп, облыс әкімінің атынан ықылас гүлін ұсынды. Көкпекті өңірі ұлттар достығының киелі мекені, ақындар мен абыздар елі, ән мен жырдың ортасы деп білемін деген Жақсылық Мұқашұлы аудан басшылығына ризашылығын білдіріп, өнерпаздарға ұмытылмас әсер қалдырғаны үшін алғысын жеткізді.
Еліміз үшін атаулы оқиғалардың маңыздылығын кеңінен насихаттау және ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрді дәріптеуді мақсат тұтатын «Туған ел – алтын бесігім» акциясының маңызы жоғары. Шара әр өңірдің тарихы таңбаланған мәдени мұраларын танытып, ұлттар мен ұлыстардың ынтымақ - келісімдерін көрсете білуіне кеңінен жол ашты. Тәуелсіз еліміздің табысы мен жетістіктерін насихаттауға бағытталған шығармашылық пен жалынды жастық жігер қоғамның тұрақты дамуының кепіліне айналмақ.
Сенбі күні таңсәріден бастап «Фрэш Маркет» сауда орталығының алдындағы үлкен алаңқай халыққа лық толып кетті. Жәрмеңке сөрелерінен Көкпекті өңірінің байлығын паш еткендей, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер дайындаған ауыл шаруашылық тауарлары: ет, сүт өнімдері – қазы, қарта, қаймақ, қымыз, шұбат, жұмыртқа, балық, өсімдік майлары, көкөніс пен жемістің сан алуан түрлері самсып тұрды. Тауар ассортименттері қай тұрғыдан алғанда да бай әрі сан алуандығымен сатып алушылардың назарларын өздеріне баурай түсті.
Көкпектіліктер жәрмеңкеде ұсын-ған тауар бағасы қолжетімді. Дәс-түрлі жәрмеңкені асыға күтетін қала-лықтар да қапыда қалмай, арзан өнімді ынтыға алысты. Сонымен қатар, ет, сүт өнімдерінің бағасы сауда нүктелеріндегі нарықтан 10-15 пайызға арзан бағамен саудаланды. Ал, көкөніс қатарындағы орамжапырақ, сәбіз, картоп, қызылшаның бағасы 50-60 теңгеге тұрақтаған.
Жыл сайын өткізілетін жәрмеңке ауыл мен қала арасындағы байланысты жандандыра түспек. Ет өнімі сұранысқа ие. Айта кету керек, ет өнімі орта есеппен 900 теңгеден сатылымға түсті.
Өр Алтайдың төрінде өткен мәдени күндер аудан мерейін асқақтатқан, оның экономикасы мен тыныс-тірлігінен кең мағлұмат берген шырайлы бас қосу болды. Ауданның барлық мекемелері мен ұйымдары, мектептері бір кісідей ұйымшылдық көрсетіп, тайлы-таяғы қалмай барып, аудан намысын қолдан бермеуге тырысты. Концерттік бағдарламаға қатысы бар өнерпаздарға көлік қызметін ұсынған білім ордаларының басшылығы да аудан мерейінің жоғары болуына тілектес екендіктерін байқатты.

Дархан БЕРДІБЕК

 

 

 

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қараша 2015 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
            1
2 3 4 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз