Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Кезекті сенбілік аудан тұрғындары мен мекемелер үшін, аудан көркі мен оның тазалығына шын мәнінде жаны ашитын адамдар үшін нағыз еңбек майданына айналды. Сенбілік кезінде аула іштері мен бас көше бойлары және кіші көше қиылыстарына аса көңіл бөлініп тазаланса, бірқатар аумақтарға жас шыбықтар отырғызылды.

Аудан орталығында аймағымыздың санитарлық тазалығы мен көгалдандыру жұмыстарына арналған екіайлық тазалық акциясы аясындағы жалпыхалықтық сенібілік осымен 3-ші апта ұйымдастырылып отыр. Аудан тұрғындарының ауызбіршілігін арттырып, басын қосқан сенбілік барысында аудан орталығының көшелерінде, саябақтар мен мекемелер алдында тау-тау болып үйілген қоқыстың орнын көк желек шыбықтар алмастырып, өлкеміздің көркін аша түсті.

Бұл күні аудандағы түрлі мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен ауыл халқы да қолдарына күрек, тырма, сыпырғыш алып, тазалық жұмыстарына белсене атсалысты. «Көп түкірсе көл» демекші, әр мекеме қызметкерлері өздеріне тиесілі жер телімдерін көтеріңкі көңіл-күймен әп-сәтте тазалап шықты.

Бір қуантатыны, көкпектіліктер туған ауылдың гүлденуіне бейжай қарамайтындығын әр сенбілік сайын сөзбен емес, іспен дәлелдеп келеді. Денсаулық кепілі – таза ауа мен жасыл желек екендігін мойындаған олардың белсенділігі әр сенбілік сайын артқандай. Дегенмен, аймағымыздың мұнтаздай тазалығына әлі де көп еңбек ету керек. Сондықтан, алдағы уақытта сенбіліктер өз жалғасын таппақ.

-Ауданда тазалық жұмыстарын жүргізіп, оны көркейту мақсатында арнайы жоспар жасақталып, аудан көлемінде екіайлық сенбілік жарияланған болатын. Өткен сенбіліктерде де, осы аптада да мекеме ұжымдары мен аудан тұрғындары тазалық жұмыстарын ойдағыдай атқарып, қызу еңбек етті. Ұжым болып атсалыса отырып, қолдарына күрек, сыпырғыларды ұстап, сенбіліке бір адамдай атсалысып, тазалыққа өз үлестерін қосты. Осы аптада өткізілген сенбілік барысына 1414 адам қатысып, 43 гектар жер тазаланды. Аудан аумағында қарағайдың 200 түбі мен 100 түп аққайың көшеттері отырғызылды. Жиналған қоқыс қалдықтарын шығару үшін арнайы 9 техника жұмылдырылды. Шығарылып тасталған қоқыстар 210 тоннаны құрады, – дейді Көкпекті ауылдық округі әкім аппаратының жетекші маманы Е.Әубәкіров.

Сенбілік барысында ұйымшылдықтарын көрсетіп, еңбекке құштар, жақсы жұмыс атқарған ұжым ретінде Оңалту орталығы, СЭҚ, ТҮКШ, Раев атындағы балалар үйі, «Балерке» балабақшасы, Сараптама орталығы мен ӨБ-58 қызметкерлерін атап өткен жөн. Алайда, Е.Әубәкіров немқұрайлылық танытып, аудан аумағының тазалығы жұмыстарына қатыспаған мекеме де болғанын айтты. Ол - Қорғаныс бөлімі. Халық қауіпсіздігі сақшылары міндеттерінің көп болғаны соншалық, сенбілікке шығуға мұршалары жетпей жүрген шығар деген ой түйдік.

Бір айта кетерлігі, осы аптадағы сенбілік қарсаңында Жастар орталығының бастамашылдығымен Риддер қаласынан 1000 түп көшет жеткізілді. Бұл шара «Парасатты жастар лигасы» қоғамдық бірлестігі ШҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен Шығыс Қазақстан облысы бойынша жүргізіліп жатқан «Өзің үшін» экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылып отыр. Шығыс Қазақстан облысында ұйымдастырылған  аталмыш акцияның басты мақсаты – облыс аумағын көгалдандыру мен экологиялық мәселелерге қоғамның көңілін аудару, өсіп келе жатқан ұрпақ пен жастарды экологиялық тәрбиелеуге тарту болып табылады. Жеткізілген 1000 көшеттің 500 түбі шырша болса, қалған 500 түп қарағай шыбықтары. Ағаштың қоршаған ортаға беретін пайдасының мол екенін жіті түсінген Көкпекті аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы ең алғашқылардың бірі болып ғимарат ауласына 10 түп қарағай мен 10 түп шыршаның көшеттерін отырғызды. Қалған жас тал шыбықтарының 20 түбі Ж.Болғанбаев мектебіне тапсырылса, 200 Белое ауылына, 400 Көкжайық ауылына, 300 Көкпектіге және 100 түбі аудан тұрғындарына таратылып берілді. “Бір мұсылман бір ағаш отырғызса немесе бір нәрсе ексе және одан бір құс, бір адам немесе жануар жесе, ол адам үшін садақа болып есептеледі” деп қасиетті Құран Хадисте көрсетілгендей, осындай сауапты іс жасап, ауыл халқын тегін көшеттермен қамтамасыз еткен Жастар орталығына тұрғындар тарапынан алғыстар көптеп айтылды.

Ауыл-ауылға жеткізілген көшеттерді отырғызу жұмыстарын сол елді мекендердегі жастар саясаты жөніндегі мамандар ұйымдастырды. Соның нәтижесінде әр ауылда көгалдандыру, әрбір көше мен ауланы жасыл желекке бөлеу жұмысы қарқын алды. Бұл игілікті істен Шұғылбай ауылдық округінің жастары да шеткері қалмай, белсенділік танытты. Ауылдық жастар кеңесінің мүшелері А.Ыдырышова, Д.Мауытқазинов, А.Шәріпбекова, А.Мұсағазинова, О.Мұқатаев және бір топ ауыл жастары жұмыла отырып, 17 түп көшет отырғызды. Ал, Миролюбовка ауылдық округінің жастары «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ата-бабамыздың өсиетін берік ұстанып, ұйымшылдықтарымен, белсенділіктерімен көзге түсті.

Ауылдарымыздың көркеюі әр аулаға байланысты екені белгілі. Ауланы абаттандыру - ауылдың абыройы. Сол себептен, алдағы уақытта өз жалғасын табатын игілікті істен шеткері қалмай, оған бір кісідей атсалыссақ, ауылымыздың абыройы арта түсетіні анық. "Ауылын көріп, азаматын танығандай" беделіміз биік болсын, ағайын!

Арайлым МИРАТҚЫЗЫ

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Сәуір 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 23 24 25 26 27
28 29 30        

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз