Чернобыль апаты — келтірген залалы мен салдары жағынан ХХ ғасырдағы ең ірі техногендік радиациялық апат деп танылған. Оны жоюға барлығы 600 мыңға жуық адам қатысса, химиялық қорғау полкі құрамында 32 мың қазақстандық болған. Бүгінде арамызда олардың алты мыңдайы ғана бар. Біздің Шығыс Қазақстаннан 4 мыңнан астам адам қатысып, алған сәулеленуден көбі қайтыс болған, қазіргі күні ортамызда жүргені 900-дей ғана, ал Самар өңірі бойынша ортамызда жүргені 5-ақ адам. Олар өз денсаулығы мен өмірін қиып, украин халқының басына ауыр күн туғанда қасынан табылып, көмек көрсетті. Чернобыль апаты күллі адамзаттың қасіретіне айналды. Стансаның реакторларынан шыққан радиоактивтік материалдар 1945 жылы Жапонияның Хиросима қаласына түскен атомның бөлген радиациясынан 400 есе көп.
Арада 29 жыл өткенімен, Чернобыль атомдық апатының зардабы мен жан шығыны әлі толық есептелген жоқ. Біздің мыңдаған отандастарымыздың ерлігі мен жігері болмаса, апаттың ауқымы одан да үлкен болуы ықтимал еді. Олар азаматтық борыштарын орындап, адамдарды радиацияның зиянды әсерінен қорғады, оның әрі қарай таралуына тосқауыл болды. Чернобыль апаты зардабының ауыр болғанын ескере келе, оқыс оқиғада қаза болғандарға және денсаулықтарын жоғалтқандарға құрмет көрсету — әрбір азаматтың парызы деп білеміз.
Самар ауылындағы тарихи-өлкетану мұражайында чернобыльдықтарға арналған арнайы бұрыш жасалды. Мұнда сол апат зардаптарын жоюға қатысқан азаматтардың суреттері, тарихи деректер, оқиға барысы туралы материалдар көркемделіп жасалды. Мұражайда осындай бұрыштың ашылуы-на Чернобыльдықтардың облыстық, аудандық кеңесі мүдделі болып, «ЖҚБ-14» ЖШС басшысы А.Федосов, «Қалисатарұлы» ШҚ басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты С.Жотабаев демеушілік көрсетті. Мұражай директоры Г.Дүсіпова, Самар ауылдық округі әкімшілігі, Самар орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «Үнсіз соғыс жауынгерлері» атты шара өтті.
Қайрат Қаймолдинов, Василий Гордеев, Өнерхан Еңсебаев, Болат Жоңқабаев, Айдар Тоқтасынов сол қайғылы оқиғаның тірі куәгерлері әрі сол апатты жоюға қатысушы жауынгерлер. Олардың барлығы да сол кезде өрімдей жас болатын. Бұл күні оларға құрмет көрсетіліп, ауылдық округ әкімі естелік сыйлықтар табыс етті. Чернобыльдықтардың облыстық кеңесі атынан А.Федосов пен С.Жотабаевқа Алғыс хат тапсырылды. Қаруластарына Қ.Қаймолдинов, ардагерлердің аудандық Кеңесі төрағасының орынбасары Н.Шалова сөз арнады. Ол апат салдарынан өмірден ерте кеткен азаматтарды үнсіз еске алуды ұсынды. Көкжыра ауылының тумасы Б.Бейсетаев өзінің сыныптасы Марат Жамангутов туралы естелік айтты. Марат 1985 жылы әскер қатарына шақырылған. Ол Отанға адал болу антын бергеннен кейін көп ұзамай Чернобыльға аттанды. 1987 жылы әскер қатарынан оралған өрімдей жас ата-анасы, ауылдастары мен достарының ортасында алты-ақ ай өмір сүрді. «Ол мектепте де өте алғыр, қашанда бастамашыл болатын, оның апат зардабын жоюға өз еркімен, алдыңғы сапта болмауы мүмкін емес еді», - деп есіне алады досын Бауыржан Бейсетаев. Апатты жоюға қатысқан, ортамыздан былтыр ғана кеткен жанның бірі – Базархан Сейсенбаев. Ол туралы естелікті інісі Мырзабек айтты.
Бұл жиынға орта мектептердің жоғарғы сынып оқушылары, колледж студенттері шақырылды. Тәрбиелік мәні зор шараға кітапханашы Г.Шідерінова слайдтар мен деректі фильм ұсынды. Ал Мәдениет үйінің әншілері Т.Нечаева мен Д.Самарина «Милосердие» әнін, жас өнерпаз А.Дәрібаева «Аве Мария» әнін сыйға тартты. Айымгүл Ықай орындаған «Қазақ елі» әні патриоттық сезімді одан әрі рухтандыра түсті.
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.