Иә, бұл күнгі салтанатты жиынға қатысқан, кешегі сұрапыл жылдарды басынан өткерген аталар мен әжелердің барлығы да солай дейді. Олардың бірі Жеңіс хабарын майдан даласында естісе, енді бірі көктемгі егін науқанымен егістікте болған, ал енді бірі төрт түлік малдарын жайлауға шығарған еді. Жетпіс жыл. Сол қуанышты көктемнен бергі жетпісінші көктем. Майданнан жеңіспен оралған жауынгерлердің осы көктемге жеткені саусақпен санарлықтай ғана. Аудан бойынша 14 ардагер болса, Самар өңірінде 6 ардагер бүгінгі сый–құрметке әбден лайық. Көкпекті ауданын 9 Ұлы Отан соғысының Батыры шықса, соның алтауы Самар топырағынан. «Тылсыз ешқандай жеңіс болмас еді», - дейді әскери адамдар. Жеңіс күнін жақындата түскен еңбек майданының ардагерлері де бұрынғыдан азайып қалған.
Самар ауылының тұрғындары мен қонақтарының Жеңістің 70 жылдық мерейтойы құрметіне арналған салтанатты жиынында аудан әкімінің орынбасары Алмагүл Әкімова солай дей келе ардагерлерді, тыл еңбеккерлерін, барша жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Самар ауылдық округінің әкімі Салауат Дүсіпов, тыл ардагері Күләш Оралбекова, ауғандық жауынгер Мұрат Нұрпейісов, жастар атынан Ерболат Баженов, ардагерлердің ұрпағы, «ЖҚБ-14» ЖШС бас директоры Александр Федосов құттықтады. Александр Ивановичтің әкесі де, анасы да соғыс ардагерлері. Әкесі осы күнге жете алмаса да, анасы Валентина Степановна ауданымыздағы жалғыз әйел-ардагер. Ауданымыздағы құрылыс мекемелерінің бірін басқарып отырған майдангер ұрпағы Жеңістің 70 жылдығына орай ауданымыздың барлық дерлік елді мекендерінде ескерткіштер ашылып, соғыста шейіт болғандарға осылайша тағзым көрсетіп отырғанын айта кетті. Басқа да мекеме, кәсіпорын, шаруашылықтармен қатар өзі басқарып отырған жол құрылысы мекемесінің де үлес қосқанын қасиетті борышымыз деп санаймыз деді. Биыл Самар ауылындағы Даңқ мемориалында да жөндеу жұмыстары өткізіліп, ардагерлер мен қонақтар отыратын көп орындық көрермендер орны жасалған. Жаңадан көшеттер, гүлдер отырғызылып, шамдары жаңартылды.
Салтанатты жиында соғыстың сұрапыл күндерін бейнелейтін қойылымдар көрсетіліп, жас жауынгерлер шеруі өтті. Ауылдағы мекеме, ұжымдар атынан ескерткіш басына азагүлдер қойылып, бір минут үнсіздік жарияланды. Мәдениет үйінің, мектеп оқушылары мен ұстаздарының, колледж студенттерінің концерттік бағдарламасы, театрландырылған көріністері көрермендер көзіне жас үйірілтті. Ең кішкентай бишілер «Дәншік» балабақшасының тәрбиеленушілері орындаған «Сарбаздар» барлығына ерекше көңіл күй сыйлады. Аспанымыз ашық болып, сәбилеріміз жыламасын, тек қана осындай мамыражай күн болсын деп тіледі жұртшылық.
Мереке құрметіне жайылған дастархан басында ардагерлер Қ.Қожаев, М.Ықласов, Э.Тваровскийге «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің атынан Алғыс хат пен сыйлық табыс етілді. Самар ауылдық округінің әкімшілігі де ардагерлерге бағалы сыйлық пен құттықтау хат ұсынды. Алмагүл Жанахметқызы мен Салауат Қалымжанұлы соғыс ардагерлері Валентина Степановна Федосова мен Николай Иванович Чумаковты үйіне барып құттықтап, сыйлықтарды табыс етті.
Ардагерлер, сіздерге тек мереке күні ғана емес, күнделікті сый-құрмет көрсетсе де артық емес. Өскелең ұрпақ сіздер сыйлаған бейбіт күнге көлеңке түсірмей сақтауға қашанда әзір дейді бүкіл адамзат атаулы. Жеңіс мерекесі құтты болсын!
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.