Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 70 жыл өтті. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді. Сол себепті қазіргі көзі тірі ардагерлердің ерлік істерін дәріптеуде, ағымдағы жылдың 11 наурыз күні Үлкенбөкен ауылындағы «Аграрлық техникалық колледжде» Ұлы Отан соғысының ардагері Кинбаев Елеусіз атамен кездесу өтті. Бұл кездесу атамыздың 90 жасқа толған мерейтойымен тұспа-тұс келді.
1925 жылы дүниеге келген, жетімдер үйінде тәрбие алып өскен, сұм соғыс сұрапылынан аман қалып, бүгінде 90 жасқа келген Елеусіз атаның өзі айтпақшы арманы жоқ. Кешегі ашаршылық, қуғын-сүргінде балалық шағын, құрбан етсе, Ұлы Отан соғысында жастық жалын шағын берді. Ұлы Отан соғысына 18 жасында аттанып, 1943-1948 жылға дейін майданда болып, жеңіс қуанышын көріп, жауынгерлік міндетін атқарып елге жай оралды. Тылда еңбек етті, шахтаға түсіп кен қазды, 1950 жылы отбасын құрып, ұрпақ өргізді. Соғыстан кейінгі жылдар мал бақты, әртүрлі жұмыс түрін атқарып соғыс салған жараны жазуға елімен бірге ерен еңбек етті. Әке болып отбасының балалы үй базар болғанын қалады. Ол тілегі де орындалып, жұбайы екеуі 8 баланы дүниеге әкеліп, олардан 22 немере, 18 шөбере сүйіп отыр. Соғыста өлім туралы көп ойлап, болашақ өмір туралы қиялға бөленген ардагер осы күнге жеткеніне тағдырына тәубә етеді.
Ардагерді 90 жасымен құттықтауға аудан әкімінің міндетін атқарушы Р.Н.Сағындықов және аудан әкімінің орынбасарлары К.Р.Смаилова, А..Әкімова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А. Әбенов келіп құттықтау лебіздерін білдірді. Аталмыш колледжде оқитын шәкірттер мен ұстаздар концерттік бағдарламасын ұсынды. Кеш соңында ауыл әкімі Н.Назарханов құттықтау сөз алып сыйлық берді.
Иә, кешегі соғысқа кеткен 18 жастағы жігіт Елеусіз атамыз, бүгінде 90 жаста. Бір ғасырға таяған өмірі, тарихтағы өшпес үлгілі өмір, болашақ ұрпаққа жол болары сөзсіз. Атамызды біздің ұжым да құттықтап, жақсының жақсылығын жария ету үшін қолымызға қалам алғанымыз осы. Атамыздың ғасырлық өмірі әлі талай жазылып, оқырманға үлгі болары сөзсіз.
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.