Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

 

Бала кезімізде телеарналардан әлем жаңалықтарын қарап, Жапониядағы, Пәкістандағы, басқа да теңіз жағалауында орналасқан мемлекеттерде жер сілкінісінің нәтижесінде болған цунамилердің зардаптарын, су тасқынынан соң орын алған қайғылы оқиғаларды көріп, миллиондаған адамдардың қасіретіне куә болып, жанымыз түршігетін. Қазақстанда осы іспеттес жағдайлардың болмағанына тәубәшілік қылатынбыз.

 

Алайда, соңғы жылдары көктеммен бірге жылыстап келетін су апаттары біздің елді де жаулап алғандай. Мәселен, осыдан төрт жыл бұрын ерте көктемде орын алған Қызылағаштағы қайғылы оқиғадан кейін іле-шала шығыстың шырқын бұзған су тасқыны елдің есін алған еді. Ақсуат «аралға» айналып, сол маңдағы ауылдардың адамдары жан сауғалай қашып, мал-мүлік пен үй-жай, қора-қопсы қызыл судың астында қалған болатын.Сонымен қатар, шыңылтыр қыстан қысылып шыққан Шығыс Қазақстан, оның ішінде өзіміздің ауданымыздағы Самар ауылының тұрғындары да көктем келіп көңіліміз жадырай ма дегенде, Алла тағаланың тағы бір сынағы - су тасқынына тап болғаны барша аудандастардың есінде болар.

Биылғы жылдың көктемі де өзімен бірге тағы бір қасіретті ала келді. Рас, «апат айтып келмейді». Естеріңізге сала кетсек, 31 наурызға қараған түні Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы Көкпекті су қоймасындағы плотинаның жырылып кетуіне байланысты Көкпекті ауылын топан су басып қалған еді. Жоғарыдан көп ағын судың келіп құйылуы мен шлюз камерасының өткізу қабілетінің нашарлығы салдарынан тасқынның плотинадан асып түсу ықтималдылығы 18 сағат 30 минутта байқалды.

Осыған байланысты Көкпекті ауылының өзен жағалауына орналасқан 70 үй мен Қарағанды қаласына қарасты Сортировка елді мекенінің 30 үйіне жағдай хабарланып, тұрғындарды басқа жаққа көшіру орын алып қалуы мүмкін екені ескертілді. Тұрғындардың көшірілетіні туралы ақпар Көкпекті және Нұра өзендері жағалауларында тұратын тұрғындардың барлығына жеткізілді. Ол үйме-үй аралап шығу тәртібімен жүргізілді.

Алайда, жағдай ойлағаннан да тез өріс алып кетті де, 31 наурыз күні түнгі 1 сағат 30 минутта су плотинаның ернеуінен асып кетті. Нәтижесінде Көкпекті ауылында 810 адамы бар 100 үйге тасқын су лап қойды. Судың деңгейі бірден 1,5-1,8 метрге жетті. Түнгі 2 сағат 45 минуттан кейін ғана кенттегі судың деңгейі қайта бастады.Төтенше жағдайды жою мен су басқан жерлердегі тұрғындарды көшіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің құрамында 124 адамы мен 15 жоғары өтімді техника бірлігі бар азаматтық қорғаныс полкі, медициналық апат бөлімшелері, құтқарушылар тартылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Көкпекті кентінің 125 адамы құтқарылды. Құтқару жұмыстары барысында бөгет шайылып кетуінің нәтижесінде бес адамның қаза тапқаны анықталды. Медициналық пунктке 9 адам көмек сұрап келсе, олардың 6-уы шұғыл ауруханаға жатқызылған.

Апаттан кейін екі апта уақыт өтті. Болған іске болаттай болу - қазақтың қашаннан қанына сіңген қасиет. Табиғаттың тосын мінезіне бола бордай езілу елдікке сын. Елі мен жерін жауға да, дауға да бермеген жұрттың жұмыла көтерген жүгі әрқашан жеңіл болады емес пе?. Елде болса, еншіге тиетінін ескерген ұлттың ұрпақтары ел басына күн туған заманда да қабырғасы қайыспай ауыртпалықты бірге көтеріп, бөлісіп, жеңе білген. Бүгінгі ахуал соның бірі ғана. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әрекет еткен елде береке орнайды. Болар елдің балалары болашақты болжайды. Бұл бізге бабалардан қалған тағылым, өнегелі тәрбие. Сондықтан, қазір Көкпектідегі толассыз су тасқынынан жапа шеккен ағайынға бүкіл қазақ бір кісінің баласындай қолұшын созып, қолдау көрсетуге асығуда. Осындай қысылтаяң шақта Қарағандының тасқынынан зардап шеккен Көкпекті ауылының тұрғындарына көмек қолын созуға біздің облыс та асықты. Осылайша, облыс бойынша жасақталған «Көмек керуені» Көкпектіге жол тартты. Қысылған ағайынға қиын сәтте қол ұшын беру қанымызға сіңген қастерлі қасиет екенін шығысқазақстандықтар осылайша танытты.

Облыстан шыққан керуенді осы елді мекенмен аттас біздің ауданның әкімі Д.М.Мусин бастап баруының өзіндік себептері бар. Осыдан төрт жыл бұрын біздің аудандағы Самар ауылының халқы да тасқынмен бетпе-бет келген еді. Сол кезде малынан, баспанасынан айырылған жұртқа «бір-бірімізге бауырмыз, ағайынбыз» деп алып ұшқан жерлестер жәрдемдесіп, қолда барларын аямай, барын берген болатын. Осылайша, қиыншылыққа душар болған самарлықтар түкпір-түкпірден жеткен көмектің арқасында тасқынның салдарын еңсергені ел есінде.

«Көмек керуенінің» құрамына сегіз аудан кірді. Олардың ішінде су тасқыны мәселесінің жай-күйімен іштей таныс, оның ауыр зардаптарын басынан өткерген Тарбағатай ауданы жалпы сомасы 2000000 теңгені құрайтын қаржылай көмек ұсынды. Тарбағатай тауының етегін мекендеген елсол кездегі ақ қар көк мұзда басына түскен ауыр күндерді барша халықтың, үкіметтің арқасында еңсерген еді. Сол себептен, көкпектіліктердің жағдайын бірден түсінген тарбағатайлықтар жиналған қаражатты су шайып кетуінен қайтыс болған адамдардың отбасына табыстады.

Сонымен қатар, Бесқарағай ауданы 30 куб метр өлшеміндегі кесілген тақтайшалар апарса, Жарма ауданы 20 тонна цемент, Шемонайха 2000000 теңге қаржыны құрайтын тамақ өнімін, Бородулиха әрқайсысы 100 данадан көрпе, жастық, төсек-орын жабдығын, Абай ауданы 100 бас қой және Аягөз ауданы 200 бас қойды көмек ретінде жіберді. Ал, біздің аудан жалпы сомасы 2500000 теңгені құрайтын қаражатқа зардап шегушілерге аса қажетті өнімдерді жөнелтті. Бұл заттардың барлығы аудандағы жомарт жандардан, атап айтқанда, шаруашылық басшылары мен жеке кәсіпкерлердің демеу көрсетуімен жиналғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, айтарлықтай көмекті бюджеттік ұйымдардың жұмысшылары көрсетті. Олар қысқа мерзім ішінде арнайы ашылған есепшотқа өздерінің бір күндік еңбекақыларын аударды. Бұл игілікті істің бастамашылары мен көшбасшылары – ауданның ұстаздар қауымы. Өзгенің қайғысын жан-тәнімен сезіне білетін біздің ұстаздар алғашқылардың бірі болып жомарттықтарын танытты. Осылайша, біздің ауданнан 80 данадан матрас, көрпе, жастық, төсек-орын жабдығы, жылы жүн орамал және  10 тонна ұн, 3 тонна жарма, 5 тонна құрама жем, 105 литр күнбағыс майы, 3,9 тонна картоп жеткізілді. Бұл өнімдердің біршамасын ұсынған қожалықтар мен жеке кәсіпкерлердің есімдерін атай кеткенді жөн көріп отырмыз. Олар –«Мәмбет» (Е.Мәмбетов), «Дүсіпов» (Е.Дүсіпов), «Лик» (М.Лопаткин), «Колос» (Е.Болде), «Қалисатарұлы» (С.Жотабаев), «Дархан» (Б.Рапеков), «Серік» (А.Қажығалиев), «Белое» (С.Нұрпейісов), «Елім-ай» (Б.Бекбердинов), «Құдайбергенов» (Қ.Құдайбергенов), «Үштерек» (А.Рапеков), «Рустам» (К.Дюсебаев), «Сарышоқы» (А.Тоқашев) шаруа қожалықтары мен «Рыбпром» (А.Нарожнев), «Құсайынұлы» (Б.Құмаров), «Восток фиш» (Н.Карчев), «Еңбек-агро» (М.Құсайынов), «Казнаковка» (А.Воротников), «Өрнек» (Е.Қойгелдин) жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Жеке кәсіпкерлерден Т.Зүлфиев, Б.Шаяхметов қол ұшын созса, «Алекс» ШҚ (А.Бойков) және Аймақтық кәсіпкерлер палатасының Көкпекті аудандық филиалының төрайымы Әлия Мұқашева осы заттарды жеткізетін КамАЗ және газель көліктерін ұсынды. Ал, «Мадина» ШҚ (С.Нұрғалиева) жолға кететін жанар-жағармайды көтеріп алды. Ауданымыздан жөнелтілген осы заттарды ауылдық округтің әкімі Қ.Жадрин бастап апарды. Ағайындық сыналар сәтте осындай қайырымдылық жасаған аудандастарымызға Алланың нұры жаусын демекпіз.

Керуен аясында сегіз КамАЗ және екі газельдің жүгін үйлестіруші ретінде Көкпекті аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Б.Оразғалиева тағайындалды. Бақыт Есімханқызының басқаруымен жас мамандар З.Омарова және Г.Жотабаева 8 ауданнан жиналған жалпы сомасы 15 млн. теңгеден асатын көмекті діттеген жеріне жеткізіп, зәру адамдардың қолдарына апарып тапсырды. - Жомарттық, мәрттік қасиет қазаққа бағзыдан тән. Дана қазағым “қайғыны бөліссе жеңілдейді” дейді ғой. “Өмір қымбат, бірақ бәрінен де көңіл қымбат” деген тағы бір ғажап сөз бар. Сол айтқандай, біз бәріміздің қабырғамызды қайыстырған осы бір қайғыны бөлісіп, аз да болса жеңілдету үшін көмек қолын созуға асықтық. Су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындарына ең керек деген заттардың тізімін ала отырып, тезірек жеткізу үшін 10 сәуір күні Семей қаласынан сағат төрттердің кезінде жолға аттанып кеттік.

Біздің ауданда да осындай қайғылы жағдай орын алғанда отандастарымыз көмекке келген еді. Біз деөз тарапымыздан аянып қалмай, көмекке зәру адамдарға демеу қылдық. Көкпекті ауылына келіп жеткенімізде бізді ауыл адамдары құшақ жая қарсы алды. Үш сағаттың ішінде барлық заттарды түсіріп, керек жарақтарды таратып бердік. Біз апарған әлеуметтік көмек халықтың қамкөңілін аз да болса сейілтті. Олар да өз кезегінде ауыр жағдайда қайғыларын бөліскен кеңпейіл жандарға, облыс басшысына және біздің ауданның әкіміне, жүрегі елім-жерім деп соғатыназаматтарға алғыстарын білдірді, - дейді Бақыт Есімханқызы. Шығыстан келген көмекке Бұқар жырау ауданының әкімі де өз алғысын білдірді. - Көмек керуенін ұйымдастырушыларға барлық ауыл тұрғындары атынан зор алғысымды білдіремін. Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар екенін білдік, ол – бірлік,-деді Нүркен Қобжанов.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Алдағы уақытта үкімет тарапынан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен жөнелтілген көмектің арқасында Көкпекті ауылы қалпына келтіріліп, тірлік ырғағы түзелетініне сенім білдіреміз.

Арайлым МИРАТҚЫЗЫ

 

 

 

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Сәуір 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30        

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз