Аудан әкімінің м.а. Р.Сағындықовтың Тассай, Биғаш, Мариногорка, Белое ауылдық округтерінде кезекті есептік кездесулері өтті. Бұл кездесулерге жеке бөлімдер басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері және ауылдың қарапайым тұрғындары көптеп қатысты. Тассай округіндегі жиын 6 ақпандағы «Менің бір ғана Отаным - Қазақстан» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойының республика бойынша ашылу күніне сәйкес келіпті. Бұл күні халықтар достығын дәріптеген сан түрлі ұлт өкілдерінің киімдерін киген тассайлықтар тұрғындар назарына шағын музыкалық композиция ұсынып, көпшілік көңілін бір марқайтып тастады.
Сондай-ақ, аудан әкімінің есебін зер сала тыңдаған ауыл тұрғындары ашық райдағы әңгіме алаңында әкімнің жыл бойы атқарған жұмысына оң бағасын берді және өздерін толғандыратын сауалдары мен ұсыныстарын ортаға салып, аудан, қала берді ауыл тіршілігіне бейжай қарамайтындықтарын көрсетіп, белсенділік танытты. Тассайлықтар тарапынан қойылған ерекше атап көрсететін мәселенің бірі ретінде округтің Үшкөмей ауылында жергілікті бюджет қаражаты арқылы тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге арналып қайта жабдықталған су алу ұңғымасының біраз уақыт қана жұмыс істеп, бүгінгі күні су ақпай қалғаны туралы болды. Тиісті бөлім басшысы қажетті шара қабылдап, жағдайды түзейтініне сенімдіміз.
Газеттің бүгінгі санында да «Күннің басты тақырыбы» айдарын жалғастыра келе, ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы, аудан әкімінің м.а. Р.Сағындықовтың есептік кездесулері және ауданда сүт өндірісін дамыту туралы жерлестеріміздің ой-пікірлерін жариялап отырмыз.
ДАҒДАРЫСТАН АЛЫП ШЫҒАР ЖОЛ
Қуан Түсіпбеков, ауданның құрметті азаматы, ақсақалдар кеңесінің мүшесі:
- Қазақтың маңдайына біткен кемеңгер Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар-баевтың жыл сайынғы Жолдаулары қазақстандықтардың бойына күш-жігер және болашаққа деген ұмтылыс пен сенімнің нұрын құятын қасиетті бағдаршам деуге әбден болады. Елбасының биылғы Жолдауы дүниежүзілік экономикалық дағдарыс кезеңінен сүрінбей, қиындықсыз өтудің жоспары екені анық. Ол халқының болашағына даңғыл жол ашып, «Нұрлы жолын» екшелеп берді.
Жолдау тапсырмалрын іс жүзіне асыру жолында жерлестерімізбен бірге, біз, ауылдың белсенді қариялары да қалыспай, ел мүддесі үшін өз үлесімізді қосуға әзірміз. Халықтың жағдайы, жылдан жылға, күннен күнге мемлекеттік бағдарламалардың қолдауы, ерінбей еткен еңбектің арқасында түзеліп келеді.
Биылғы жылды Елбасы өз Жолдауында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы етіп жариялағаны, 20 жылдық мерейтойды атап өту барысында бүкіл қазақстандықтардың бұрынғыдан да бір шаңырақ астына жұдырықтай жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратынына сенімдімін.
Ата-бабаларымыз кездес-кен қиындықтардың барлығын жеңе отырып, кейінгіге көптеген игіліктерді мұраға қалдырды. Енді сол құндылықтарды келер ұрпақтың қолына төкпей-шашпай табыстауымыз үшін ауыз біршіліктің болғаны жөн. Елбасы саясатын қызу қолдаймын.
Мақпал Жүнісова, мұғалім, М.Әуезов атындағы орта мектеп:
-Ел Президентінің биылғы Жолдауы қазақстандықтарға жігер, қажыр-қайрат беретін-дігімен ерекшеленді. Бас қала – Астанадан елдің барлық аймақтарына күн шұғыласындай жолдар еліміздің серпінді дамуына мүмкіндік жасайтын болады. Экономиканың күретамыры болып табылатын нұрлы жолдардың маңыздылығы, Жолдаудың іс жүзіне асырылатыны, оның тармақтары мен мәнін оқушыларға түсін-дірудеміз, ата-аналармен жұмыс
барысында насихаттаймыз. Ағымдағы жылы атап өтілетін мерейтойларды өз дәрежесінде мерекелеу үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз.
Алмагүл Түсіпбаева, ша-руашылық меңгерушісі, Белое ауылы:
-«Нұрлы жол» Жолдауы барлық қазақстандықтардың көңілінен шыққаны анық. Елбасы өз Жолдауында халықты дағдарысқа қарсы тұрып, төтеп беруге шақырады. Осы Жолдау негізінде аудан, ауыл болып жүйелі жұмыс атқаруда. Соның ішінде мал шаруашылығын дамыту бағытында сүт қабылдау жұмысын тұрғындар құптап отыр. Ауыл халқының көбі малдың арқасында күн көріп отыр, алысқа апармай сүт өнімдерін өткізіп тұрса, тиімді күнкөріс көзі болады.
Катрен Байжұманов, ауыл клубының меңгерушісі:
-Жыл сайын аудан әкімі және ауылдық округ әкімдерінің халықпен есепті кездесулері тепе-тең дәрежеде, еркін, ашық шырайдағы әңгіме түрінде өткізіліп келе жатқаны қуантады. Бүгінгі жиында әркім ауыл тұрғындарын мазалайтын түйткілді мәселелерін ортаға салып, мұң-мұқтажын жеткізді және мамандар тарапынан толыққанды жауап ала алды. Жалпы басшылардың қарапайым еңбек адамдарымен етене байланыста болуы құптарлық іс.
Облыс басшысы Д.Ахметов-тың бастамасымен ауданда қолға алынып жатқан тауарлы сүт фермаларын ашу жобасын барлығымыз да белсене қолдаймыз. Бұл экономикалық дамуға, әсіресе, ауылда жеке меншік мал шаруашылығымен шұғылданып отырғандарға аса тиімді екені рас. Жұмыссыз отырған адамдар үшін кіріс көзі болады.
Ал Ассамблеяның 20 жыл-дығына арналған 1 наурызда өтетін «Бір шаңырақ астында» тақырыбындағы үлкен іс-шараға дайындықты жоспарлап та қойдық. Мақсат Байбазаров, бас маман, ауылдық округ әкім-шілігі:
-Ауданда қолға алынып жатқан тауарлы сүт фермасын ұйымдастыру жұмыстарына байланысты округтегі мал басын есепке алып, санақ жүргізіп, сараптама жүргізудеміз. Аудан орталығында орналастырылатын сүт салқындатқыш өнімнің сапасын сақтауға пайдалы екені белгілі. Сапалы өнім өндірістің толыққанды дамуына түрткі болады. Ауыл және қала халқы денсаулыққа пайдалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етілетін болса, ол тұрғындардың әлеуметтік жағдайын да түбе-гейлі өзгертетіні сөзсіз.
Назгүл Оспанова, дәрігер, Тассай ауылы:
-Биылғы 2015 жыл Қазақстан үшін мерекеге толы болмақ. Ұлы Жеңістің 70, Қазақ хан-дығының 550, Ассамлея мен Конституцияның 20, Абай Құ-нанбайұлының туғанына 170 жыл толады. Осы аталған мерекелерге байланысты Тассай ауылында түрлі іс шаралар мен акциялар жиі өткізіліп тұрады. Мысалы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай дәрігерлік емхана қызметкерлері Тассай ауылына қарасты Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің денсаулығын жіті бақылап отырамыз. Тегін дәрімен қамтамасыз етіп, үйлерін аралап емдейтін кездер де болады. Бүгінгі бейбіт өмірді сыйлаған жандардың денсаулығы мені әркез алаң-датпай қоймайды.
Гүлжанат Ликерова, үй шаруасындағы әйел, Биғаш ауылы:
-Ауданда ұйымдастырылған бұл игі істі қолдаймын, әрине, үй шаруасындағы мен сияқты әйел адамдарға табыс табудың жолы деп ойлаймын. Күнделікті сүтті ерінбей өткізіп отырсаң, жаман емес. Сарылып мемлекеттен беретін жәрдемақыны тосып отырғанша, өзің еңбек еткенің жақсы емес пе.
Сәтбек Байсеңгіров, Биғаш ауылы:
-Аудан әкімінің басқару, ұйымдастыру жұмыстары тұрғындардың көңілінен шы-ғуда. Ауданымызда, ауылымызда бірталай игі жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі сүт қа-былдау мәселесі. Біздің ауыл-дың малдары етті болып келеді. Сүт қабылдау пункттері ауыл-ауылда жұмыс істеп, мал басын асылдандыру қолға алынса, бұл өндіріс жақсы өркендер еді. Бұның қарапайым халыққа беретіні көп, ең бастысы ерінбей еңбек ету.
Оралғазы Қамзаев, зейнеткер, Биғаш ауылы:
-Елбасының халыққа Жолдауын телевизордан тыңдадық. Біздің Президентіміз халқының қамын ойлайтыны оның әр жылғы Жолдауынан байқалады. Елбасының ақылды, көреген саясатының арқасында заманымыз тыныш, бейбіт өмірде тұрып жатырмыз. Аудан бас-шыларының жетекшілігімен Елбасы тапсырмаларын орын-дауға ұмтылу міндетіміз. Ауданда сүт фермасының ашылуы, әрине, өте жақсы бастама. Жоба шын мәнінде әрі қарай дамып, іс жүзіне асса, халық тапқан табысының қызығын көрер еді.
Элмира Есімова, күміс алқа иегері, Биғаш ауылы:
-Аудан көлемінде ашылғалы отырған ТСФ-ның бастамасы жақсы, ауылдық жерлердің негізгі айналысатыны мал шаруашылығы болғандықтан, елдің көңілінен шығады, бұл игі істің қарапайым халыққа беретіні көп.
Клара Әубәкірова, зейнеткер, Маринагорка ауылы:
-Облыс әкімі Д.Ахметовтің тапсырмасы бойынша сүт өн-дірісін дамыту үлкен жаңа-лық. Сонымен бірге, ауыл тұрғындарынан сүт жинау мәселесі де қарастырылуда. Сондықтан, ауылдастарыма, әсіресе, жастарға айтарым, ерінбеңдер, біздің ауылда мал жайылымы кең, сауынды сиыр ұстауға қолайлы. Егер болашақта сүттің қабылдау бағасы көтерілетін болса, тапсырылатын сүт мөлшері де арта түсетініне сенім мол.
Сайран Қашкенов, зейнеткер, Мариногорка ауылы:
-Елбасымыз жыл сайынғы Жолдауында елдің қамын, біз сияқты қарапайым ауыл адам-дарының тұрмыс - тіршілігіне көңіл бөлінеді. Соның дәлелі бүгінгі ауданымыздағы сүт қабылдау бастамасын айта кетуге болады. Сүт фермасы бұл әрине жақсы бастама, жұмыссыз отырған отбасыларының және жеке шаруашылықтардың табыс көзі, сиырдан алған сүттерін еш қиындықсыз өткізуге қолайлы. Бастаған осындай игі істер көбейе берсін, табысты, жемісті болсын демекпін.
Ғинаят Бұғыбаев, зейнеткер, Белое ауылы:
- Елбасымыздың көреген саясатының арқасы, бар-лығымыз бір кісідей ашық аспан астында, бірлігіміз жарасып, орыс, қазақ демей өмір сүріп жатқанымыз осыған дәлел. Аудан басшыларының жұмыстарына көңіліміз толады. Әсіресе, биылғы алғаш ұйымдастырылып отырған сүт қабылдау жұмысы халыққа ұнайды. Әр істің алға басуы оны қолға алғандардың жауапкершілігіне байланысты дер едім.
Күлпану Қожаева, аудан-дық маслихат депутаты, мектеп директоры, Белое ауылы:
-«Нұрлы жол» Жолдауы барлық қазақстандықтарды жа-ңа даму кезеңіне бастайды, осы саясаттың жүзеге асуына атсалысу барлығымыздың міндетіміз. Аудан әкімінің есебін ақпарат беттерінен оқыдым. Бір жылғы істелген еңбектерінің қорытындысы көрер көзге айқын. Соның бірі тауарлы сүт фермасының жобасы. Ауылдағы мал асырап отырған адамдарға көмегін тигізеді.
Альфира Темірғалиева, Жаңажол ауылының кітап-ханашысы:
- Сүт фермасын ашу, менің ойымша жұмыссыз отырған отбасыларының және жеке шаруашылықтардың табыс көзі деп ойлаймын. Сиырдан алған сүттерін еш қиындықсыз өткізуге қолайлы. Елбасымыздың биыл-ғы «Нұрлы жол» Жолдауын газет беттерінен оқыдым. Ең басты міндет қоғамдық келісімді сақтау болып табылады. Сондықтан бүкіл қоғам болып ортақ қиындықтарды жұмыла көтеру бағытында аянбай еңбек етуіміз тиіс.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.