Көктемнің алғашқы күні - Қазақстан халқы үшін айтулы күнге айналып, еліміздегі ұлттық күнтізбе тағы бір мерекелі датамен толыққан күн. 1 наурыз - Алғыс айту күні. Сонау қасаң замандарда Қазақстан жеріне қоныс аударылып, бүгінгі күні татулықтың түтінін түтетіп отырған түрлі этностардың байтақ қазақ жері мен дархан қазақ халқына терең тағзымының белгісі.
Столыпин реформасы кезінде елге тұтас этностар депортацияланды. Түрлі этнос өкілдерін вагондармен ашық далаға әкеп тастады. Онсыз да күнін әрең көріп отырған қазақ отбасылары оларды үйіне кіргізіп, қамқорлық танытты. XX ғасырдың басында Қазақстанға Беларусь, Ресей және Украинадан 1,1 миллион адам қоныс аударды, ал 1930 жылдары ұжымдастыру барысында 250 мың шаруа жер аударылып, тағы 1,2 миллионға тарта адам өнеркәсіп нысандарын тұрғызуға келген. Олардың бәрі Қазақстанда орнығып, қиын кезеңдерді қазақ халқымен бірге еңсерді. Сондықтан елдегі мерекелер қатарының Алғыс айту күнімен толығуы игілікті іс болды. Бұл күннің астарында қазақ халқының бауырмалдығы мен мейірімділігіне ризашылық білдіру жатыр.
Тату тіршілік пен бейбіт ғұмырды, жасампаздық пен жарастықты, бауырмалдылық пен берекені насихаттауды мақсат еткен мереке қарсаңында Көкпекті ауылында тұратын шешен ұлтының өкілі Сұлтан Адамұлы Ибрагимовпен тілдестік.
Сұлтан Адамұлы Ибрагимов Көкпекті ауылында туып-өскен. Бірақ оның әкесі Адам Ибрагимов алыс Шешенстаннан келген. Кішкентай отбасының өмірі 1944 жылдың 23 ақпанында Солтүстік Кавказдан Қазақстанға шешендер мен ингуштерді депортациялау басталғанға дейін өз кезегімен жүрді. Таңертең ерте әскери адамдар үйлердің есігін қағып, иелерін оятып, оларды жүктерін жинауға аз уақыт бере бастады. Содан кейін оларды жүк көліктерімен жақын маңдағы теміржол станцияларына апарып, "теплушкаларға" (адамдарды тасымалдауға арналған жүк вагондары) тиеді. Он екі жасар бала, екі ағасы, екі қарындасы және анасы асығыс жиналып, жүздеген мың отандастарымен бірге белгісіз елге кетуге мәжбүр болды.
Жаңа тұрғылықты жерге қоныс аударып келген Ибрагимовтар отбасы үшін қиындықтар мұнымен аяқталмады. Олар көптеген қиыншылықтарды бастан өткерді. Осындай уақытта өздері бір үзім нанға мұқтаж қарапайым қазақтар соңғы кесек нанымен бөлісті. Бұл оқиға барлық қиыншылықтарға қарамастан қазақтарды, шешендерді, ингуштарды және басқа да халық өкілдерін біріктірді.
Ибрагимовтар отбасын Луговое, қазіргі Шәріптоғай ауылына алып келеді. Сұлтан Адамұлы әкесінің Жанғызтөбеге 20 күн вагонмен қалай жеткендігі туралы әңгімелерін еске алды.
Ауыл тұрғындары қоныс аударып келген отбасына қолдарынан келгенше көмек қолын созып, қолдау көрсетеді. 1960 жылға дейін Ибрагимовтар отбасы Шәріптоғай ауылында тұрып, содан кейін Көкпекті ауылына көшеді. Дәл осы жерде әкесі Адам анасы Ирма Вебермен кездеседі. Олар Константин, Владимир және Сұлтан,Салман есімді балаларды өмірге әкеліп, өсіріп жеткізген.
Константин отбасымен қазір Германияда тұрады, ал Владимир Ресейге қоныс аударған. Ал інісі Салман дүниеден өткен.
Сұлтан Адамұлы Қазақстанды өз Отаным деп санайды. Сол себепті ағаларына ермей, Көкпектіде қалып, отбасын құрған. Жұбайы Валентин екеуі қызы Людмила және ұлы Русланды тәрбиелеп, өсірген. Қызы тұрмыс құрғаннан кейін, Германияға кеткен. Бүгінде қызынан 2 немере сүйіп отыр. Ұлы Руслан Көкпекті ауылында тұрады. Ол да отбасылы. Жұбайы Заринамен үш баланы тәрбиелеуде. Сондай - ақ Руслан жеке кәсіп ашып, бүгінгі күні "Вайнах" деп аталатын дүкенмен ауданның экономикасына өз үлесін қосуда. Шешен тілінен "Вайнах" сөзі "Біздің адамдар" деп аударылған. Бұл шешендер мен ингуштардың жалпы атауы болып табылады.
Бұл жанұя нағыз көп ұлттың басын біріктіріп, береке бірлігі жарасқан отбасы деп айтуға негіз бар. Себебі, бір шаңырақ астында орыс, шешен, неміс, қазақ та бар. Мұнда мәдени дәстүрлердің тепе – теңдігі сақталған. Ал ортақ тіл - махаббат пен өзара түсіністік тілі. Ата- бабаларының Отаны - Шешен жері олар үшін мәңгі қасиетті болып қалмақ.
- Бұрын біз ұлттарға бөлінбейтін едік бәрі бір-бірімен тату-тәтті болатын. Менің ойымша, бүгінгі ұрпақ бұдан үлгі алуы керек. Қазақстан Республикасы үшін бұл өте маңызды, өйткені мұнда бір шаңырақ астында 130-дан астам этнос өкілдері тұрады. Баршаңызды келе жатқан Алғыс айту күнімен құттықтаймын. Зор денсаулық, бақ-береке, амандық тілеймін. Бұл мереке біздің қоғамда сенім, келісім мен достықты одан әрі нығайта берсін! - деді әңгіме соңында Сұлтан Адамұлы.
Ауданда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің қазақ жеріне деген риясыз ризашылығы мен айтар алғысы шексіз. Бұл да болса, рухани келісім – бірліктің, берекенің, бейбітшіліктің кепілі екені даусыз. Лайым, татулығы жарасқан, жүзі басқа болса да, жүрегі бір, түрі басқа болса да, тілегі бір ұлттар мен этностан құралған қазақтың рухани келісімі арта берсін!
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.