Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Еліміздің өткен өміріндегі бел-белестеріне ойша көз жіберсек, Ұлы Отан соғысының отты жылдары еске түседі. Иә, бұл бір халықтың басына туған қиын-қыстау, сұрапыл кезең еді. Майдандағы жауынгерлер де, тылдағы еңбеккерлер де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бүкіл халқымыз жеңіс үшін қажеттің бәрін істеді.

Майдан мен тылдың біртұтас қимыл-әрекеті сол ұлы Жеңіске жеткізген болатын. Сол бір жылдардың ел көкейінен ізі өшкен жоқ, соғыс өртінің шарпуы тимеген шаңырақ бар ма екен, сірә? «Майдан», «тыл» деген жай аты ғана. Әйтпесе, бірі мылтықты, бірі мылтықсыз – екеуі де жанкешті шайқас болғандығы анық. Ер азаматты оқ қинаған, бала-шағаны жоқ қинаған заман болған деседі ардагерлеріміз.

Сондай сұрапыл соғыс жылдарының тауқіметін кішкентайынан тартқан, ауданымыздағы Толағай ауылының тұрғыны Әділбек Терлікбаев туралы неге қалам тартпасқа.

Әділбек атамыз 1931 жылы Толағай түбіндегі Жолдыбай елдімекенінде дүниеге келген. Сұрапыл соғыс басталған кезде буыны қатаймаған бала болатын. Майдандағы әскерлерді азық-түлікпен жабдықтау мақсатындағы әр маусымдағы жұмыстарға араласып, мал бағып, өгіздермен жер жыртып, егін екті.

Мақаламыздың кейіпкері – Әділбек Терлікбаев өткен кезең жайында бізге сыр ақтарып, сонау қиын кезеңдерді ой елегінен өткізді.

- Қазір жасым 83-те. Кешегі сұм соғыстың зардабын артқан адаммын. Миллиондаған адамның өмірін қиып, бейбіт өмір сүріп жатқан қаншама отбасын бақытсыздыққа душар еткен сол бір сұрапыл соғыс басталған кезде мен небәрі 10 жаста едім. Осылайша сұм соғыстың өрті балалық шағымызды шарпыды, - дейді Әділбек атамыз. - Соғыс кезінде Қазақстан майданды киім-кешек, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырды. Жас деп ешкім қараған жоқ. Колхозда барлық жұмысты әйелдер, балалар атқарды. Бізде балалық шақ деген болған жоқ. Бәрі сұм соғыстың кесірі. Жер жыртып, егін егіп, мал өсіріп, одан өндірген өнімді майданға жөнелтіп отырдық. Өте қиын кезең болды. Бірақ, еш мойыған емеспіз. Тынымсыз еңбектің арқасында ғана жеңіске жетерімізді білдік. Сондықтан, жас болсақ та «Жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен еңбек еттік.

Әділбек атамыздың соғыстан кейінгі өмірі де ауыр еңбекпен өтті. Өйткені, сұрапыл соғыстан кейін халықтың тұрмысы әлі де оңала қоймаған еді. Ұзақ жылдар бойы туған жері Жамбыл совхозында дәнекерлеуші болып еңбек етіп, құрметті еңбек демалысына шықты. Сондықтан болар көз жанарының күші кетіп екі рет ота жасатқан.

Колхозда еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан Әділбек қария зайыбы Бәтима екеуі 13 бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде сол балаларынан 43 немере, 28 шөбере, 1 шөпшек сүйген бақытты отбасы. Бәтима апамыз «Батыр ана» атағын алған «Алтын алқа» иегері. -Менің медальдарым Әділбек аталарыңнан да көп, - деп мақтанады Бәтима әжей.

Міне, Толағай ауылында осындай көп балалы отбасы, тыл ардагерлері ел қатарлы өмір сүруде. Ол кісілерді қарттар күнінде, Жеңіс күні қарсаңында да құттықтап ешкім де келмеген көрінеді. –Соңғы жылдары мереке күндері ешкім де шақырмайтын болды,- деп қария бір уақ қалың ойға шомды. Осындай ұрпақ өсірген отбасын біреу білсе, біреу біле бермейді. Сөз соңында Әділбек ата: -Біз көрген қиындықты кейінгі ұрпақ көрмесін. Сұм соғысты ешкімнің басына бермесін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, - деп ақ батасын берді.

«Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді» деген болатын хас батырымыз Бауыржан Момышұлы. Бұл күндері тыл ардагерлерінің жасы да - соңы сексеннің сеңгіріне, алды тоқсанның төріне таяп, қатарлары селдіреп қалды ғой...

Жастары келсе де, өңдері сыр бермеген қарттарымыз аман болсын. Нағыз құрметке лайық азаматтарды құрметтемей қайда қарап жүрсің, қазағым!

Жанерке АБЫЛХАН

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қараша 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
          1 2
4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз