«Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады».
(Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан)
Қазан айы – басынан аяғына дейін кәсіби мерекелерге толы болды. Осы айдың соңғы жексенбісі әлеуметтік қызметкерлер күні болып белгіленген. Анықтама бойынша, әлеуметтік қызметкер — жалғызілікті қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға үйде әлеуметтік қызмет көрсететін маман.
Бүгінгі біздің әңгімемізге арқау болып отырған Қабиба Мерекенова өзінің әлеуметтік саладағы қызметін 2001 жылдан бастаған. Осы жылдар ішінде жұмысына ұқыпты, табиғатынан қайырымдылық пен қарапайымдылық қанына сіңген нәзік жан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмегін беріп, жүрек жылуын ұсынудан жалыққан емес.
-Зайсанның қызымын. Негізі мамандығым - бухгалтер. Еңбек жолымды 1983 жылы Қ.Аухадиев атындағы колхозда есепші болып бастадым. Кейіннен осы әлеуметтік салаға үлесімді қосып, мүмкіндігі шектеулі балалар мен 18 жастан асқан үлкендерге және қарттарға қызмет жасап келемін. Отбасымызда екі ұл өсірдік. Екі немеренің әжесімін. Қарттарға қамқорлық көрсетіп, көмектесудің өзі — үлкен ізгілікті іс. Олар да балалар сияқты күтімді қажет етеді. «Жақсы сөз — жарым ырыс» демей ме? Ең әуелі оң қабақ танытып, жылы сөйлессең, соған мәз болады.. -Олардың жан дүниесін түсінуге, жан жарасын жеңілдетуге сәл де болса үлес қосуға тырысамын. Бір қарағанда үйлерді аралап, әңгіме айтып, серуендеп жүрген сияқты көрінгенімен, дәл осылай қамкөңіл жандардың жанына жігер беруге тырысып бағамын. Әлеуметтік қызметкер болу үшін темірдей төзім, салқын сабыр керек. Әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеу, қысқасы, көпшілік ойлағандай оңай шаруа емес. Бұған үлкен жүрек иесі ғана бара алады, - дейді Қабиба Мерекенова.
Біз де өз тарапымыздан әлеуметтік қызметкерге табысты еңбек пен зор денсаулық, отбасылық бақыт тілейміз.
Бақыт МҮЛІКОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.