Көкпекті ауданы Белое ауылдық округінің мәдениет үйінде Конституция күніне орайластырыла, ежелгі атамекеніне қайтып оралған қандастарымыздың басын қосқан форум өтті. Аталмыш шараға аудан активтері, ауылдық округтердің әкімдері, ел-жұртына келіп, еңбегі жанған қандас азаматтар қатысты.
Аудан әкімі Д.М.Мусин форум шымылдығын қандастарға арналған құттықтау сөзімен ашты. –Ардақты ағайын, қымбатты туысқандар! Биыл Конституция күніне орай Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: Мәңгілік ел» Жолдауы аясында аудандық форум үшінші мәрте өткізіліп отыр. Қазақстан Үкіметі сонау тәуелсіздіктің қарсаңында-ақ қазақ көшін бастап кеткен болатын. 1991-жылы 31 желтоқсанда Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ радиосы» арқылы шетелдердегі қазақтарға арнап: «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекеннен жырақтап қалған сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайта келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білем. «Туған жердің түтіні де ыстық», дейді халқымыз. Сондықтан, атамекенге келемін деуші ағайынға жол ашық. Ата-баба аруағы алдарыңыздан жарылқасын!» деген жан тебірентерлік, жүрекжарды сөзі баршамыздың әлі есімізде. Сіздердің ата-жұртқа көшіп келулеріңіздің нәтижесінде елімізге тың күш, жаңа серпін, мәдени леп әкелді. Тәуелсіздікттің арқасында тағдыр тәлкегіне ұшырап, тарыдай шашылып кеткен қандастарымыз атажұртына оралып, алтын бесігімен қауышып отыр. Сіздер елден жырақ жүргендіктен ұлтқа тән қолөнер мен салт-дәстүрдің қаймағын бұзбай сақтап қала алдыңыздар, - дей келе аудан басшысы бөлім басшылары мен әкімдерге қандастармен жиі бас қосып, оларды үнемі қолдау керектігін тапсырды. Сонымен бірге, жиналған қауымды алдағы келе жатқан Білім күні мерекесімен құттықтап, қандастарға азаматтық ұстанымдары үшін алғыс айтты және ізгі тілектерін білдірді.
Аудан басшысы еңбектерімен алға озған қандастарға түрлі аталымдар бойынша марапаттар табыс етті. Олар: Мейрамхан Ғалия - «Үздік мұғалім» (Бастаушы), Ыхай Айымгүл - «Үздік мәдениет қызметкері» (Самар), Бекболат Оразәлі – «Үздік қолөнер иесі» (Самар), 9 сынып оқушысы, Мақан Жәнібек - «Үздік фермер», (Көкпекті), Әнуар Баян -
«Үздік спортшы» (Теректі), 9 сынып оқушысы, Хасам Асалгүл – «Үздік дәрігер» (Самар), Сәтікен Қизатолла - «Үздік- кәсіпкер» (Көкпекті), Ыбырай Шолпан - «Ауылды көріктендіруге белсене қатысқан үздік жұмысшы» (Құлынжон). Сонымен бірге, аудандағы түрлі салаларда еселі еңбек етіп жүрген азаматтар сертификаттармен және «Үздік биші», «Үздік термеші», және «Мәнерлеп оқушы» номинациялары бойынша марапатталды.
Бұл күні ауданның әр бөлімдерінен келген қызметкерлер тұрғындарды толғандырған мәселелер бойынша кеңестер беріп, қабылдау жасады.
Құтты қарашаңыраққа шексіз сағынышпен оралған қандастарымыз бұл күні ауыл мәдениет үйінің алдын тіккен іші қолөнер бұйымдарының түр-түрімен жасанып, жайнаған киіз үйлері және жайған көрмелерімен көріктендіріп жіберген. Сонымен қатар, ұлттық спорт ойындары мен жәрмеңкелерді тамашалаушылар қатары да көп. Аудан әкімі қолөнер бұйымдары көрмесін және Үлкенбөкен, Самар, Бастаушы мен Белое және Көкпекті округтерінен тігілген киіз үйлерді аралап, қандастармен ауызба-ауыз тілдесе жүрді. Қолөнер бұйымдарын дайындауда он саусағынан өнері тамған Мажыратхан Бисара, Ахметолла Бақытжамал (Үлкенбөкен), Жаңагүл Зәкенқызы, Күләш Құжатқызы, Раза Зәкейқызы, Рәбиға Ақанқызы, Нұрмұханбет Абдрасұлұлы, Уәзира Қабайқызы (Бастаушы мен Белое), Зәмеш Қапан (Ажа), Рысбай Дауылбай (Теректі), Нұргүл Ахметқызы (Құлынжон) есімдерін ерекше атауға болады. Форумға келген қандастар бұл күні өз ойларын білдірді.
Зәмеш Қапан, Ажа ауылы, Көкпекті округі:
-2007 жылы атамекенге оралдық. Отбасымда 7 бала өсірген анамын. Балаларымның алды азамат болып, мамандық алып, еңбекке араласуда.«Өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болуды» аңсап келген ағайындар үшін өткізіліп жатқан шараға ризамыз.
Қабыл Алтынбек, жеке кәсіпкер, Үлкенбөкен ауылы:
-Тарихи мекенге 1992 жылы келгенмін. Жұбайым Нәсіпхан Рая екеуміздің отбасымызда 3 баламыз бар. Жыл басынан бері «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 2 млн. теңге несие алып, Мебель жасайтын цех аштық. Отбасылық кәсібімізді ашып, тұрмысымызды жақсартуға мүмкіндік берген Елбасымызға алғысым шексіз.
Серік Ықайұлы, Самар ауылы:
-Атажұртыма қоныс аударғалы 22 жыл болды. Мынау киіз үй мен оның ішіндегі дүние-мүлікті мерекеге арнайы әкеліп тіктім. «Мәмбет» ШҚ-да нан тасушы болып жұмыс істеудемін. Терме айтатын өнерім бар. Тәуелсіздіктің құны мен қадірін азаматтық сана, патриоттық жүрекпен түсініп, ата қонысыма өзіндік үлесімді қосып жүргеніме тәубе етемін. Басымызды қосып, мереке ұйымдастырып жатқан аудан, ауыл басшыларына ризамын.
Елбасымыз айтқандай «Қазақстан -дүниедегі әр қазақтың қастерлі құбыласы! Қазақстан – әлемдегі барша қазақтың құтты қарашаңырағы!».Мерекелеріңіз құтты болсын, ағайын!
Бақыт МҮЛІКОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.