Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Гүлбаран Майлыбайқызы Ақшабаева бар ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған азаматша. Қазақстанда, ресми деректер бойынша, мемлекеттік қызметкерлердің 57 пайызын әйелдер құрайды екен. Олардың үлес салмағы денсаулық сақтау саласында 71 пайыздан асса, білім және ғылым, экономика және бюджеттік жоспарлауда 66 және 69 пайыздың үстінде.
Осы қатардың бел ортасында болған Гүлбаран Майлыбайқызы 33 жыл қызметінде Теректі ауылының тұрғындарының өмір сапасын жақсарту жолында өткізіпті. Қарлы боранда ауылға келетін жолдың қарын тазалаттыру, жазғытұры қарғын сумен арпалысу, құрғақшылық жылдарында Тәлмен мен Тентектен су іздеп елдің мұқтаж сұрағын шешу мойынында болған екен. Қазіргі күні кешегі 90-шы жылдардың аумалы-төкпелі заманында «әкім Ақшабаева» көмектесіп еді дейтін адамдар қаншама.
Гүлбаран Майлыбайқызы Ақшабаева 1956 жылы 17 қаңтар да дүние келген. Орта мектепті бітіргесін, Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық училищені бітіріп, Теректі ауылында Қойкелді Аухадиев атындағы сегізжылдық мектептен еңбек жолын бастаған.


Туған жерін сағынбайтын жан бар ма, сірә! Әке-шешеге еркелеп, бауырлардың ортасында алаңсыз өткен балалық шақ кім-кімді де аңсатпай қоймас. Теректі ауылдық округіне қарасты Теректі ауылында мерекелер мен мейрамдар сайын көптеген жерлестер жиналып, шұрқырасып табысып жатады. Ауылым деп келген адамдардың көңілі нәумез болмасын деп, ауылды таза, қожыратпай ұстауда әкімнің бір міндеті болған соң, ауыл көшелерінің тазалығына, тұрғын үйлер ауласының абаттандыруына да баса көңіл бөліп, бұрыннан жасыл желекті Теректіні, қызыл-жасыл баннерлер іліп, кіреберіске ауылдың атын, округтің төлқұжатында аймандай етіп жаздыртып қойған болатын.
Шіркін, ауыл! Кешке қарай ауыл үлкендері қыр басына шығып әңгіме-дүкен құрысатын, балалар асыр салып ойнайтын. Қазан-ошақтың түтіні будақтап, ақ самаурын бұрқ-бұрқ қайнайтын. Ауылдың таза ауасын, көк жусанының иісін айтсаңызшы. Мал өрістен келген кезде қарбалас тірлік басталады. Ауыл іші азан-қазан. Жамырап жатқан мал, қиқу салып қораға кіргізген адамдар. Міне, мамыражай Теректі ауылының күнбе-күнгі қайталана беретін, бітпейтін тірлігі осындай еді. Күндіз ойдан кетпейді, жатсаң түсіңе кіреді...
Ауылын осылай аңсайтын адамдар ауылды әлі сол қалпы дер. Бірақ ауыл өзгерген. Сары самауыр орнын термопот басса, 100 каналды спутникті аннтена дүниенің төрт бұрышынан теледидарда көрсетеді. Ұялы байланыстың бар түрі ақсамайлы апа мен оқушы балада бар. Өрнектің ауылының диқаны, Қызылжұлдыз ауылының құсбаққан – құсшысы, Тастының егіншісі, Теректінің фермері – бәрі де әкімді іздейді, ақылдасады, көмек сұрайды. Олардың бәрінің көңілін тауып, қанағаттанарлық жауап беру Гүлбаран Майлыбайқызының күнделікті жұмысы еді.
Әкімдіктегі тындырымды жұмысына риза болған аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы басшылары 2012 жылы 19 қыркүйекте Көкпекті аудандық мекемесін басқаруға шақырады. Осы кезден бастап әкім Ақшабаеваның – партиялық қызметі басталады. Партиялық қызметтегі алғашқы тапсырмасы – аудандық филиалдың ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуден басталады. 1961 жылы салынған саман үйді қайтадан еденінен бастап шатырына дейін жөндетеді.
Партия қатарына жаңа мүшелерді алып, олардың электронды базасын жасатады. Партиялық жобалар бойынша пәрменді жұмыс жүргізу барысында Көкпекті аудандық партия филиалы – 2014 жылы республикадан «Ең үздік бас-тауыш партия ұйымы» - №7 Тассай сайлау округі бастауыш партия ұйымы, төрайымы – Сайлямхан Чалова, 2015 жылы «Ең үздік бастауыш партия ұйымы» - №1 Көкпекті сайлау округі бастауыш партия ұйымы, төрағасы – Аслан Таныспаев және №10 Абай сайлау округі бастауыш партия ұйымы, төрайымы – Гүлнәр Шаймарданова болады. Бұл көкпектілік партияластардың беделін республика көлеміне дейін көтереді. Партиялық бақылауды күшейтіп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесінің жұмысын жандандырып 4 жылда 30-дан астам құқық бұзушылыққа тосқауыл қойылды. Аудандағы қоғамдық ұйымдардың жұмысын белсенді үйлестіруде білікті жетекшілік ете білді. Оған дәлел ретінде сайлауды ұйымдастырғаны үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хаты мен облыс, аудан әкімдерінің мадақтамалары болып табылады.
Әкімде, партия қызметкері де болып жүрегінің ақтығын, мейірімін, қолының кеңдігін жоғалтпаған. Осы асыл қасиеттерін айналасындағы жас ұрпаққа беріп, ұлы Дархан мен қызы Гүлнұрға дарытқан. Оларда аналарының жолымен мемлекеттік қызметті атқаруда. Қызметтен қолы қалт етсе Өрнек ауылында тұратын анасы – Күлсараға асығады. Әкесі Майлыбай мен өзінің жолдасы Ниязбекке арнап дұға оқып, бата қылады. Өнегелі өмірі көпке үлгі Гүлбаран Майлыбайқызы Ақшабаева, әріптес құрбысы партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Рауия Наурызбаева екеуі «Нұр Отан партиясының» саясатын Көкпекті ауданында жүргізуде еселі еңбек етуде. Бақытын еңбекпен тапқан мемлекетік қызметкердің Отан алдында алған марапаттары – «Конституцияның 20 жылдығын», «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына» мерекелік медалдары, соның ішінде ең қастерлісі «Көкпекті ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» медалі екен. Қоғам және партия қайраткері замандасымыз Гүлбаран Ақшабаеваның ауылдастары алдындағы келбеті осындай.

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қаңтар 2019 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 25 26 27
28 29 30 31      

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз