«Мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және оның өмірі, денсаулығы, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген Ата Заңымыздың бірінші бабында. 9 бөлім, 98 баптан тұратын ҚР Конституциясы мемлекетіміздің негізгі заңы әрі ол өзге де қасиетті сөздермен қатар тұрады. Елдің қорғаны - алтын заңымыздың 34-бабында: «Әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауды, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абырой мен ар-намысын құрметтеуге міндетті» делінген. Ата Заң туралы Конституция күні қарсаңында көкпектіліктер ой-пікірлерімен бөлісті.
Өкеш Болшинов, ардагер ұстаз, Қарағандыкөл ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы:
-Көптеген ойшылдар ерте кездерден-ақ адам құқықтарының негізгі ережелерін анықтап, белгілеген. Қазақтың қара қылды қақ жарған Төле би, Әйтеке би, Қазыбек билері адам бостандығын қорғауда алдына жан салмаған. Дүниеге келген әр қазақстандықтың өмірін, денсаулығын, тыныштығын, біздің мемлекетіміздің Ата Заңы – Конституция қорғайды. Тәуелсіз еліміздің тарихындағы жаңа Бас құжат, мемлекетімізді демократиялық, зайырлы және құқықты ел ретінде айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Ата Заң барлық құжаттардың қайнар көзі, бастауы болып табылады. Жыл өткен сайын құқықтық салада жаңа заманға сай заңдарға жаңа өзгерістер енгізілуде. Осының барлығы болашақ ұрпақ бірлігі жарасқан, экономикасы дамыған бейбіт елде тыныштықта өмір сүруі үшін жасалуда. Сондықтан Конституцияны құрметтеу - әрбір азаматтың асыл парызы деп білемін.
Нәзигүл Кравченко, әдіскер, аудандық білім беру бөлімі:
-Жыл сайын елiмiз тәуелсiз Қазақстанның ең маңызды мерекелерiнiң бiрi – Конституция күнiн атап өтедi. 19 жыл бұрын 30-тамызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданған болатын. Елімізде Ата заңымыздың 20 жылдығы қарсаңындағы дайындық басталып та кетті. Жыл бойы атаулы датаға арнайы құрылған жоспар бойынша оқу-тәрбие жұмыстары жүзеге асырылатын болады. Мемлекет дамуындағы басты жол көрсететін құжаттың арқасында бүгінде білім саласына заманауи инновациялық технологиялар енгізілуде және осы негізде білім сапасы жоғарылап келеді. Оның дәлелі биылғы ҰБТ нәтижесі. Қазіргі таңда ортамызды толықтырып отырған жас мамандар компьютер құлағында ойнайды. Олар елімізді кемел болашаққа жетелейді.
Гаухар Базарбаева, хатшы, Көкпекті аудандық мұрағат:
-Ата-бабаларымыз қаншама қиындықтар мен тосқауылдарды бастан өткерсе де, халықтың мықты ерік-жігерінің арқасында көп жылдар бойы арман етіп, аңсап келген тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, 1991 жылы егемен еліміздің туын биікке желбіреттік. Тәуелсіз Отанымыздың тұңғыш Президенті сайланып, дербестігімізді растайтын мемлекеттік рәміздерімізді бекіттік. Осы уақыт ішінде елімізде заң шығару ісімен шұғылданатын биліктің бір тармағы – Парламенттің кемелденіп, кәсібиленіп қалғаны сөзсіз. Бұл да Тәуелсіздік жылдарында жеткен бір белес. Ата Заңда адам өмірінің барлық жақтары қамтылған. Яғни азаматтың өмір сүруіне, білім алуына, демалуына, кәсіпкерлікпен шұғылдануына мүмкіндік берілген. Осының барлығы әрбір азаматтың өзін толыққанды бостандыққа ие жеке адам ретінде сезінуіне мүмкіндік береді.
Айтжамал Ибраева, кітапханашы, орталық аудандық кітапхана:
-1995 жылы 30 тамызда кейбір тарауларына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бүкілхалықтық референдуммен мақұлданып, екінші Конституция қазіргі Ата Заңымыз қабылданды. Яғни, қазақстандықтардың өз қолымен жасаған құжаты. Осы бас құжатты қабылдай отырып, қазақ халқы өзінің егемендік құқығын барша әлемге паш етті. Бұл Қазақстан елінде тұратын барлық ұлт өкілдерінің орныққан саяси келісімінің негізі болып табылады. Ата Заң – бейбітшілік пен ынтымаққа, еркіндік пен теңдікке апаратын даңғыл жол. Жынысына, жасына қарамай, ақсүйектік пен қара топ деп аражігін ажыратпай, елдің әр азаматына тең құқық берілген Ата заңымыз жасай берсін.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.