Қазақстан Республикасының Конституция-сының 27 бабының талабына сәйкес неке және отбасы әрдайым мемлекеттің қамқорлығында болады.
Бүгінгі күні қоғамды аландататын мәселелердің бірі- мемлекеттік іргетасы саналатын отбасының беріктігімен байланысты десек, қателеспейміз. Алайда, ерлі-зайыптылардың некелерінің бұзылуы қалыпты жағдайға айналып, бала тағдыры мен тәрбиесіне өз деңгейінде көңіл бөлінбей жатқандағы да ешкімге құпия емес. Осы орайда, «бұрынғы ата-бабамыз ерекше қастерлеген отбасылық құндылықтарды сақтау қағидасы неге төмендеп кетті?» деген сұрақтарға жауап іздеп, мәселенің астарына үңілсек, шаңырақтардың шайқалуына септігін тигізіп жатқан жағдайлардың көптігіне куә боламыз. Әркімнің өз дәлелі, шындығы бар. Бірі - тұрмыстық жағдайды алға тартса, енді біреулері мінездерінің сәйкес келмейтінін айтып ақталады. Не десек те, ажырасудың аты- ажырасу. Одан қоғамға да, адамға да келіп жатқан еш пайда жоқ. Есесіне, зардабы шаш етектен, басқасын айтпағанда, екі ортада шырылдап, көздері жәудіреп бала қалады. Ажырасу баланың психикасына едәуір салмақ салады, көңіліне қаяу түсіреді. Әр бала мінезіне сай ата-анасының екі жаққа бөлінуі түрліше қабылдауы мүмкін. Кейбірі қасақана теріс жолға түсіп, қылмыс жасауға бейім тұрады. Күнделікті кикілжің мен ұрыс-керістен шаршаған балалардың өмірге деген қызығушылығы азаяды. Соттар некені бұзу туралы істерді қарағанда 2011 жылы 26 желтоқсанда қабылданған Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексін басшылыққа алады. Неке бұзу туралы шешім шығару кезінде сот төмендегі мәселелерді шешуі тиіс.
- Кәмелетке толмаған балалары өздерінің қайсысымен тұратындығы туралы, балаларды және еңбекке қабілетсіз мұқтаж жұбайын күтіп бағуға қаражат төлеу тәртібі, осы қаражаттың мөлшері туралы не ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу туралы келісімді соттың қарауына ұсына алады.
- Ерлі-зайыптылардың арасында осы баптың 1 тармағында көрсетілген мәселелер бойынша келісім болмаған жағдайда, сондай-ақ, осы келісім балалардың немесе ерлі-зайыптылардың біреуінің мүдделерін бұзатындығы анықталған жағдайда, сот неке бұзылғаннан кейін кәмелетке толмаған балалар ата-аналарының қайсысыммен тұратындығын айқындауға, ерлі-зайыптылардың талап етуі бойынша олардың бірлескен ортақ меншігіндегі мүлікті бөлуге, жұбайынан ақша қаражатын алуға құқығы бар екінші жұбайдың талап етуі бойынша осы қаражат мөлшерін айқындауға міндетті.
Егер мүлікті үшінші бір адамдардың мүдделерін қозғайтын болса, сот мүлікті бөлу туралы жеке іс жүргізуді талап етуге құқылы. Дәм-тұзы жараспаған ерлі-зайыптылар екі бөлек кетсе де, бала тәрбиесі мен оны бағып-қағу міндеттері ортақ болып қалады. Өкінішке карай, бұл жауапкершілікті бірігіп көтеретін азаматтардың қатары сиреп бара жатқаның сот процесі барысында жиі аңғарамыз.
Сот үшін бұл санаттағы істер заңды дұрыс қолдаумен қатар, шыдамдылықты, байыптылықты, кәсіби білікті, шеберлікті талап етеді. Тараптардың дұрыс шешім қабылдауына бағыт-бағдар беріп, оларды бітістіру судьяның жоғары кәсіби біліктілігінің көрсеткіші. Сотқа неке бұзу жайлы талап арыз берген кезде, тараптар балаларының мүдделерін көбіне ойлай бермейді. Олардың қандай жағдайда душар болатын, ата- аналарының ажырасуын қалай қабылдайтынын ескермейді. Көп жағдайда, екі тарап тек өздерінің жеке бастарының араздығын, тұрмыстық жағдайдың қиыншылығын, уақытша жұмыссыздықты, сонымен қатар, ене мен келіннің арасындағы кикілжің әңгімені көлденең тартып, оны неке бұзудың басты себебі ретінде көрсетеді. Осылайша, бүгінгі таңда ажырасу азаймай тұр. Кеше ғана бас қосқан жастардың қайта ажырасып жататыны қалыпты жағдайда айналғандай. Жалпы, бала тәрбиесі өте күрделі процесс «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді халқымыз. Ал, ұядсында дұрыс тәрбие алмаған, ата-анасының жылуын теңдей сезіне алмаған баланың болашағын жарқын деп болжау тағы да қиын. М.Әуезов «Ел болам десең, бесігіңді түзе»,- деп тектен-тек айтпаса керек.
Яғни, тәрбие ұядан, бесіктен басталады. Сондықтан ерлі-зайыптылар ажырасу туралы шешім қабылдамас бұрын, оның бауыр еттері балаларына қаншалықты кесірі тиетінін, тәрбиесіне кері әсер етенінің ойлаулары керек. Түптен келгенде, бұл еліміздің тұтастығына, қоғамның бүтіндігіне залалын тигізетін факторлардың бірі. Отбасы шағын мемлекет деген де ұғым бар. Олай болса, ерлі- зайыптылар ажырасу ешкімге абырой әкелмейтінін түсінсе екен.
Н.Жаныбекова,
Көкпекті аудандық сотының судьясы
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.