Ауа-райынның болжауынша, жақын күндері де бурынғыдай аптап ыстық сақталады. Бұл дегеніміз – су шығыны да ұлғаяды. Үздіксіз сумен қамтамасыз ету тақырыбын жалғастыра келе, біз Көкпекті ауылының «жоғарғы» және «төменгі» көшелерінде тұратын тұрғындармен әңгімелесіп, олардың коммуналдық қызметтің жұмысы, су тапшылығының себептері, тарифтер бағамының көтерілуі жайлы пікірлерін білдік.
Гүлсім Мадиева, зейнеткер, Кеңесары Бакин көшесінің тұрғыны:
Ауыз су мәселесі біздің ауылда өзекті болып отырғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Биыл бұл жағдай ушыға түскендей. Тұрғындар үйлерінде су мүлдем тапшы. Су тәулігіне тек екі-үш рет келеді, соның өзінде тамшылап қана тұрады. Мен бау-бақшаны суаруға және өзім ішу үшін суды «қысқы құбырдан» аламын. Бүгінгі жағдайда сол ғана мені құтқарып отыр. Ал, бау-бақшаны суармасақ, онда жер үйде не үшін тұрамыз деген заңды сұрақ туындайды. Суға есептегіш құралдарды орнату керек дегендерімен толығымен келісемін. Себебі, көше бойында судың бейберекет ағылып жатқанына өзім бірнеше рет куә болдым. Егер есептегіш жабдық орнатылса, адамдар да судың қадірін білетін болады деген ойдамын.
Николай Вишняков, Жұмабаев көшесінің тұрғыны:
-Біз, жұбайым екеуіміз зейнеткерліктегі жандармыз. Сол себептен, біздің үй әрдайым қонақтарға толы. Мәселен, соңғы бір аптада қонақта Новосібір қаласынан келген алыс туыстарымыз болды. Алайда, мына судың тапшылығы бізді ұятқа қалдырды. Тек осыдан бірнеше жыл бұрын жасатып алған ұңғыма ғана тығырықтан шығуға көмектесті. Қыс мезгілінде құдыққа мүлде бармаймыз, осы ұңғымадан су аламыз. Ауыз толтырып айтарлықтай бау-бақшам болмаса да, соның өзін суара алмай отырған жайым бар. Егер судың барлығы бау-бақшаға кетіп жатыр десе, онда тұрғындарға оны салуға тыйым салсын! Ал, есептегіш құрал қоямыз, судың тарифтерін көтереміз деген бастамаларын қолдаймын. Осы уақытқа дейін де түбіртекпен келген ақыны төлеп отырдық қой. Тек бағасына лайықты қызмет көрсетіп, суға қарық қылса болғаны.
Күләш Әмірғалиева, Больничный қалашығының тұрғыны:
-Бүгінгі таңда орын алып отырған су тапшылығы біздің көшеде қатты сезіліп отыр. Өзім екінші қабатта тұратындықтан, суды мүлде «ұстай» алмаймын. Себебі, тәулігіне 1-2 рет қана келетін судың қысымы төмен. Сол себепті, бірінші қабатта тұратындар аз да болса суды алып үлгереді. Ал бізге ол көтерілмейді. Аптап ыстықта не жуына, не шөлімізді қандыра алмай отырмыз. Комхоз басшылығы тұрғындардың суды бейберекет ұстауынан осындай жағдай туындап отыр дейді. Алайда, халық бұрындары бау-бақша салмады ма? Әлде бұрындары осы іспеттес ыстық болмады ма? Есептегіш құрал орнатылса, мүмкін, барлығы реттелер деген ойдамын.
Нұрахимовтар әулеті, Кеңесары Бакин көшесінің тұрғыны:
-Біздің көшеде су тапшылығы сезіледі. Су бар, бірақ кейде тоқтап қалады, ол тек күніне 3-4 рет қана келеді. Күнделікті тұрмысты сусыз елестету мүмкін емес. Сондай-ақ ауыл шаруашылық жұмыстарында көп мөлшерлі су қажет. Бау-бақша дақылдары да сусыз өспейді. Айналып келгенде өзегіңді жалғайтын, таңдайыңды жібітіп, шөліңді басып, тұла бойыңа қан жүгіртетін судың сол үшінде алатын орны маңызды. Бау-бақшамды кейде ғана суарамын. Себебі, су тапшы.
Гүлжан Маратқызы Өзбекова, Больничный қалашығының тұрғыны:
-Су ауылдың төменгі жағына тәулігіне 3-4 рет қана келеді. Алайда, оның ағыны, тіпті, бір шелек суды алуға мұрша бермейді. Дегенмен, шамамыз келгенше шелектеп тасып жатырмыз. Соның өзінде түннің бір уағында тұруға тура келеді. Бірақ, көбіне, су болмайды. Әрине, тамақсыз өмір сүруге болады, бірақ сусыз мүмкін емес қой. Әсіресе, осындай ыстық мезгілде қиналып кетеміз. Бүгінгі күні суды үнемді түрде пайдалану қажет. Табиғат байлығы шексіз емес. Таза ауыз сумен қамтамасыз ету жыры ауданымызда бітпейтін күрделі мәселеге айналды. Біздің тілейтініміз – осы олқылық тезірек жойылса екен.
Виктория Махмұтова, Больничный қалашығының тұрғыны:
-Су – өмір тірегі екенін соңғы күндері тереңірек ұға түскендейміз. Судың ақшасын кешіктірмей төлейміз, бірақ соған лайықты сумен қамтамасыз етіліп отырған жоқпыз. Тіпті, су мүлде келмейді десе де болады. Жазда үйге біраз жөндеу жұмыстарын бастағанбыз, алайда судың жоқтығынан жұмыстар тоқтап қалды. Үйде су құбыры бола тұра, суды алыстан тасыймыз. Бірақ, соның өзінде құбырда да су болмайтын кездер жиі кездесід. Мүмкін, судың тапшылығы жауын шашынның жоқтығынан орын алып отырған шығар.
Осы іспеттес пікірді басқа тұрғындар да айтып өтті. Есептеуіш құрылғыларды орнату туралы халық қарсы пікірде емес екені аңғарылады. АМКК директорының сөзіне қарағанда ақы төлеу мәселесі де орын алып отырған жоқ. Олай болса, су тапшылығы мәселесін шешу жолына алғашқы қадам жасауға не кедергі болып отыр?
Ауылдың жоғарғы бөлігіндегі судың жетіспеушілігі «төменгі» үш көше тұрғындарының суды бейберекет ұстауынан туындап отыр деген себеп айтылған болатын. Алайда, ауылдық округ әкімдігінің шаруашылық бойынша кітабында бұл көшелерде барлығы 106 үй, оларда 447 адам тұратыны және бау-бақшаға арналған үй маңындағы учаскелердің жалпы көлемі жарты гектар ғана жерді алып жатқандығы көрсетілген. Ал, «Көкпекті» АМКК мәліметі бойынша дәл осы көшелерде 104 абонент тіркелген. Бұл жалпы тұтынушылардың 3,09% құрайды. Алайда, үй саны мен абоненттердің көрсеткіштері бір-біріне мүлдем сәйкеспейді. 25 маусым күні аталған көшелерді аралап шықтық. Бірақ, судың далаға ағып жатқанын көрмедік. Шүмектерін жаппайтын селқос қожайындар туралы коммуналдық қызметтің пікірін теріске шығармай, біз, дегенмен, абоненттердің көп бөлігі жауапты азаматтар деп ойлаймыз. Олар су әркезде бар «төменгі» көшеде тұрғандары үшін кінәлі болып отыр. Ал, ауылдың орталық бөлігінде тұратын адамдар бүгінде ортақ ермек тапты. Ол – «суды алып үлгер» деген ойын. Оның нұсқалары әртүрлі: кейбіреулер шүмектің басына түнесе, енді біреулері сағат сайын ояну үшін жанына оятқышты алып жатады. Тағы бір тұрғындар кереуеттерінің басына ыдыстарын қойып, оған шлангті тартып жатады. Және кезек бойынша кезекшілік деген де пайда болды. Бұның бәрі таяуда аяқталатыны өкінішті-ақ. Себебі, «Көкпекті» АМКК директоры М.Матанов тұрғындармен кездесу кезінде осы аптада су мәселесі толығымен шешіледі деп уәде берді.
Біздің тілшілер
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.