«Тың және тыңайған жер-лерді игергені үшін», «Кеңес милициясының 50 жылдығы», В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Ұлы Жеңістің 70 жылдығы», 3 мәрте «Ішкі істер бөліміндегі мінсіз қызметі үшін» медальдарының иегері. Сонымен қоса, «Милиция үздігі», «ІІБ еңбек сіңірген Ардагері» «ІІМ Құрметті Ардагері» төсбелгілерімен марапатталған. Осының бәрі ел күзетінде кірпік қақпастан тұрған запастағы милиция майоры Петр Васильевич Чуркин туралы.
2017 жылдың 1 сәуірінде 80 жастың сеңгіріне шыққалы отырған ардагер ақсақалдың мерейтойы қарсаңында ол туралы кеңінен сөйлеуге болады. Жаны таза, адамгершілігі мол, кеңпейіл, ниеті ізгі ол осы ерекше қасиеттерімен жерлестерін тәнті еткен адам. Өзінің өмір жолы жайлы әңгімесінде Семей облысының Көкпекті ауданы Қарағандыкөл совхозының Комсомол бөлімшесінде қарапайым шаруа отбасында дүниеге келгенін айтады. Петр Васильевич 1955 жылы Үлкенбөкен орта мектебін тәмамдайды да, осы ауылдағы кәсіптік-техникалық училищеден механизатор мамандығын меңгеріп, Қарағандыкөл МТС-інде еңбек жолын бастаған. Балғын жас 1957 жылы Көкпекті совхозында тракторшы болып істеді. КСРО Қарулы Күштері сапында Отан алдындағы борышын атқарып елге оралған жалындаған жігіт аудан орталығындағы Автошколада оқып, жүргізуші куәлігін алды. Көкпекті автобазасында жұмыста жүргенде 1963 жылы комсомолдық жолдамамен Алматы арнаулы орта дәрежелі милиция мектебінің техникалық бөлімінде оқыған. Арманшыл жас туған Көк-пектісіне оралып, аудандық МАИ бөлімінде еңбек жолын жалғастырды. - 1971 жылы Қарағанды қаласындағы Жоғарғы милиция мектебін оқып бітіргеннен соң, қызмет баспалдағымен ауданда аға тергеуші, ІІБ басшысының орынбасары болдым. Соңынан денсаулығыма байланысты Кезекші бөлімде аға инспекторлыққа ауысып, сол жерден еңбек демалысына запастағы милиция майоры атағымен шыққанмын. Бастан талай оқиғалар кештік қой. Оның қайсы бірін айтайын, - дейді, өзіне тән қарапайымдылықпен Петр Васильевич.
Тұрғындар тыныштығының сақшысы болып, қиыншылығы мен қауіптілігі басым, күндіз-түні әскери тәртіппен жүріп-тұратын бұл салада 25 жылдан аса қызмет еткен жылдары еңбек ардагерінің қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі, қылмыстың жолын кесу мен оны ашудағы ерен еңбегі мен батыл әрекеттері әріптестерінің есінде. Сол үшін ел оны құрмет тұтады.
«1962 жылы Александра Викторовна екеуміз шаңырақ көтердік. Тұңғышымыз Юрий менің ізбасарым, бүгінде запастағы полиция майоры, қызым Светлана – «Шығыс Энерготрейд» АҚ директоры, ал кіші қызым Оксана Барнаулда анасының жолын қуып, тәрбиеші болды, қазір балабақша меңгерушісі. Балаларымнан 5 сүйкімді немере, 3 тәп-тәтті шөбере сүйіп отырған бақытты әкемін. Жарым Александра ол дүниелік болды. Қазір ұлым мен келінімнің сый-құрметіне бөленіп, ұрпақтарымның қызығын көріп отырмын», - дейді қария ағынан жарылып.
Ішкі істер саласында ширек ғасыр еселі еңбек еткен Петр Васильевич қызмет жолында атқарған қалтқысыз еңбегі үшін бірнеше рет ІІМ-нен, облыстық, аудандық бөлімдердің мақтау грамотасы, бірнеше алғыс хаттармен және мақтау қа-ғаздарымен марапатталған. Аудандық ІІБ «Құрмет тақтасында» суреті ілінген азаматтың жетістіктерін тізе берсек, бір төбе болары анық. Аға ұрпақтың еңбегін бағалау бізге парыз.
Құрметті Петр Васильевич, аудандық газет редакциясы атынан сізді 80 жасқа толған мерейтойыңызбен құттықтай келе, мықты ден-саулық пен шаттыққа толы өмір, әр атқан таңыңыз арайлы болсын деп тілейміз!
Бақыт МҮЛІКОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.