«Ауылдың үздік мұғалімі», аудан әкімінің «Таңдаулы ауыл мұғалімі» Құрмет грамотасы мен 500 доллар грант иегері, аудандық, облыстық байқауларынан «Үздік ауыл мұғалімі-2007», «Ауылдың ең үздік ұстазы-2008», сынып жетекшілер сайысынан «Сегіз қырлы, бір сырлы» аталымын алған. Бірнеше жыл аудандық, облыстық білім басқармаларының, 2002 жылы Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталып, «Шығармашылық топ жетекшісі», 1982 жылдан Кәсіподақ ұйымының төрайымы сияқты қоғамдық жұмыстарды ұстаздықпен ұштастырған Күлмайраш Қантайқызы Олжабаева туралы мадақтауларды осылай жалғастыра беруге болады.
Күлмайраш Олжабаева - ардагер мұғалім, ұлағатты ұстаз, ақ әже, аяулы ана, сүйікті жар аттарына әбден лайық нәзік жан. Оның естеліктерінен айтар болсақ, 1974 жылы мектеп бітірісімен 17 жасында «Гүлдер» атты комсомол-жастар бригадасында еңбек жолын шопандықпен бастаған бойжеткен, келесі жылы коммунистік партия қатарына қабылданып, екі мәрте аудандық комитеттің депутаттығына сайланды. Еңбегі жанып, 100 саулықтан 130 қозы алғаны үшін Солтүстік Кавказға жолдама алып, демалып қайтқаны да бар.
Замандастары сияқты еңбекке ерте араласқан Күлмайраш неміс жігіті Викторға тұрмысқа шығып, берекелі отбасында 1 қыз 4 ұл сүйген абзал ана. Шопан болу оның сүйікті ісі емес екенін дер кезінде түсінген ол, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдап, жаратылыстану пәні мұғалімі мамандығын да меңгеріп үлгерген. Көкпекті ауданының Егінбұлақ ауылында 30 жыл ұстаздық етіп, мектеп қабырғасынан 9 рет шәкірттерін түлеткен, бала бойындағы білімге деген құштарлығын арттыруды көздеген, оның жүрегіне жол таба білген педагог. Күлмайраш өзін өте қатал болдым, бірақ одан кем болған бала жоқ. Керісінше, шәкірттерім маған сол үшін кейін алғыстарын айтатын дейді. Олар: «Сіздің темірдей тәртібіңіздің арқасында осындай жетістіктерге жеттік» дегенде жылап алатынмын деп толқи еске алады. Осы жерде «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» деген даналық есіңе оралады.
Ұстаз сөзінің аясы кең. Өзгенің бақытты болуы үшін үйрету мен тәрбиелеуден жалықпайтын ұстаздар, жақсылық пен ізгіліктің шуағын шашып, өздерін де бақытты сезінетіні рас. «Ол кісінің алдынан білім өресі биік, рухани бай, парасатты, бойында адамгершіліктің асыл қасиеттері қалыптасқан азаматтар өсіп шыққанын көрдік», дейді көп балалы ана Шамшар Жұмағұлова. Ал шәкірті Алуа Нұрдолдина: «Оқушыны жан-жақты дамыту үшін барлық уақытын, білімін сүйікті ісіне бағыттай білген ұстаздың әр сабағы біріне-бірі ұқсамайтын. Түрін, әдісін әртүрлі ғып өзгертіп, таңғажайып білім әлеміне қарай жетелейтін сабақтары тартымды да қызықты болатын» деп естелігімен бөліседі. Оның қолынан ұшқан түлектер бүгін сан-салада ел дамуына өз үлестерін қосып жүргені даусыз.
Күлмайраш Қантайқызы мектептегі әріп-тестерінің ортасында да үлкен беделге ие болған ұстаз. Ұзақ жылдардағы педагогтық еңбегінде ол қаншама жас ұстаздарға жетекші болып, мұғалімдіктің қыр-сырларына баулыды. Сондай-ақ, шығармашылықты талап ететін жауапкершілігі жоғары жұмысында ол өз іс-тәжірибелерімен түрлі Республикалық басылымдар беттеріне мақалалар жариялау арқылы бөлісті. Айта кетсек, «Биология және салауаттылық негізі» журналы «Модульдық жүйе», «Салыстыру әдісі», «Ұстаз. Білім. Шәкірт» газетінде «Бақытты жай», «Қос сыныпта сабақ беру», «45 минут» журналында «Көпжасушалы жануарлар» мақалалары әр жылдарда жарияланған.
Өз пәнін терең меңгерген ұстаздың мектептегі өлкетану үйірмесінің «Қызыл ізшілдер» тобын және «Жасыл ел сақшысы» топтарын басқарып, ауданға еңбегі сіңген адамдар туралы деректер, жергілікті жердің өсімдіктері мен жануарлары жайлы және бастаулар мен жер аттарының шығу тарихы жөнінде жүйелі, нәтижелі жұмыстар жүргізгенін айтпауға болмас.
Қазіргі таңда зейнеткерлікте болса да, қо-ғамдық істерден тыс қалмай ардагер ұстаз ауылдағы әйелдер кеңесінің төрайымы болып, әлі де ақыл кеңесін аямай жүр.
Құрметті Күлмайраш Қантайқызы, сізді биыл 60 жастың асқарына шыққан мерейтойыңызбен құттықтай келе, балаларыңыз бен немерелер ортасында қосағыңыз Виктормен қоса ағарыңыз демекпіз. Әрдайым айрандай ұйыған берекелі шаңырағыңыздан сәбидің шат күлкісі үзілмесін!
Бақыт ҒАББАСҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.