Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Бұдан 30 жыл бұрын Шығыстағы аға ұрпақты бір құрылымға біріктірген және басшылық органын сайлаған құрылтай конференциясы өткен еді. Осылайша өңірдің аудандарында аудандық Ардагерлер ұйымдары да жаңадан құрылып, өз жұмыстарын бастаған. Аға ұрпақтың өмірлік бай тәжірибелерін жас ұрпаққа патриоттық және адамгершілік тәрбиесін беру ісіне пайдалану, олардың қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділіктерін арттыру, соғыс және еңбек ардагерлеріне жеткілікті қамқорлық жасауды ұйымдастыру – бұл кеңестің басты мақсаты.


Біздің аудан ардагерлері де өңірдегі қоғамдық-саяси тіршіліктің қайнаған ортасынан қол үзбей, өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестерін халық игілігіне жаратуға белсене араласуда.
Ардагерлер ұйымының 30 жылдық мерейтойы қарсаңында аға ұрпақ өкілдерінің жұмысы жайында Көкпекті аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сләмбек Насырбайұлы Мұқашев баяндап берді.
- Осы уақыт ішінде аудандық кеңесті небір ерен азаматтар басқарып, өздеріне сеніп тапсырған ұйымды аумалы-төкпелі қиын кезеңдерден сүріндірмей алып шығып, ардагерлер қозғалысы тарихында жарқын із қалдырған, оның бекемденуіне өлшеусіз үлес қосып кеткен адамдар болды. Атап айтар болсақ, ең алғаш ұйымды құруға ат салысқан бірінші төрағасы болған Николай Николаевич Главонарев, кейін оның орнына келген Жорабек Үсембаев сияқты беделді азаматтар аталмыш ұйымның іргетасын қалап, жұмысын жандандыруға бар күшін жұмсады деу орынды. Олардың ізгілікті ісін жалғастырушы Миллят Шаяхметұлы Абдишев (1990-2002 жж.), Роза Орақпайқызы Мақұлбаева (2003-2009 жж.), Атымтай Жылқыбайұлы Әбенов (2009-2015 жж.) сынды ізбасарлары соңғы жылдарда төрағалық міндетті атақ-абыроймен алып жүрді. Олардың ат-қарған жұмыстары аудандағы өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезімді қалыптастыру, тұрғындар арасындағы ұлтаралық және азаматтық келісім, соғыс және тыл ардагерлері мен зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайларын назардан тыс қалтырмау және т.б. шаралардан көрініс тапты. 2015 жылдың қыркүйегінен бері бұл міндеттің жауапкершілігі маған жүктелді, - дейді Сләмбек Насырбайұлы.
ЖҰМЫСТА ЖҮЙЕЛІЛІК БАР
Ардагерлер ұйымының, онымен қоса, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасының айтуынша, еліміздің болашағын алға жетелейтін жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ісінің негізгі салмағы Көкпекті ауданында Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне тиесілі. Бұл бағыттағы жұмыстар белгілі бір жүйемен, мақсатпен, белсенді жүргізілуде.
Аудандық ардагерлер кеңесінің іс-әрекеті ауылдардағы бастауыш ардагерлер ұйымдарының белсенділігін арттыра отырып, ардагерлер кеңесінің Жарғысын басшылыққа алады және мақсат-міндеттерін анықтайды. Кеңестің бірінші кезектегі міндеті – бастауыш ұйымдарды қоғамдық-саяси өмірге, ардагерлердің әлеуметтік құқықтарын қорғау және жас ұрпаққа адамгершілік-патриоттық тәрбие беру ісіне кеңінен тарту, бұған басты назар аудару. 17 ауылдық округтегі, 41 бастауыш ардагерлер ұйымында жастар және оқушылармен жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Солардың ішінде Кеңес Одағының Батыры Қойгелді Аухадиев атындағы округтегі ұйым жұмысын ерекше атауға болады. Бастауыш ұйымның басы-қасында 7 жыл бойы жетекшілік етіп келе жатқан педагогтық еңбектің ардагері, Көкпекті ауданы жастары мен оқушыларына патриоттық тәрбие беру комиссиясының төрайымы Таисия Васильевна Шнайдердің есімі көпке танымал. Ол ұстаздық жолында қол жеткен табыстары үшін Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін алған, «Әдіскер - мұғалім» атағына лайық және республикалық ардагерлер кеңесі төрағасы Өмірзақ Озғанбаевтың қолы қойылған Орталық ардагерлер кеңесінің медалімен марапатталған, халық алдында беделі жоғары жан.
Сонымен бірге, Ардагерлер ұйымының жұмысын жоғары дәрежеде, жаңашылдықпен ұйымдастырып жүргізе білгені, түрлі байқауларға қатысып, жаңа жобалар мен бағдарламалар жасап шығарғаны үшін көптеген сертификаттар мен дипломдар, грамоталар мен алғыс хаттарға ие болды. Оның ардагерлер ұйымымен жүргізген әртүрлі формадағы шаралары тек аудан емес, облыс көлемінде әйгілі. Т.Шнайдердің іс-тәжірибесі аудан аумағында таратылды.

ЕСТЕЛІК ОРТАЛЫҒЫ ТАРИХТАН СЫР ШЕРТЕДІ
Ардагерлер кеңесі ШҚО бойынша өткен «Азаматтық Альянс» ОЮЛ инновациялық жобасы байқауына қатысып, 300000 мың теңге ақша ұтып алды. Сол қаражатқа Преображенка ауылында 2015 жылы 15 ақпанда ашылған «Естелік орталығын» жасады. Ашылу салтанатына келген құрметті қонақтардың ішінде облыстық мәслихаттың төрағасы, О.В.Чернышев болды. Жобаны құрудың мақсаты - Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай, ҰОС ардагерлерін және тыл еңбеккерлерін құрметпен еске алу. Көкпектіліктердің мақтанышына айналған ерекше орталықтың ашылуына ауыл тұрғындары, мектеп ұстаздары мен оқушылары да іздестіру жұмыстарына атсалысып, үлкен көмектерін ұсынғанын айта кету керек. Осы мақсатта соғыс жылдарында фронтта қан төккен және тылда еңбек еткендер, Ауғанстандағы азаматтық соғысқа қатысушы интерноционалист-жауынгерлер туралы мұрағаттық анықтамалар, құжаттар, фотосуреттер жинақталды. Бұларда көкпектіліктердің жанқиярлық ерліктері көрініс тауып, кейінгі ұрпаққа өткен тарихтан сыр шертеді.
Өткен жылы 10 қазанда Естелік Орталығының базасында Көкпекті ауданының бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі мамандар қатысуымен «Жастар мен оқушылардың патриоттық тәрбиесі» тақырыбында аудандық семинар өткізілді.
Қарияларға қолдау көрсету мақсатында соғыс және тыл ардагерлері, жалғызбасты қарттардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары зерттеледі.
2016 жылдың 22 маусымында Ұлы Отан соғысының басталғанына 75 жыл толу күніне орай, бүкіл ел аумағында өткен еске алу митингісіне ауданымыздағы ардагерлер қатысты. Ал тамыз айында ШҚО өлкетаушылары және жазушыларымен кездесу, Көкпекті ауданының «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері үшін семинар өтті. Қыркүйекте Көкпекті ауданының бастауыш ардагерлер ұйымдары өкілдерінің, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының, жастар ісі бойынша мамандардың қатысуымен патриоттық тәрбиеге қатысты жиын болды.
Аға ұрпақ өкілдері өз жұмысында түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланады. Мәселен, ерлік сабақтары, конференциялар, пікір алмасу, дөңгелек үстел, мерекелік шаралар, тимуршылар жұмысы, ҰОС мен тыл ардагерлеріне арналған көгілдір оттар және БАҚ-пен үнемі қарым-қатынаста болады.
«Ортамызда Ардагер жүр» акциясы дәстүрге айналды. Бұл акция аясында мектеп ұжымдары, жастар мен балалардың қоғамдық ұйымдары көмекке мұқтаждарды анықтап, оларға қолдау жасап тұрады.
Аудандық кітапхананың негізінде жұмыс істейтін «Азамат» клубы ардагерлермен бірлесіп, жастар арасында тарихи-әскери ойындар, ауған соғысына қатысқан жауынгерлермен кездесулер, ауызша журналдар, әскери әдебиеттерге шолу жасалады. Осындай 15 шара 175 адамның қатысуымен өтті.
Сонымен қатар, аудандық білім беру, денешынықтыру және спорт бөлімімен бірлесіп, «Мен – өз елімнің патриотымын» атты ұзақмерзімді бағдарлама әзірленді. Ол Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын және жастар мен мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие беру бойынша облыстық, аудандық жоспарларды негізге алып әзірленген.
Бүгінгі күні ауданда әрқайсысының құрамында 7 ардагер бар 2 ақпараттық үгіт-насихат тобы тұрақты жұмыс атқаруда. Ақпараттық үгіт-насихат тобы жұмысының аясында жастармен түрлі шаралар барысындағы кездесулер – әскер қатарына шақыру кампаниясы кезеңі, бос жұмыс орындарына вакансия жәрмеңкесі, сондай-ақ, ұжымдарда өтеді. Бұл істерде Президент Жолдауларын халыққа түсіндіруге ерекше басымдық беріледі. Осындай шаралар ауданның барлық округтерінде дерлік жүргізілуде.

ЕРЛІК ӨЛМЕЙДІ, ЕР ҰМЫТЫЛМАЙДЫ
Ұлы Отан соғысы біздің тарихымыздың мәңгі ұмытылмас парағы болып қала береді. Сол үшін де ел үшін ерлік жасаған жауынгерлер мен жан аямай еңбек еткен аға ұрпақтың үлгі-өнегесімен бүгінгі ұрпақты тәрбиелеуге міндеттіміз.
Бұл бағытта тапсырылған іске жауапкершілікпен қарайтын, күш-жігерлері әлі сарқылмаған аудан ардагерлері сан түрлі жұмыстар атқаруда. Қазақстандық патриотизге тәрбиелеу барлық білім ордаларының жұмысындағы жетекші бағыттардың бірі болғандықтан, қазіргі таңда ауданда 13 әскери-патриоттық клуб әрекет етуде. Жыл сайын көктем айларында «Патриот» бұқаралық-қорғаныс айлығы, «Бауыржан Момышұлы – шындық пен әділдіктің символы», «Көкпектілік Кеңес Одағының Батырлары», т.с.с. ауызша журналдар, «Жеңіс Қаһармандары - біздің аталарымыз» атты акциялардан оқушылар көп пайдалы нәрселер үйренеді. Сондай-ақ, Жеңістің 70 жылдығына орай шағын ғана елді мекен Подгорное ауылынан шыққан Кеңес Одағының үш Батыры Н.Фонов, И.Яроцкий және С.Седневке Даңқ Мемориалының ашылуы аудан тұрғындары бойында терең патриоттық пен алғыс сезімін оятқаны шындық.
Ардагерлер кеңесі бастауыш ұйымдармен бірлесіп, соғыс және тыл ардагерлерінің туған күндері мен мерейтойларын атап өтуді естен шығармайды. Сонымен қатар, алдыңғы толқын өкілдерінің ауданның мәдени тіршілігіне де қосқан үлестері зор екенін ерекше атап өту керек. Құрылғанына 30 жыл болған «Асыл мұра» әжелер клубы (Бастаушы ауылы), «Русский сувенир» (Самар ауылы), «Інжу маржан» (Көкпекті ауылы) және осындай көптеген клубтар басқа ауылдарда да ұйымдастырылып, ұлттық салт-дәстүрлерді қайта жаңғыртып, дамытуда маңызды рөл атқарып жүр. «Інжу маржан» ұжымы республикалық Кеңестің ұйымдастыруымен өткен «Қайран ерлер, Қаһарман ардагерлер» фестиваліне қатысып, облыста І-орынды жеңіп алды. Ал аудан ардагерлерінен құрылған көркемөнерпаздар хоры облыс көлемінде жүлделі І-орынға лайық деп саналды.
Ардагерлер ұйымының аудан көлеміндегі және ауылдық округтердегі өткен барлық маңызды шаралары туралы мақалалар үнемі республикалық және облыстық басылымдар «Ардагер Айнасы», «Рудный Алтай», «Дидар», «Семей таңы», аудандық газет «Жұлдыз» - «Новая жизнь» беттерінде жарық көріп тұрады.
Зер салып қарасақ, аудан ардагерлер ұйымдарының бар жұмысы өмір бойы жинақтаған сарқылмас тәжірибелерін, тәлім-тәрбиесін кейінгі ұрпаққа өнеге етіп, әр жүректе патриоттықтың шырағын жағуға бағытталады екен. Ал, сол жанған оттың шоғын сөндірмей, аталар мен әкелер дәстүрін абыроймен жалғастыру, туған жері мен елінің гүлденуі жолында аянбай тер төгу жастардың қасиетті борышы. Жас ұрпақтың Мәңгілік елімізді дүниежүзілік қоғамдастықта беделді, дамыған, өркениетті, ұлы елге айналдыра алатынына сеніміміз мол.

Сұхбаттасқан Бақыт МҮЛІКОВА

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Наурыз 2017 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз