Абзал істерімен, адамдық, ұстаздық болмысымен ел назарында, әріптестер жадында жүрген, жас сақшылар тәлім-тәрбиесін көріп, ұлағатын алатын жарқын тұлғалар Бородулиха аудандық ішкі істер бөлімінде аз емес. Олардың рухани тәлімдері уақыт өткен сайын ұжым арасында жаңарып, толыға түсіп, бірге қызмет еткен әріптестері мен құрмет тұтатындар арасында есімі жиі ауызға оралып, ел-жұрт санасында ертегідегі бәйтеректей биіктей беретіні шындық.
Осындай ел аузында есімі қайталана аталып, аудандық ішкі істер бөлімінде өзіндік сүбелі үлестері мен айшықты қолтаңбасы бар, ел тыныштығын сақтауға еңбегі сіңген, бірегей тұлғалардың бірі –Самар полиция бөлімінің қызметкері Ермек Сапарғалиев.
Полиция қызметкерлері мен полиция ардагерлерінің еңбектерін ескеріп, оларға ризашылық пен алғыс сезімдерін білдіру күні қарсаңында аталған қоғамдық тәртіп сақшысымен жүздесудің жолы түскен еді.
Ер балалардың кішкентай кезінен арманы әскери адам немесе полицияда қызмет істеу сияқты болып келеді ғой. Ал Ермек Сапарғалиев болса, бала кезінде өзі қатарластармен мылтық атып, «бандиттерді» ұстап ойнамапты. Қызық, ол Ертіс жағасында өскендіктен бе, ылғи да кемеге мініп алып, алыс сапарларға шығуды армандайтын. Мектепті аяқтаған соң арман арқалап қалаға барды да, техникалық институтқа құжатын тапсырды. Төрт жылда құрылысшы-инженер мамандығын игеріп, ауылға келгенде әкесі де баласының елге пайдалы, үй салатын маман болғанына қуанып еді. Жұмыс та табылды. Құйғанға таяу Топтерек кеңшарына прораб болып жұмысқа орналасты да, осы жерде үш жыл еңбек етті. Жоғары білімді, әскери машығы мен офицер атағы бар, тәртіпті жігітті ішкі істер органына шақырту қайта-қайта жаудырылды. Ақыры келісімін беріп, бірден тергеу бөліміне қабылданды. Қыр-сырына қаныққан, екінші жоғары білімді «заңгер» мамандығы бойынша игерген оны көп ұзамай осы бөлімге басшы етіп тағайындады.
-Тергеушінің қызметі қиын да қызықты. Менің қасымда тәлімгерлерім Әлімқан Өміржанов, Ермек Рақышев сияқты ағалар болып, бұл жұмыстың қыр-сырына әбден қанықтырды. Тергеуші – бесаспап маман. Ол ең алдымен психолог. Жауап алып отырған қылмыскер, күдікті, куәгер болсын ең алдымен адам ғой, ал адамның мінез – құлқы әралуан. Міне, ұзақ жыл осы салада жұмыс істегенде мен ең алдымен адамды тануды, оның қандай жағдайда қалай әрекет ететінін үйрендім. Бұл тергеуші үшін ең басты қасиет дер едім,-дейді Ермек Тамызғазыұлы.
Табан аудармай он бес жыл тергеуші болған оның жұмыстан бұрылуға мұршасы жоқ еді. Содан да болар үйлену де жайырақ жүзеге асты. Өзіне лайық қосағы алыста емес, осы ауылда екен. Мамандығы мұғалім Саягүл Ермек үшін тек қана жар емес, ақылдасатын серігі, сенімді досы, бастысы мықты «тыл» бола білді. Қашанда тамағы дайын, киімі таза, үтіктеліп тұрады. Осы жерде Ермек қалжыңдайды: - Біздің қызметтегі адамдарға үнемі формамен жүргендіктен көп киім керек жоқ, сол жағынан үнем жасаймыз. Ал енді бір жерге қонаққа (уақыт болса) барарда баяғыда алған костюм не кішірейіп, не сәннен шығып қалады, содан кейін жаңасын аласың, оның да тағдыры алдыңғысын қайталайды,-дейді.
Полиция майоры Сапарғалиев Ермек қазіргі күні жедел аға кезекші инспектор. Бұл полиция бөлімінің жүрегі саналатын жер. Қылмыстық оқиғаны қабылдап, тіркеуден бастап, онда шұғыл түрде топ аттандыру, қару-жарақты беру, қайта қабылдау, қылмыстық оқиғаны ашуға баратын топтың «чемоданына» жауапкершілік – одан басқа да толып жатқан жұмыстарды кезекші атқарады. –Мен үшін кезекші бөлімде жұмыс істегеннің тиімділігі – ұзақ жылғы заң баптарымен жұмыс істегенімнің пайдасын көруім,-дейді Ермек. Кезекші қылмыстық оқиғаны журналға тіркеп, базаға енгізерде оның қандай бапқа жататынын қоса жазуы керек, ал оны ұзақ жыл тергеу ісімен айналысқан білікті маман Е.Сапарғалиевтан артық анықтайтын адам жоқ. Сондықтан да болар, журнал толтыру кезінде әріптестері ылғи да Ермек Тамызғазыұлының көмегіне жүгінеді.
Полиция майоры жеңіл атлетикадан аудандық, облыстық, республикалық спорттық жарыстардың жүлдегері. Жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын оны әріптестері құрмет тұтады. Ермек өзі туралы көп айта бермейді. Қайта әріптестері жайында айтқанды ұнатады. Заңғар Қабанбаев, Қапан Руслан сияқты жастарды ол болшағынан үміт күттіретін полиция қызметкерлері деп санайды.
Тәуліктік кезекшіліктен шыққан Ермектідемалдыруға мұршасын келтірмей, сұхбатқа шақырғандаол ешқандай ренжіген жоқ. Өзі қызметіне асқан жауапкершілікпен қарайтындықтан, менің де жұмысымдағы жауапкершілікті түсінгендігі деп ұқтым. Кішкентай Ерсайынын анасының қолына ұстатып, менімен әңгімеге ауысты. Оқу озаттары Зере мен Ұлжаны да әкелерінің жұмыстан шаршап келетінін біліп, барлық жағдайын жасауға тырысады. Ұйыған отбасының берекесі – бақыт бастауы деп тегін айтылмаған ғой. Ал тәртіп сақшысы тек өз отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның тыныштығын ойлайды.
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.