Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

31 мамыр күні Қ.Алтынбаев атындағы аудандық Мәдениет ордасында аудандық кітапхана және жастар орталығының ұйымдастыруымен «Зұлмат жылдар жаңғырығы» атты саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған еске алу кеші өтті. Қазақ халқының басынан өткен ауыртпалықтарды ұмытпау, рухы мықты, намысшыл, білімді, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу мақсатын көздеген шараның мән-мағынасын кітапхана ұжымының жайған тақырыптық кітап көрмесі мен слайдтар толықтыра түсті. Бір өкініштісі, қылышынан қан тамған кеңес заманы кезіндегі солақай саясаттың құрбаны болған алаш азаматтарын еске алу кешінің маңыздылығы, қастерлілігі жоғары болса да,жиналған халықтың қарасы көңіл көншітпеді. Бұны аудан орталығындағы мекемелер мен кәсіпорындар басшыларының саяси сауаттылығының төмендігі дейміз бе, әлде?

Еске алу кешінің беташарында сөз алған ауданәкімінің орынбасары Клара Рафикқызы:«1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығы бойынша, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Биыл он жеті жыл қатарынан қазақ жұрты осы күнді ерекше құрметпен атап өтіп келеді. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы өз тарихында талай нәубетті басынан өткерді. Соның ішінде соғыс, екі аштық, жаппай қуғындау халықтың болашағына, бүкіл тағдырына үлкен нұқсан келтірді. Бұл зобалаңнан, басқа өлкелермен салыстырғанда ең көп зардап шеккен қазақ елі болды. Бұл – ұмытуға болмайтын қасірет», - дей келе, ұлты мен діні, тілі мен діліне қарамастан, мыңдаған адамдар тоталитарлық жүйенің диірменіне түсіп, өзгеше ойлағаны үшін күнәсіз сотталып, туған жерлерінен аяусыз айдалып, түрмелерде жазықсыз көз жұмды. Бүкіл қазақ даласын шарпыған алапатта жазықсыз құрбан болғандардың ішінде Шериаздан Бабайұлы, Ғали Нұржанов, Ақатай Мұқажанов және тағы басқа да көкпектіліктер болғанын біреу білсе, біреу білмес. Бүгінгі жас ұрпақ үшін, азат, тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін оларды еске алу және есте сақтау қасиетті парыз екеніне тоқталды.

Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Атымтай Әбенов: «Өткенін ұмытқан елдің болашағы бұлыңғыр»деген. Өткен ғасырдың бірінші жартысында миллиондаған адам жазықсыз жапа шекті. Ұлтымыздың бетке ұстар азаматтарымен қоса олардың жарлары, балалары атылды, асылды. Қанқұйлы саясат қазақты қынадай қырды. Содан бері бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, халық әлі ата-баба қасіретін ұмытқан емес. Сондықтан, бүгін – аза тұтатын күн. «Жұт жеті ағайынды» дейді ғой. Сол бір зобалаң жылдарда көтерілістер, коллективизация, бетке ұстар зиялы қауым өкілдері жаппай қудалауға ұшырап, «халық жауы» атанып, жалған жаладан жапа шеккен жүздеген, мыңдаған арыстардың өздері ғана емес, ұрпақтары да қуғын-сүргіннің зардабын тартып, тағдыр тәлкегіне түскен еді. Бүгінгі күні тіліміз бен дініміз қайта оралып, бейбіт те тату дамыған тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Кейінгі ұрпақ ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын білуі, оларды еске алып, құрмет тұтуы тиіс», - деді.

Зейнеткер ұстаз Марат Сатыбалдин өз сөзінде ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін зобалаңын тарихшы ретінде сипаттап, кейбір «шаш ал, десе бас алған» келеңсіздіктерді, Кеңес үкіметі жүргізген солақай саясатты, патша үкіметі кезіндегілермен салыстыра отыра дәйекті түрде сипаттап берді. Осыны естіп отырған жанның зұлмат жылдары өмірі қиылған жазықсыз арыстар мен малынан айрылған соң аштықтан шыбынша қырылған қарапайым халықты ойлағанда төбе құйқасы шымырлады. «Қазақстан сол кездері тәжірибе жасайтын алаңға айналды. Ал, 1936-1957жылдары жер аударылғандар және тың игеруге келген басқа ұлттар мен қамау орындарынан босағандардың барлығы қырылып қалған қазақтардан бос қалған жерлерге қоныстандырылды. Қазақ мектептері жабылып, жаппай орыс мектептері ашылып жатты. Бұл дегеніңіз бір ұлтты құртып жіберудің алғышарты болатын. Міне, сол үшін де кезінде азаттықты аңсаған алаш азаматтарын ұмытпай, ісін жалғастыру бәріміздің парызымыз», -деді Марат Қалиұлы.

«Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұржан Орынбеков: «Тәуелсіздік жылдары 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықса,Заңнамаға сәйкес, 340 мыңдай азамат ақталды. Қаншама адамныңатаусыз қалған әкелері, туғандарыақталып, өлгендері тірілгендей күй кешті. Жалпы, елімізде ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болған Сталин режимінің 11 лагері орналасты. Азап аралдарына вагондармен Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен тұтқындар тасымалданды. Ажал вагондардан азап шеккендердің көбі ауыр жолға шыдамай өліп кеткен.Бұл зобалаң жылдары халық жауы атанғандардың әйелдері отырған «Алжир» лагері. Талайға қиянат шектірген концлагерь бүгінде мұражайға айналған. Қуғын-сүргін құрбандарының есімдері қабырғаға қашалып жазылыпты. Алжирдің азабынан 20 мыңнан астам адам азап шекті», - дей келе, ол жастарды Отанын сүюге, аға толқынның жанқиярлық ісін лайықты жалғастыруға шақырды.

Арасында аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің «Ақынның ажалы» атты сахналық көрінісі, Ж.Шайжүнісов мектебінің жас ұстаздары оқыған «Алаштың арыстары» әдеби-монтажы, «Елім-ай»,«Шериаздан ата», «Өркендей бер Қазақ елі» әндері толқынысты кештің әрін келтіріп, зар заманның маңызын тереңдетіп, жанарларға жас толтырды.

-Болашақ ұрпаққа өткен тарихымызды жан жақты түсіндіріп,тәуелсіз Қазақстанның жаңа бағытымен қадам басып, елімізді, жерімізді, тілімізді, дінімізді қорғай алсақ, ынтымақпен тарихтың сабақтастығы жалғаса берсе, бізден бақытты жан жоқ! - деген сөздермен кештің балауса жүргізушілері Ардақ Миратова мен Әділбек Қалиакпаров көрермендермен қоштасты. 

Тарихқа көз жүгіртсек, 1929 жылдан 1953 жылға дейін, дәл Сталин билік еткен тұста, 40 миллионнан астам адам атылды, асылды. Соның 100 мыңнан астамы қазақтар. Ақыр соңында 25 мың адам атылу жазасына кесіліп, қалғандары 20-30 жылды арқалап темір тордың арғы жағына кете барды. Қолдан ұйымдастырылған осы аштық пен қуғын сүргін Алаш санын 42 пайызға кеміткен.

Бақыт МҮЛІКОВА

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Маусым 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
            1
2 3 4 5 6 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз