Адам баласына «Отан», «туған жер» деген ұғым ана құрсағынан сіңе бастайтын сияқты. Біз есейген сайын туған ел туралы түсінігіміз молая береді. Ал ер жеткенде өмірді, дүниені жан-жақты түсініп білген кезде «туған ел» деген ұғым бұрынғыдан да мәнді, мағыналы болып, сезімімізді байыта түсетініне нық сенімдеміз. «Елім дейтін ер болса, ерім дейтін ел болар»,-дегендей, Құлынжон ауылының тумасы Айдын Рахымбаев өзі туып,өскен ауылының тағдырына немқұрайлы қарай алмайтын азамат болғандықтан, жерлестері оны қашанда ауыздарынан тастамай, атын мақтанышпен атап отырады. Міне жақында ғана Айдын Жұмаділұлы өзі білім алған мектебіне толықтай жөндеу жасайтынын өз аузымен келіп айтып, жерлестерін қуанышқа кенелтіп кетті.
1966 жылы іргесі қаланған «Казнаковка орта мектебіне» биылғы жылдың қыркүйек айында 50 жыл болады. Бұл жұмыстың бастамасы «Казнаковка орта мектебі» үшін «Туған жерге тағзым» акциясы аясында мектеп директоры Ринат Араратұлы Қажиакберов пен мектеп ұжымының хат алмасуы арқылы шешімін тапты. Осы жылы мамыр айында толыққанды күрделі жөнделу жұмысы басталады. «BI Group» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы, осы ауылдың тумасы және Казнаковка орта мектебінің түлегі Рахымбаев Айдын Жұмаділұлы өз қаражатын жұмсамақшы, жоба құны 300 млн теңге мөлшерінде деп есептелді.
Айдын Рахымбаев 1972 жылы 20 қыркүйекте Казнаковка ауылында туған. 1987 жылы «Казнаковка орта мектебін» бітірген. Ол өзінің еңбек жолын 16 жасында туған ауылында құрылысшылар бригадасында қарапайым жұмысшы болып бастаған еді. Құрылысшылықтың барлық баспалдағынан өткен талапты жас Целиноград инженерлік–құрылыс институтын аяқтады. Содан кейін жоғары заңгерлік мамандықты игерді. Әкімшілік-іскерлік магистрі атағы да бар. 1995 жылы өзінің курстастарымен бірге «АзТЭК» трейдингтік компаниясын құрды, ол әрі қарай «BI Group» холдингіне айналды. Құрылған күнінен бастап Айдын Жұмаділұлы компанияның бас директоры болып табылады, ал 2005 жылдан бері BI Group холдингінің директорлар кеңесінің төрағасы.
Өзінің саналы ғұмырында А.Ра-хымбаев қайырымдылық іспен шұғыл-дануды маңызды іс деп санап, көп көңіл бөледі. Сондықтан да 2004 жылы «BI Group» холдингінде «Қамқор» корпо-ративтік қоры құрылды, қор кейіннен «Жұлдызай» деп қайта аталды,бұл қор-дың мақсаты мүмкіндігі шектеулі және жетім балаларға материалдық және басқа да көмек көрсету болып табылады. Төрт баланың әкесі өзінің бос уақытында кітап оқығанды, отбасымен саяхаттағанды жақсы көреді. Айдын Рахымбаев 2008, 2013 жылдардағы Қазақстан ралли Дакар құрамасының мүшесі, Қазақстан бо-йынша автожарыс чемпионатының қола жүлдегері.
Айдын Жұмаділұлы құлынжондық оқушылар арасында кітап оқудан жарыс ұйымдастырып, жеңімпаздарды жыл сайын Астана қаласында қыдыртуға шақыратын. Ал биыл облыстық «Достық» білім беру орталығында мұғалімдері келіп, 5-сыныптан бастап білім беру материалдарын оқыту бойынша сабақ берді, сабақ ақысын толықтай А.Рахымбаев төледі. Сонымен бірге, математика мен тарих пәндерінен толық дайындықтан өтті. Келесі сабақ мамыр айында өтеді. Айдын Жұмаділұлы бүкіл ауыл тұрғындарының Мегалайн жүйесіне қосылуына да өз үлесін қосты.
Өткен аптаның 19 күні мектепке арнайы тікұшақпен келіп, мектептің қазіргі жағдайымен танысты. Ең алдымен Айдын Рахимбаев мектеп ұжымымен және оқушылармен кездесу өткізді. Сонымен қатар Айдын Рахымбаев мектеп директоры Р.Қажиакберов пен мектеп ұжымына бекітілген жобаны толық таныстырды.Құлынжондықтар осындай елжанды, жа-нашыр жерлестерінің барын мақтан тұ-тады. Ісі өрге домалап, Қазақстан Республикасын әлемдік биіктерге жетелесін деген тілек айтады.
Туған жер – киелі орын . Отан - ошақ басынан басталады. Туған жер, туған ауыл, туған көше. Ауылы кішкентай болса да, әр адам үшін аса қымбат. Туған ауылының түтіні түзу шығып, онда өсіп келе жатқан өзі сияқты ауыл баласының лайықты білім мен тәрбие алуына ынталы болып отырған азаматынан айналмайсың ба! Осындай қамқорлық пен өнегені көріп отырған оқушылардың арасынан артынан ерер ізбасарлары қаншама болары айдан анық. Мәртебең арта берсін, жерлес!
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.