Адам баласына ажал мен бейнет келейін десе аяқ астынан ғой. Кеше ғана үкілі үмітін аялап, Сервис колледжін аяқтап, енді ғана ауылдастарына тігіншілік қызмет көрсетемін деп жүрген бойжеткен бүгінгідей арбаға таңылып қаламын деп ойламаған еді. Үш баланың кенжесі Жанна автокөлік апатына ұшырағанда Жабековтар отбасы оның аман қалғанына қуанып, өмірі үшін күресте аянбады. Ендігі бар мақсат балапандарының тезірек адам қатарына қосылуы еді. Бармаған дәрігерлері, емдетпеген емшілері қалған жоқ, тіпті шет елге де асты. Мойын омыртқасы сынған қызға дәрігерлер аяқ басу-баспауы екіталай деп шығарып салды. Бірақ олар мойымады. Ең бастысы, бойжеткен өзінің өмір сүруге құштарлығымен ата-анасын жігерлендірді. Осылайша олар отбасы болып қолөнермен шұғылданып кеткендерін өздері де байқамай қалды.
Тігін машинкасының құлағында ойнайтын Жаннаның қолынан түрлі ойыншықтар дүкен сөрелеріндегіден де әдемі болып шықты. Бар мәселе сол ойыншықтарды тігуге қажет материалдарды алуға тірелді. Алғашында үйдегі ескі тон, мақта, тағы басқа да жұмсақ заттар іске асты. Содан кейін интернет арқылы тапсырыс беріп алуға көшті. Ғаламторда түрлі қуыршақтардың тігу әдістері, пішпелері де жарияланады екен. Бұл оның жұмысын біршама оңайлатты. Алғашқы жұмыстарын туыс-тарына сыйлыққа беретін, кейін анасы Руфа Фаизқызы дүкендерге апарып қо-йып жүрді. Әкем ойыншық тігуге қажетті фурнитуралар алудың шебері болып алды деп күледі Жанна. Осылай жалғаса берер ме еді. Жақында ауданымыздағы кәсіпкерлік палатасының жетекшісі Әлия Мұқашеваның ұйымдастыруымен Бе-лое ауылындағы орта мектепте Жанна Жабекованың бұйымдарын сату жәрмеңкесі өтті. «Бұл менің тұңғыш жәрмеңкем. Қаншама ойыншық сатылып кетті. Бір күннің ішінде қомақты қаржыға ие болып көрмеппін. Еңбегімнің еш кетпегеніне қуандым. Жәрмеңке қызу өтіп, кейбір ойыншықтарға таласып та қалыпты. Қажет болса ұнаған ойыншықтарын мен тігіп беремін»,-дейді Жанна көз жанары ұшқын ата. Мульфильмдердегі кейіпкерлердің бәрін оның ойыншықтарынан кездестіруге болады. Қазіргі күні Қытайдың зиянды ойыншықтарын сатып алғанша, білетіндер Жаннаға келіп қажеттерін алып жүреді екен. Енді болашақта балабақшаларға апаруды жоспарлап отыр.
Әуесқойлық әлемі оны жетелей түсті. Ұсақ моншақпен бұйымдар жасауды да үйренді. Бірақ оған көз жанарының әлсіреуі кедергі болды. Содан кейінгі тапқан ермегі – газеттен түрлі бұйымдар тоқу. Иә, иә, газеттен. Үлкен құмыра, түрлі себеттер, нан салғыш, күрешкелер, суреттердің жақтаулары, сандықшалар мен кішкентай қобдилар... Көздің жа-уын алады, оларды газеттен жасалған деп ешкім де ойламайды да, сондай шеберлікпен жасалған бұйымдар. «Енді оған шикізат табу сонша қиын емес»,-деп күледі Жанна. – тек қана бояу мен лакпен жабу уақыт алады. Оны күн көзінде, жазда жүзеге асырамыз», - деп қояды.
Бұл жұмыстың басты қиындығы га-зетті шиыршықтау болып табылады. Сондықтан бұл жұмысқа әкесі Берікбек те, анасы Руфа да кіріседі. «Осы газетті шиыршықтауға ғана көп уақыт кетеді. Ал тоқығаны жылдам. Мысалы, мына үлкен амфораны тоқу үшін екі мың шиыршық жасалды»,- дейді ол. Жаннаның тағы бір өнері – аққайнарлар мен шараптардың сыртын мерекеге сай безендіру, ол декупаж деп аталады екен. Жаңа жыл, 8 нау-рыз, тағы басқа мерекелерге жасаған осындай сувенирлері жылдам сатылып кетеді екен. Жаңа жылда сұраныс көп болыпты.
Арасында жаттығулары мен емдік процедураларына көңіл бөледі. Ата-анасы Польшадан сатып алған жаттықтыру қондырғысы көп көмек беріп жүр. Қазіргі күні оны бір мәселе толғандырады, ол өзі отыратын мүгедектік арбасы. Әлеуметтік қорғау бөлімі тарапынан берілген арба өте үлкен әрі ыңғайсыз, үй ішінде жүру үшін қасына бір адам керек. Қазіргі отырған арбасы жасөспірімдерге арналған, шағын, бірақ әбден тозығы жетті дейді анасы. Жақында ғана Әлия Орынбекқызының кеңесімен «Даму» қорымен байланысты. «Енді олардың тарапынан қолдау болып жатса, мен өзімнің өндірісімді ұлғайтамын. Қазір маған балалар үйінен тәрбиеленушілер келіп үйренгілері келеді. Мүмкін оларға арнап үйірме ашармын», - дейді Жанна. Өзінің арбаға таңылғанына қарамастан, жігерін жанып, айналасына пайдалы іспен шұғылданып отырған бойжеткеннің мына ісі ерлікпен пара – пар деп ойладым. Дені сау адамның қолынан мұның бәрі келеді, бірақ мойын жар бермейді. Сондай енжарлықтан сақтанып, Жаннадай адамдардан неге үлгі алмасқа.
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.