Жақия Шайжүнісовтың туғанына 100 толуына орай алыс-жақын жерден жиналған ұстаздың көзін көрген кісілер, оның қарамағында болып, тәлім-тәрбиесін алған тәрбиеленушілері мен балалары, немерелері ұстаздық жолындағы ұлылығынан сыр шерте отырып, естеліктерімен бөліскен еді.
Шайжүнісов Тоқан Жақияұлы:
«Жақсы әке – балаға жүз жыл азық» демекші, әкем мен үшін өте ерекше, қымбат жан еді. Мамандығы мұғалім болған соң ба, әкем бала тәрбиесіне ерекше мән беретін. Ешқашан бізге «мынаны істе, мынаны істеме» деп шектеу қойған емес, керісінше, таңдауды өзімізге жасатып, тек бағыт-бағдар беріп, дұрысына қолдау көрсетіп, бұрысын түзетіп отыратын. Отбасымыздағы сыйластық пен татулық, мейірімділік пен жанашырлық анам екеуінің жарасымдылығынан бастау алатын. Бүгін, міне, туған болмаса да, тай құлынтай тебісіп бірге өскен аға-бауырларымның арасында тұрып, дара тұлғаның ұрпағы екенімді мақтанышпен айта аламын. Бала жанының бағбаны барлығымызға тең қарады. Бізді өзінің тәрбиеленушілерінен еш уақытта бөле-жара қарамайтын. Біз де балалар үйіндегі бар баланы өз туғандарымыздай жақсы көрдік. Мен солардың көз алдарында өсіп, ержеттім. Ардақты әкемнің бүгінгі мерейтойына жиналып, осындай сәтті бөлісуге келген барлық жақындарыма, жолдастарыма алғысымды білдіремін.
Әкеміз әрдайым біздің жүрегімізде. Қарап тұрсам, жеткен жетістігімнің, алған асуларымның, шыққан биіктерімнің баршасы – әке рухының арқасында болып жатқандай. Расында да солай. Мені рухтандыратын бойымдағы асыл қасиеттердің барлығы – әкемізге тиесілі. Әке рухы мені қанаттандырып, өмірге құштарлығымды үнемі оятып келеді. Бүгінгі таңда Өскемен қаласының және Көкпекті ауданының құрметті тұрғыны аталуым да әкемнің мерейі деп білемін.
Ғаббас Уақасұлы Даутов, бұрынғы аудан хатшысы, зейнеткер:
-Жақиядай атағы жарты әлемге таралған тұғыры биік ұстазбен біз осы ауылда туыстан да артық араласып, дәмдес-тұздас көрші тұрдық. Ол кісінің балалар үйі үшін атқарған ерен еңбегі мен төккен терін, қамкөңіл балаларды қалай өз баласынан артық көрмесе, кем көрмей жанын салып жүріп өсіргенін өз көзіммен көрген, жақсы білетін адамның бірімін. Жақия ағаның тек балалар қамын ғана ойлап қоймай ауданның қоғамдық өміріне де белсене араласып, қамқорлыққа зәру жандарға қолұшын беріп көмектескенінің талай куәсі болғанмын. Жақия аға өзінің ерекше тартымдылығымен, адамды баурап алатын жайдары мінезімен есте сақталған таңғалаларлық дарын иесі болатын. Өзіме келсем, саналы ғұмырымды еліме, халқыма қызмет етуге арнап ауданымызда, облыс орталығы Семейде жауапты басшылық қызметтерді абыроймен атқарған азаматтарданмын. Көкпектінің шұрайлы жері мен самал желі, жұта берсең жан сарайыңды ашатын таза ауасына ешбір өлке тең келмейді. Осынысымен ол біздерді өзіне тартып тұрады. Бүгінгі ауыл ажарын адамның көңілі тоярлықтай қалыпқа келтіруге мұрындық болып жүрген аудан басшыларына ризамын. Талай батырлар мен еңбек ерлерін шығарған киелі жер - Көкпекті ауданының жұртшылығына осындай ауқымды шара ұйымдастырғаны үшін үлкен рахмет.
Аллен Сержанұлы Шайжүнісов, Жақия атаның немересі, 33 жаста:
-Қазіргі таңда Қазақстан футбол федерациясының бірінші вице-Президенті міндетін атқарудамын. Әрине, Жақия атамыздай аты аңызға айналған біртуар тұлғаның немересі болу, оған лайықты болу деген оңай емес. Мен өз атамды мақтан тұтамын. Ол кісі қаншама балаға мейірім мен сүйіспеншілігін төгіп, ұрпақтарына өлмес мұра қалдырды. Бүгінгі күнді ұрпақтар сабақтастығы мен ұрпақтардың тоғысуы десек те сыйымды. Айшықты шараға жиналғандардың ішінде ол кісімен бірге жүріп, біте қайнаған, қайырымдылығы мен қамқорлығын шынайы сезінген қаншама тәрбиеленушілері жүр ортамызда. Атамның құрметіне бүгінгідей үлкен жиын өтіп жатқаны мені қатты толқытуда. Көкпектіліктерге шексіз алғысымды білдіремін.
Асқар Қабденұлы Нұрмұханов, Жақия ағаның тәрбиеленушісінің ұлы, Көкпекті балалар үйінің қызметкері:
-Әкем Қабден Нұрмұханов бала жастан мерейлі ұстаздың қолында тәрбиеленіп, аңызға айналған Жақия мектебінен шынығып шыққан еді. Қазіргі таңдағы мұражайда сақталған альбомдарды қарап отырсаңыз, аса құнды деректер табасыз. Бұрынғы күндердің естеліктері ретінде айтарым, қазақ елінің басына күн туған ауыр кезеңдердің өзінде балалар үйі тәрбиеленушілерінің жан-жақты тәрбие алып, түрлі үйірмелерге қатысып, бүкілодақтық көрмелер мен байқауларда өздерін көрсете білгені
Жақия ағаның менің де адам болып қалыптасуымда, өмірде кетігін тауып бір кірпіш болып қалануымда рөл атқарды. Оқу бітірісімен тентіреп жүргенімде «мына бала неге жұмыссыз жүр?» деп мені қырманға жүргізуші қылып еңбекке жұмылдырып еді. Әкем ол адамды қатты қадір тұтты. Мен солдаттан үйге келгенімде «бірінші барып атаңа амандас» деп мені Жақия ағаға жіберетін. Біз де оны ата деп құрметтеп едік.
Бақыт МҮЛІКОВА,
Арайлым МИРАТҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.