Көзді ашып-жұмғанша көк-темнің соңғы айы мамыр да жетіп қалды. Алғашқы күнінен бірлік пен берекеге бастайтын бұл айдың барша адамзат үшін асқақ абыройы бар.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Ұлы Жамбыл ақынның «Жігерлі болса ер болар, Бірлікті болса ел болар» деген сөзі бар. Бүгінгі сессияның өзегі - бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті біздің осындай бірлікті Ел болмысымыздың кепілі. Мәдениет - тіршіліктің тірегі, ортақ игіліктерді ұлықтап, ұлтты ұлы істерге ұйыстырудың бірегей тетігі. Бейбітшілік, руханият пен келісім: бәрінің тамыры - мәдениетте. 21 ғасырдың ең басты заңы - татулық!
Келісім - экономика мен саясаттың, қауіпсіздіктің, өмірдің заңы. Біз келісім мәдениетін дәстүр ретінде ұрпаққа мұра етуге тиіспіз. Келісім мәдениеті Мәңгілік болуы керек», - деп атап өткен еді Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде.
Қазақстан Халқы бірлігі күнін біздің ауданда биыл жаңа серпінмен, ерекше жарқылмен думандатып атап өтті. Таңғы сағат 10-нан басталған мерекелік шараларды тамашалауға жиналған қарақұрым халықта шек болмады. Бір-бірін айқара құшақтап, ыстық ықыластарын білдіріп, мәре-сәре болған жамағаттың жүздерінен қуаныштың ыстық лебі есіп тұрды. Ертемен Абай көшесінен бастау алған мерекелік шерудің легінде барлық ұлттың өкілдері ұлттық киімдерімен, шаттық көңілдерімен, қызылды-жасылды шарларымен Орталық алаңға қарай ағылды. Бірлігі жарасқан әр ұлт өкілдерінің көтерген «Мәңгілік ел» тақырыбындағы ұрандары аудандағы бейбіт өмірді, ынтымақтастықты паш еткендей. Татарлар, өзбектер, орыс ұлты, корейлер, украиндар, т.б. ұлттар бір атаның баласындай бір шаңырақтың астындағы татулық пен достықтың үлгісін көрсетті.
Шерудің сәнін келтіріп, қазақилықтың нағыз көркемдігін көрсеткен Аудандық орталық аурухана ұжымының сұлу, жорға сәйгүліктерге мінген, қастарына тазы ерткен сал-серілердің салтанаты мен қазақ биін мың бұрала билеген арулары жиналған қауымның қызу қошеметіне бөленді.
Аудан әкімі Д.М.Мусин барша халықты айтулы мерекемен құттықтай келе, «Туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде әрқайсымыз өз үлесімізді ел бірлігінің сақталуына, бейбіт те мазмұнды өмір кешуімізге атсалысайық» деген тілегін білдірді. Сонымен қатар, халық қалаулылары мен ауыл ақсақалдары да мерейлі мерекемен тойшыл қауымды құттықтап, еліміздің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табыстары көпұлтты мемлекетіміздің ынтымағы мен бірлігі арқасында екенін атап өтті. Елімізге ұлтаралық татулық, ауызбіршілік, тыныштық, бақ-береке тіледі. Ерекше атап өткіміз келетіні, аудандық орталық ауруханының дәрігері Елена Сорокина өз құттықтау тілегін таза қазақ тілінде жет-кізуі көпшіліктің көңілінен шықты. Сондай-ақ, мерекелік жиында аудан әкімі көпбалалы аналарды әспеттеп, 4 күміс және 1 алтын алқа табыстады.
Алаңның оң қапталына қаз-қатар жайылған ақ дастархандар молшылық пен байлықты паш етіп, түрлі ұлттық тағамдарға сіресіп тұрды. Ал, дастархандардың басында тұрған әр ұлттың өкілдері өз салт-дәстүрлеріне сай қонақжайлылық танытып, келгендерге дәм ұсынды.
Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының мерекелік концерті мен сауық-сайранына ұласты. Аудандық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымдары мен жеке әншілердің орындауындағы әсем әндер жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлап, Көкпекті аспанында қалықтап тұрды.
Мереке барысында қарапайым халықты әңгімеге тарттық, ой-пікірлерімен бөлісіп, құт-тықтау тілегін жеткізуін өтіндік.
Армия Ғалиұлы Бектасов, ауыл ақсақалы:
-«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген даналық сөзді қазақ халқы айтқан. Мұндай сөзді татулықтың тамырын терең түсінетін, бірліктің парқын өзгеден жақсы білетін, тұтастықтың пайдасын ұғынатын ел ғана айта алады. Ал, қазақ халқы – ежелден татулық пен тұрақтылықты ту еткен ел. Осындай достық пейілдің арқасында өзге этнос өкілдері Қазақстанды туған Отаны санайды. Қазақстандықтардың этно-саралық келісімін қамтамасыз етіп отырған Қазақстан Халқы Ассамблеясының кезекті XXI сессиясындағы Елбасының сөз-дерін ынта қоя тындадық. Өз басым мемлекет басшысының айтқан сөздерін барша қа-зақстандықтардың бейбіт өмір сүруі үшін жасалған кепілдік ретінде қабылдадым. Прези-денттің ең басты мақсаты – еліміздегі тыныштық пен тұрақ-тылықты мызғымастай сақтау екендігі көрініп тұрды.
Біздің ауданымыз әр түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті, ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп, еңбек етіп жатқан киелі жер. «Қазақты қасиетті қарашаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар сол шаңыраққа шаншылған уықтар», - деп Елбасы айтқандай, өңі-ріміздегі барлық халық бір отбасының баласындай тіршілік ете берсін. Жерлестерімді жар-қын мерекемен құттықтай отырып, еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын деп тілеймін.
Рафаэль Ғалымжанұлы Ға-лиев, татар, ауыл ақсақалы:
-Дәл қазір мен үшін татулық мекеніне айналған бір ғана ел бар. Ол – Қазақстан. Елбасы орынды атап көрсеткендей, Қазақстанның қуатты елге айна-луының ең басты сыры – көпұлтты халқымыздың бірлігінде. Біздің бірлігіміз әлемдегі барша елге үлгі болып отыр. Біз ұлтаралық бірлігімізді сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізе білуіміз қажет деп ойлаймын. Міне, осы орайда алдағы 2015 жылдың Қазақстан Халқы Ассамблеясының жылы болып белгіленуінің өзі ынты-мағымызды ырысты етуге, бір-лігімізді баянды етуге ықпал етеді. Олай болса, осынау ортақ шапағат пен шаттықтың мерекесі елімізге құт, көңілдерге қуаныш сыйласын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға ырыс пен ынтымақ тілеймін.
Надежда Александровна Красникова, болгар, Қазпошта мекемесінің басшысы:
-Халықтың бірлігі кез келген қарудан, тіпті, сырттан келетін қауіптен де күшті. Егер бірлік болмаса, онда ол елде тәртіпсіздік орнайды. Кейбір шетелдердегі жағдай соған мысал бола алады. Сондықтан, біз татулығымызды сақтай білуіміз керек.
Қазақстан Халқы Ассамблея-сы Елбасымыздың туындысы десек, сол құрылым қазір бізді татулықта тіршілік кешуге бастап отыр. Президентіміздің көреген саясаткер екеніне осындайда көз жеткізе түсесің. Қазақстандағы бейбітшілік, руханият және ке-лісім мәдениетінің қалыптасуы осындай сындарлы саясаттың арқасы. Сондықтан, барымызды қадірлей білуіміз керек. Мен өзім осындай көркейген, татулығы жарасқан елде өмір сүріп жатқаныма мақтанамын. Бір шаңырақ астындағы хал-қымыздың ынтымақтастығы мен өзара ауызбірлігіміз нығая түсіп, республикамыздағы ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, достық, бірлік мәңгі жасай берсін!
Василя Ибрагимова, татар, кітапханашы:
-Ауданымызда тұратын түрлі ұлт өкілдерін бірлік, та-тулық, достық мерекесімен құттықтаймын! Ең бастысы, ұлтаралық татулық арқасында бүгінде ел тыныш, жұрт аман. Осы берекеміз бұзылмағай. Қазақстанда тұратын барша ұлт арасындағы айнымас достыққа сызат түспесе екен деп тілейміз. Береке-брлігіміз арта берсін, ағайын!
Эмма Степанова Яковлевна, неміс, Самар ауылының тұрғыны:
-Біз қарапайым халық Қа-зақстанның бірлік пен тұрақ-тылықтың тал бесігіне айнал-ғанын әркез мақтан етеміз. Қара шаңырағымыздың шайқалмауын тілейміз. Елбасымыз ел бірлігінің бастауы тілі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір ұлттар мен ұлыстардың өзара жұдырықтай жұмылған татулығында, ортақ мақсат жолындағы ауызбірлігінде екенін үнемі айтып, жол сілтеп келеді.
Өз басым бүгінгі аудан орталығында өтіп жатқан мерекеге арнайы келіп, қатысып отырмын. Бұл жерге жиналған халықтың шаттық күйін көріп, өзім де қуанышқа кенелудемін. Осынау бақытты сәттер, қуа-нышты мерекелер жалғаса бер-сін. Көкпекті халқы мен барша қазақстандықтар кең қанат жайып, мемлекетіміз – молшылыққа, ал әрбір шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенелсін!
Роза Абайқызы, Самар медико-әлеуметтік мекемесі-нің хореографы:
-Бүгінгі күн қандай тамаша. Біздің Қазақстанда тұра-тын көпұлтты халықтың кең пейіліндей ашық, шырайлы болып тұр. Ал, жылдағысына ұқсамайтын мерекелік шара да өзгеше болды. Нағыз халықтар достығын дәріптейтін мереке десек артық айтқандық емес. Жылдағыдай аудан басшылығы тарапынан құттықтау да, әр ұлттың ән-биін көрсеткен ауыл-дағы мекеме-ұжымдардың кон-церті де көңілден шықты. Тәтті-дәмділер сатылған сауда, шулы жәрмеңке де біздің ең толерантты мерекеміздің берекесі мен мерекесін арттыра түсті. Барша халықты осынау дархан мерекемен құттықтаймын!
Роза Ахметова, «Атамекен» ансамбілінің мүшесі:
-Біздің ансамбль бүгінгі шынайы ұлттар достығы фес-тивалі, 1-мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күнінде қазақ халқының ұлттық киімін киіп шықты. Біз сахнада «Отан» әнін орындап, мерекелік концерт шымылдығын аштық. Одан кейін басқа ұлттардың өнерін тамашаладық. Өзбек, неміс, украин, болгар, орыс әуендері шырқалып, билері биленді. Біз бірлігі жарасқан Отанымыздың барлық этностарының тату-лығын ұйыстырып отырған Президентіміз Нұрсұлтан Әбі-шұлы Назарбаевтың сарабдал саясатын әрқашанда қолдаймыз. Мәңгілік ел – ол біздің Қазақстан.
Бақыт МҮЛІКОВА, Клара НҰРПЕЙІСОВА, Арайлым МИРАТҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.