Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Айшықты оқиғаларға толы 2015 жыл ауданмен бірге жасап, біте қайнасып келе жатқан, құт мекеннің шежіресін газет бетіне үздіксіз басып, жұртшылықты рухани нәрімен сусындатудан бір де бір жалықпаған «Жұлдыз» - «Новая жизнь» басылымының 80 жылдық мерейтойына дөп келді. Осы мерзім ішінде газет те аумалы-төкпелі заман ағымына сай талай қиындықтар мен белес-терден сүрінбей өтіп, бүгінгі жаңа технологиялар кезеңінде жаңа сапа, жаңа мазмұнға ие болғанына оқырман куә. Алайда, өткенді еске алмай, оған мойын бұрып, бүгінгіге керектіні алмай, газет шығару ісін алға дамыту мүмкін еместігі де рас.

 

Ендеше, әңгімемізге өзек еткелі отырған адамдар - сүйікті істеріне бүкіл жастық шақтарын арнап, қиындығына шыдаған, оған адалдықпен шын беріле қызмет еткен нәзік жандар. Мерейтой қарсаңында табан аудармастан 31 жыл аудандық баспаханада әріп теруші болып жұмыс істеген Зарықпаева Нұрзада Сыдыққызымен арнайы барып жолыққанбыз. Қазіргі күні зейнеткерлік жастағы Нұрзада Сыдыққызы әлі де тың, бала-шағасына жәрдемін тигізіп, немере сүйіп отырған салиқалы әже. –Туған ауылым Үлгілімалшыдан орта мектепті бітіре сала 1965 жылы аудан орталығындағы баспаханаға жұмысқа орналасып, осы жерден 1996 жылы зейнетке шықтым. Алғаш келгенімде маған әріп терудің әдіс-тәсілін үйреткен ұстазым Клара Ағзамова апай еді. Біздің жұмысымыз өте жауапты, шыдамдылық пен ұқыптылықты қажет ететін. Әліпби тәртібімен тізілген әріптер салынған кассадан қорғасыннан құйылған ұп-ұсақ әріптерді алып, әуелі мақаланың тақырыбын, сонан соң әр сөзді орналастырамыз және әрбір бетті бөлек-бөлек өңдеп шығаратынбыз. Кей күндері бет-аузымыз қап-қара бояу болып, таң ата, жұрт малын өріске шығарғанда үйге қайтушы едік. Осындай қиындығына қарамастан, газет шығару өзімізге ұнайтын және оны басқа ешқандай жеңіл іспен алмастырғымыз келмейтін, - дейді өткен өміріне ойша шолу жасап Нұрзада Сыдыққызы.

Біздің екінші кейіпкеріміз Гергишан Мария Александровнаны аудандық пошта байланысы торабының газеттерді таратуға дайындап, реттейтін бөлімде жұмыс үстінде жолықтырдық. Бұл жерде ол 2000 жылдан бері газетке жаздыру бойынша инструктор қызметін атқарады. Аудандық газет редакциясы жабылғаннан кейін де баспахана 1999 жылға дейін жұмысын тоқтатпапты. Уыздай жас қыз Мария 1973 жылы баспаханадағы орысша газетті шығаратын линотипист қызметіне орналасып, 26 жыл бойы бір орында еңбек еткен, бас-па ісінің ыстығына күйіп, суығына тоңған жан. Линотипист дегенді түсініктірек тілмен айтқанда машинамен әріп теруші. Яғни, 70 жылдары ауданымызға баспа машиналары әкеліне бастап, жұмыс біршама жеңілдеген сыңайлы.

– Ол кезде газетті аптасына 3 рет өз қолымызбен басып шығарып, оқырмандарға уақытылы жеткізуді қамтамасыз ететінбіз. Сол жылдарда аудан айнасын шығару ісінде қаншама қаламы қарымды журналис-тер мен ақын-жазушылардан бастап, қарапайым баспахана қызметкерлеріне дейін күні-түні тыным таппай тер төкті десеңізші! Атап айтар болсам, редакторлар Т.Жабаев, В.Тупицын, редактордың орынбасарлары Қ.Алтынбаев, Қ.Сатыбалдин, жауапты хатшылар А.Сарбасов, В.Пиговаев, баспахана директорлары А.Нұр-ғалиев, Б.Юсупов, тілшілер Р.Уреспаева, Л.Мұхамадиева, екі тілде жазатын М.Әңкебаев, Г.Ияшева, М.Манаспаев. бас-пашылар М.Шакенов, М.Ай-даров, Б.Түсіпбеков, қолмен әріп терушілер Жамалхан мен Нұрзада, линотипистер К.Ай-дарова, К.Жанабаева, Т.Құс-манова, метронпаждар Т.Крас-никова, Ү.Көбелдесова, хатшылар Д.Захарина мен Н.Дударева, корректорлар К.Жабаева мен Г.Волобуева және тағы басқа аты аталмағандардың өмірге оңайшылықпен келмейтін, көп-шіліктің сырласы болған газетке сіңірген еңбектері ұлан-ғайыр, - дейді Мария Александровна әріптестеріне деген сағынышы мен құрмет сезімін жасыра алмай. Сондай-ақ, қос құрбы газет мерейтойына өздерінің ыстық лебізін арнады. Қазіргі таңда осы салада тер төгіп жүрген әріптестеріне, ізбасарларына ризалығын білдіре келе, оларға қаламдарының мұқалмауын, шығармашылық табыстар мен мықты денсаулық, қажымас қайрат тілейтінін жеткізді.

Бақыт ҒАББАСҚЫЗЫ

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Маусым 2015 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
30          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз