Жаздың алғашқы күні, мектеп оқушылары үшін ұзақ та қызықты каникул басталды, дәл осы күнмен Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі сәйкес келеді. Күн ысып, көптен бергі жаңбыр мен салқын күндерден мезі болған жұртшылық бүгін алаңға көп жиналыпты. Балаларын жетектеген жас ата-аналар, немерелерімен бірге аталар мен әжелер алаңға ерте келіп алыпты. Қолдарында қызылды – жасылды шарлар, зырылдауықтар. Таза ауа, көңілді әуен, көтеріңкі көңіл күй – бүгінгі мерекенің шырайы.
Самар ауылындағы Мәдениет үйінің жаздық сахнасына мерекені жүргізушілер аппақ қошақандар кейпінде шықты. Олар мерекенің басталуын хабарлаған соң, кішкентайларды, олардың ата-аналары мен ата-әжелерін Самар ауылдық округінің әкімі С.Дүсіпов құттықтады. Бүлдіршіндерге балмұздақ таратылды. Округ әкімі атынан таратылған балмұздаққа 500-ге жуық бала ие болды. Сонымен бірге, «Жігіт сұлтаны» байқауында жеңіске жеткен кішкентай жігіттер Әлішер Жанұзақов, Нұрхат Қарақат, Тайыр Картаев, Ерасыл Дәулетқан, Ерәли Бағыбаев, Мұса Абиқанов, Мұратқан Еркебұланға ойыншықтар мен мақтау қағаздары табыс етілді.
Мереке концертпен жалғасты. «Дәншік» бала-бақшасының тәрбиеленушілері, Ж.Болғанбаев атындағы, №1 Самар орта мектебінің, Самар бас-тауыш мектебінің кішкентай өнерпаздарының бүгінгі көрсеткен өнері ерекше болды. Балдырған қыздардың «Көгершін» биі, Нұржанқызы Диляра орындаған «Аққу» биі көрермендерге керемет ұнады. Аружан Айтмұхамбетова, «Балдырған» тобының орындаған әндері де кереметтей болды. Алаңдағы кішкентай көрермендер Бастауыш мектептің, Балалар шығармашылық үйі би тобының орындаған ойнақы билеріне қосылып бірге билеп тұрды. Ал енді өздерін бейнелеу өнерінде сынағылары келгендер асфальтқа сурет салу бәйгесіне қатысты.Түрлі ойындар ойналып, өнерлі балалар сыйлықтан кенде қалған жоқ. Мерекені ұйымдастырушыларға келгендердің барлығы да алғыстарын айтып, биылғы мереке жылдағысынан көңілді болғанын айтып жатты.
Ал Мәдениет үйінің екінші қабатында «Арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығы» ұйымдастырған Балалар күні мерекесіне барлық қызмет алушы балалар қатысты. Олар үшін көңілді бағдарлама ойластырылған екен. Жасыл желекті Жаз, шуағын төккен Күн қонаққа келіп, балалар олармен бірге ән айтты, би биледі. Жиналған балаларды, олардың ата-аналарын, әлеуметтік қызмет көрсетуші апайларын Самар ауылдық округінің әкімі С.Дүсіпов, «Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мүмкіншіліктері шектеулі балаларға және 18 жастан асқан тұлғаларды үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің меңгерушісі Д.Испаева құттықтады және сыйлықтар таратты. Балаларға мереке барысында балмұздақ пен тәттілер таратылды, соңынан олардың барлығы дастархан басында бас қосты.
Бұл күнгі мереке кереметтей көңілді болды. Бала біздің болашағымыз, олардың көңілдеріне көлеңке түспесін деп әр ата-ана тілейді. Біздің ертеңіміз де солар. Сондықтан да болар бұл мерекені барынша қызықты өткізу үшін барлығы да бір кісідей атсалысты. Кәсіпкерлер Л.Федорова, А.Тұрақпаева, Н.Қасимова,Н.Смағұлова, Г.Құмарова, Л.Мәмбетова, Г.Дүсіпова, Ж.Тоқтасынова, Б.Әлібаева және басқалары да тыс қалмады.
Алда жаз қызығы, лагерь қызығы мен түрлі саяхаттар! Меркелеріңмен балалар, бұлтсыз ашық аспан, балғын балалық шақ тілейміз!
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.