Мамыражай мамыр айы да соңына таяп қалды. Бірнеше күннен кейін оқушылар тағы бір оқу жылын артқа қалдырып, жазғы демалысқа кетеді. Ал мектеп бітіруші түлектер соңғы қоңырау мерекесінен кейін білім сынағынан өтуге әзірленеді. Аудан түлектері ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықты әлдеқашан бастап-ақ кеткен. Тек сынақ уақыты жақындаған сайын жүректері дүрсілдеген түлектердің көңілдеріндегі үміт пен күдік арпалыса бастайды. Ұлттық бірыңғай тестілеу қазір мектеп бітірушілердің тағдырын шешетін сынға айналған. Бұл сыннан өтпеген бала жоғары оқу орнының есігінен де сығалай алмайды. Сол себепті ата-аналар балаларын қандай жолмен болса да, осы сыннан сүріндірмеуге тырысады. Көкпектіде тест орталығы ашылғаннан бері екінші жыл қатарынан тестілеу өз жерімізде өткелі отыр. Біздің мектеп бітіруші түлектеріміз аталған сынаққа қаншалықты дайын? Ауданның қай мектебі білім көшінде алда келе жатыр? Осы сұрақтар төңірегінде біз аудандық білім беру бөлімінің басшысы Шолпан Мұстафиновамен тілдесіп, біршама мәліметтермен қанығып қайттық.
- Шолпан Нұрғазықызы, жалпы аудан орталығы тестілеу жүйесін өткізуге толыққанды дайын ба, яғни ҰБТ өткізу үшін қандай технологиялармен жабдықталған?
- Әрине, толыққанды дайынбыз. Ауданда Көкпекті орта мектебінің ғимаратында қажетті техникалық құрылғылармен жабдықталған № 861 ҰБТ тапсыру пункті жұмыс істейді. Аудиториялық сыйымдылығы білім саласындағы бақылау Департаментімен келісілген. Олар: 3 кабинет пен 1 спорт залы мемлекеттік тілде білім алатын 90 түлек үшін, 2 аудитория орыс тілінде білім алатын 50 түлек үшін.
Мектепте санитарлық – гигеналық талаптарға сай жағдай жасалған. Түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ҰБТ өткізу технологиясын сақтау мақсатында бейнебақылау мен бейнекамералар орнатылған, металл іздегіш пен ұялы байланысты сөндіру құралдары пайдаланылады. Мемлекеттік комиссия тізімі жасалып, бекітілді. Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу барысында білім және ғылым Министрлігінің 5-7 өкілі қатысады. Оқушыларды құжаттау жұмысы жүргізілді, тестілеуге қатысушылардың барлығының жеке куәліктері (ЖСК) бар, 18 мамыр күні рұқсат қағаздары берілді.
- ҰБТ тапсыруға ауданның шалғай ауылдарынан келетін түлектерге психологиялық түрде қиындау екенін жақсы түсініп отырмыз. Оларды тасымалдау, орналастыру қалай өтпек?
- Иә, оларға біршама жол жүріп келу қиынға соғатыны анық. Бірақ біз түлектерді тасымалдау, тамақтандыру бойынша жұмыс жүргізудеміз. ҰБТ тапсыру ережелеріне сәйкес, Палатцы, Новотимофеевка, Миролюбовка, №1 Самар, Болғанбаев және Амангеды орта мектептерінің тестілеуге өтініш берген түлектері 1 маусым күні аудан орталығына жеткізіліп, оқушыларды түнеуге Шайжүнісов орта мектебіне орналастырамыз.
- Аудан бойынша ҰБТ тапсыруға өтініш білдіргендер саны былтырғы жылмен салыстырғанда қандай деңгейде және алтын белгіге үміткерлердің дайындығы қалай? Сонымен бірге ақырғы сынақ қорытындысы бойынша түлектердің жинаған балдарының орта есеппен көрсеткіші туралы айтып берсеңіз.
- 2015 жылдың 10 наурыз – 25 сәуір аралығында ҰБТ қатысуға өтініштер қабылданды. Алла жазса Көкпекті ауданында ұлттық бірыңғай тестілеу 2015 жылдың 2 маусымында Көкпекті орта мектебінде орналасқан №861 ҰБТ тапсыру пунктінде өткізіледі.
Қорытынды аттестаттауды ҰБТ түрінде тапсыруға 140 түлек өтініш білдірді, ол барлық түлектің 68 %-ын құрайды. Былтырғы оқу жылымен салыстырғанда, ҰБТ-ға қатысушылардың саны 7%-ға жоғарылады. Бұл, әрине, қуанатын көрсеткіш. Мемлекеттік тілде 90 түлек, орыс тілінде 50 түлек тапсырады. 2014-2015 оқу жылында жалпы орта білім туралы «Алтын белгі» аттестатынан 11 үміткер, үздік аттестаттан 3 үміткер бар. 29 сәуір күні ШҚО білім басқармасының өткізген Бірыңғай білім сынағы күнінде 5 пән бойынша орташа балл – 82,3 құрады. Ал 13 мамырда өткізілген аудандық сынама тестілеу қорытындысы бойынша орташа балл – 85,4. Сынама тестілеуде «Алтын белгі» белгісінен үміткерлердің ішінде өз бағаларын дәлелдеген тек алты түлек болса, үздік аттестаттан үміткер үш түлектің екеуі өз бағаларын дәлелдей алды. Биылғы түлектеріміз ұстаздарының еңбегін ақтап, Көкпекті ауданын алдыңғы қатардан көрсетеді деген үміттеміз.
- Мектеп бітірушілердің ҰБТ-ге дайындығымен біршама таныс болдық. Ауданымыздың түлектеріне білім шыңын бағындырып, сынақ барысында оң нәтиежеге жетсін деген тілегімізді білдіреміз. Шолпан Нұрғазықызы, сұхбатыңызға көп рахмет!
Сұхбаттасқан Жанерке АБЫЛХАН
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.