Болашақ ұрпақты патриот-тық үлгіде тәрбиелеуде мектеп мұражайы ерекше маңызды рөл атқарады. Мұражай ата-бабаларымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жеткен мұрасын насихаттайтын мәдениет ошағы болып табылады. Ондағы сақталған тарихи жәдігерлер оқу-тәрбие үдерісінде кеңі-нен қолданылып, ата-баба-ларымыздың бүгінге дейінгі өмірі туралы, өткен күндердің құнды дүниелері туралы сыр шертетіні белгілі.
Міне, сондай мұражай Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Ақой ауылындағы А.С.Пушкин атындағы орта мектеп қабырғасынан ашылып, өз жұмысын бастады.
Осы мұражайды ашуға ұйытқы болған мектеп директоры Баян Багисова. Өлкетану саласын жақсы түсінетін Баян Қапезқызының ұйымдастыруымен тарихи мәліметтер мен тың деректерді жүйелеп жинау ісі жолға қойылды. Мұражайды ашу мәселесі педагогикалық кеңесте қаралып, ішін жабдықтау, безендіру ісіне мектеп ұжымы белсене кірісті.
Өз туысы жөнінде тың деректер мен жақсы дүниелер жинау кімнің де болса басты мақсаты, арманы емес пе? Осы екі ауылдан сұрапыл соғысқа елін, жерін қорғау үшін 126 жауынгер аттанды. Соғыстан кейін 46-сы оралды, ал 80-і соғыста қаза болғандар және хабарсыз кеткендер. Оның ішінде біздің ауылдың тумасы Ұлы Отан соғысының Батыры Николай Дмитриевич Авдеев те бар.
Мұражай кеңесі жанынан құнды деректер жинаумен айналысатын көмекші «Ынталы топ» мүшелері сайланып, мұражай кеңесінің жоспары жасалды. Оқушылар мен оқытушылардан құралған, топ мүшелерінің еңбекпен жинақталған жәдігерлерінің әрбіреуі біз үшін құнды. Деректерді жинаумен айналысатын топ мүшелері мемлекеттік мекемелермен, аудандық мұражайлар, мұрағат, кітапханамен, интернет желісі арқылы, ауыл тұрғындарымен бірлесіп жұмыс атқарды. Олар іздеу жұмыстарының жоспарында соғыс, тыл ардагерлерінің, ауыл тарихын халыққа насихаттауды алдарына мақсат етіп қойды.
Соғыс ардагерлері жайында тың деректерді жинауға атсалысқан ауылдың қариялары Қапез Баймолдин, Тұрсын Еңсебаев, Ермек Ақшолақовтарға алғысымыз шексіз.
Мұражайдың ашылу салтанатына Ақой мен Қарамойыл ауылдарының қариялары, тыл ардагерлері, ауданымыздың құрметті азаматтары, Көкжайық округінің әкімі Н.Сүлейменов, ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Нұғыбаев, мәдениет бөлімінің басшысы Ә.Саржанов, аудандық білім бөлімінің әдіскерлері Г.Қасабаева, Г.Күркебаева, жеке шаруа қожалық басшылары, ауған соғысының ардагері В.Пархоменко, Ақой ауылының тумалары, Үлкенбөкен ауылының тұрғындары Қапез Баймолдин, Тоқан Мүбараков, Н.Керенцев, Теректі ауылының тұрғыны Қ.Садыков қатысты.
Мектеп ұжымы қонақтарды музыка әуенімен соғыс жылдарына арналған әндерді орындау арқылы жылы шыраймен қарсы алды. Мектеп алаңы әдемі безендіріліп, шырқалған әсерлі әуендер келген қонақтардың көңілдерін серпілтіп тастады
Мұражайды ашу рәсімін Қанат Бидахметұлы Садықовқа беріліп, ауылымыздың тыл ардагері Камал апа шашуын шашты.
Келесі кезекте дүниеден өткен Ұлы Отан соғысына қатысушыларды
1 минуттық үнсіздікпен еске алдық. Оқушылардың дайындаған «Ұмытылмас ұлы ерлік - ұрпаққа мұра» атты жүрек тебірентер әдеби монтаж орындалды. Қариялар көздеріне жас алып, енді сұрапыл соғыс болмасын деп өз тілектерін білдірді. Келген қонақтарға арнайы ақ дастархан жайылып мектебіміздің 6 сынып оқушылары Біржан Бекмұхамбетов, Алтынай Дюсешова, Марал Рахымбаева ән орындап көңілдерін көтерді.
Осы мұражайдың ашылуына ауылдың Қ.Баймолдин, Т.Енсебаев, Е.Ақшолақов, Т.Мүбараков, Ш.Атиев сынды қариялары оқушылардың аяқтарының астына кілем жайса, ауылдың ақсақалы М.Ершенов қой сойып халықтың батасын алды. Ал, ауылымызды тумасы Қ.Садықов кілем төсеп, Ж.Күшікпаев 50 мың қаражат, тыл ардагері Камал Омарғазина 10 мың теңге көлемінде көрімдіктерін беріп жатты. Ауылымыздың беделді азаматтары Қ.Дюсенбаев, М.Садықов, М.Қойбағаров, Б.Күркебаев, М.Оспанбаев, Р.Жұмажанова, Р.Шнайдер және ауылдың тұрғындары, зейнеткерлері де өз үлестерін қосып, қолдау беріп жатты.
Мұражайдың ашылу салтанатына жалпы 112 мың теңге жиналып, сол қаражатқа мектепке қажетті музыкалық аспап алдық.
Еліне елеулі, халқына қалаулы болған ардақты аталарымыз бен әжелеріміздің өмір жолдары, тәлім-тәрбиелері келер ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Біз олардың ерлік істерін ешқашан ұмытпаймыз, мақтан тұтамыз, құрметтейміз!
А.Пушкин атындағы
мектеп ұжымы,
Ақой ауылы
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.