Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Біздің бүгінгі әңгімеміз бала жанын білім нәрімен сусындатудан бір сәтке де жалықпастан, бүкіл саналы ғұмырын «Мектеп» атты қасиетті қара шаңырақ аясында өткізіп, мұғалімдік еңбектен өмірінің мағынасы мен бақытын тапқан жан туралы болмақ. Әңгіменің алтын арқауы болып отырған сүйікті жар, аяулы ана, мейірімді әже және үлгілі педагог Айжақсина Надияр Ысқаққызы биылғы ақпан айында мерейлі 60 жастың асқарына шыққанына қарамай, әлі күнге шәкірттеріне бойындағы ізгілік нұрын құюда.

Осыған орайластыра және бір жағынан әріптес, екінші жағынан құрдас болып келетін Надияр құрбымды таяп келе жатқан көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен газет арқылы ізгі тілегімді арнап, құттықтап қояйын деп шештім. Басылым беттерінде Надияр Ысқаққызы туралы аз жазылған жоқ. Сонау 1972 жылдан мұғалім мамандығына ден қойған, еңбек өтілі 43 жылдан асқан ұстаз аудан, облыс, тіпті, республика аумағында танымал десек артық айтпағанымыз.

Қарапайым ауыл мұғалімінің отбасында дүниеге келген Надияр балауса кезінде өзінің аудандағы білім саласына өлшеусіз үлес қосқан үлкен бір мұғалімдер династиясының өкілі болатынын, мүмкін, білмеген де болар. Алайда, өмір шындығы солай. Ол - өткен жылы қазан айында облыста басылып шыққан «Шығыс Қазақстан облысының педагогтар динас-тиясы» кітабына 290 жылдық еңбек өтілі бар отбасылық педагогтық династия ретінде енген Айжақсиндердің екінші буын өкілі. Шәкірттеріне қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытып, тіл өнеріне, сауаттылыққа, өз Отанына деген сүйіспеншілікке баулыған еңбекқор ұстаз, өзінің туа біткен мұғалімге тән ерекшелігімен, мамандығына адалдығымен, пәнді терең меңгеруімен әрдайым шәкірт жүрегіне жол таба білді. Надияр Ысқаққызының алдынан үлкен өмірге жолдама алып шыққан жүздеген шәкірттері елдің әр түкпірінде халық игілігі үшін тер төгіп, адал еңбек етуде. Шәкірттеріне бүгінгі күн талабына сай білім беруді көздеген ұстаз әр сабағын жоғары деңгейде өткізіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқушыларының сүйікті пәніне айналдырды. Ұстазының жолын қуған шәкірттері бүгінде филология факультетінде кафедра меңгерушісі, республикалық телеарналарда журналист, мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері болып қызмет атқарады. Олар сүйікті ұстазын аса бір ыстық сезіммен еске алып, әлі күнге дейін ұмытпай, сағына хабарласып та тұрады. Осының өзінен-ақ абзал жанның еңбегінің ақталғанын көресіз. Тынымсыз еңбексүйгіштігі арқасында, әр сабағын тартымды өткізу үшін үнемі ізденіс үстінде жүретін Надияр Ысқаққызының еңбегіне берілген ең жоғарғы баға - «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталуы болды.

Надияр Ысқаққызының іс-тәжірибесі аудан, облыс, рес-публика көлемінде таратылып, сабақтары республикалық “Қазақ тілі мен әдебиеті” журналында 1993 жылдан бастап үзбей жарияланып келеді. Сондықтан, еңбек жолын жаңа бастаған жастарға: «Үлгілі ұстаз қастарыңда жүргенде өздеріңе керектіні үйреніп қалыңдар» дегенді құлаққағыс еткім келеді. Сауатты да парасатты, терең білімді шығармашыл тұлға  дайындауды алдына өмірлік мақсаты еткен ұстаз қазіргі таңда сүйікті ісімен әлі де шұғылдануда.

Надияр Ысқаққызының ең-бекте қол жеткізген табыстарында отбасы берекесінің ұйытқысы, берік те мызғымас тұғыры, арқа сүйер тірегі болып жүрген жан-жары Нұрбектей асыл азаматтың үлесі зор екенінде дау жоқ. Көп сөздің емес, істің адамы, біртоға, сарбаз отағасы екеуі бақытты отбасында үш қыз бір ұл тәрбиелеп, қызын қияға ұлын ұяға қондырып, немере сүйіп отырған ата мен әже.

Қымбатты, Надияр Ысқақ-қызы! Сізді келе жатқан көк-темнің алғашқы мерекесімен құттықтай келе, өмірдегі барлық жақсылықтарды тілеймін. Денсаулығыңыз сыр бермей, қосағыңызбен қоса ағарып, бақытты да ұзақ ғұмыр сүріңіз, бала-шаға қуанышын қызықтай беріңіз демекпін!

 Бақыт МҮЛІКОВА

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Ақпан 2015 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 28  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз