24 сәуір күні Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектебінде Көкпекті ауылы «Оқушылар шығармашылық сарайының» ұйымдастыруымен барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып «Үкілі домбыра» атты аудандық жас домбырашылар байқауы өткізілді.
Шара Қазақстан Республикасының 30 жылдығы және ұлағатты ұстаз, сазгер Нұрлан Күшебайұлы Кожыковты еске алуға орай орайластырылған.
Байқаудың негізгі ұстанымы қазақ халқының мәдениетін өскелең ұрпаққа, өнерсүйер жұртшылыққа кеңінен насихаттау, жас таланттар мен шебер орындаушылардың жолын ашу болып табылады. «Әнді сүйсең, менше сүй», деп дана Абай айтқандай, халқымыздың қара домбырасы – қазақтың ән мен күй құдіретін асқақтатқан, тарих үнін жалғастырған ұлы жәдігеріміз. Қазақтың әні мен күйі – халқымыздың көне заманнан бері қалыптасқан асыл қазынасы, ұлттың бекзат болмысы, жүрек сыздатқан сағынышы, көңілдің нәзік қылын шертер сезімі, мұң-шері, қызық-қуанышы. Сондықтан болса керек, үкілі домбырамыздың үні екі сағат бойы Көкпекті аспанында әуелей қалықтап, жүректерді тербетіп тұрды. Байқауға Көкпекті, Көкжайық, Үлкенбөкен, Самар, Тассай және Көкжыра ауылдарынан келген жүйрік домбырашылар қатысып, өнер жарысының көрігін қыздыра білді. Қазылар алқасы оза шапқан үздіктерді анықтау үшін аз тер төкпегенін де байқадық. Әйткенмен, «жарыс мұраты – жеңу», демекші шоқтығы биік домбырашыларға жұртшылық дүркірете қол соғып, ризашылықтарын білдірді.
Сайыскерлер мен олардың музыкалық жетекшілері Шашугүл Айтмұханбетова, Бақытгүл Шекенова, Ғалия Оразғалиева, Айжан Дүнгененова, Назипа Чакпакпаева, Гүлмира Рахимова, Жұлдыз Барбосынова, Гүлнара Әлкеева, Мұхит Нұрғалиев аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ш.Мұстафинованың және Оқушылар шығармашылық сарайы директоры А.Сүлейменовтың атынан мақтау грамоталарымен марапатталды.
Киелі ұлт аспаптарын айшықтап, дәстүрлі өнерімізді асқақтататын жас дарындарымыз көбейе берсін!
КлараТуенбаева,
"Абай әлемі" клубының жетекшісі
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.