Бұл қамшының сабындай қысқа өмірде адам баласының бүкіл болмысын, тыныс-тіршілігін, кескін-келбетін ғажайып нұрға бөлейтін, жүрек төрінен мәңгі кетпейтін, көңілдің саясын паналайтын екі асыл жан бар. Оның бірі - аяулы АНА болса, екіншісі–ардақты ӘКЕ. Біздің қанатымыз қатайғанша, бұғанамыз бекінгенше аялап, мәпелеген, аяулы қос шынардың алдындағы перзенттік борышымызды ешқашан өтей алмайтынымыз анық.
Маған да ардақты әкемнің өмірдегі таудай тұлғасын, биік адамгершілік қасиетін, ұсақ тірліктің әр сынынан азаматтық болмыспен жол тауып шығатын сұғылалығын ойыма алғызған, қолыма қалам ұстатуға мәжбүр еткен оған деген құрмет, құны еш нәрсемен өлшенбейтін перзенттік сезім болса керек.
Әкем 70 жасқа толған уақытқа дейін біз ол кісінің жақсы қасиеттерін ғана көріп өстік, әлі де көріп келеміз. Оның балаға, туған-туысқа, бауырға деген мейірімін ғана көрудеміз. Ол - өте парасатты, мейірімді. Жастайынан ерте, әрі әкесіз өсіп есейгендіктен бе, бізді үнемі еркелетіп өсірді. Ал әкемнің дос-жаранға адалдығын, жұмысқа берілгендігін, адамға қамқорлығын айтсам, оның бәрі - бір бөлек әңгіме.
Жалпы, әкемнің ел-жерге, халыққа деген еңбегін бәрі біледі. Оның халыққа қызмет еткен жұмысы – білім саласы болатын. Әкем білім саласында 40 жылдай еңбек етіп, үш мектептің білікті де, білімді басшысы бола білді. Әкемнің қамқорлығы мен көмегін алдына келген адамның бәрі сезінетін. Ол ешқашан ешкімнің бетін қайтармай, бәріне қолдан келгенше көмектесетін. Өйткені, бұған оны өмірдің өзі үйреткен.
Әкем қарапайым отбасында, 1951 жылдың 1 наурызда, Тарбағатай ауданы, Ұласты ауылында дүниеге келді. Бір анадан үш ағайынды. Олар – Қалибек, Қалихан және менің әкем Қайыпжан. Апам Күлжамила осы үш ұлын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, бағып-қағып өсірді. Әкем өзінің «Өз өмірім, өз тағдырым» атты кітабында атамыз Рысбек Аусарбаевтың 1937 жылы «байдың ұлы» деп жала жабылып, үндемеске кетіп, анасының омырау сүтімен пайда болғанын жазған болатын.
9 жасында, яғни 1961 жылы Қарасу совхозындағы, бұрынғы Чкалов атындағы орта мектептің табалдырығын аттайды. Аталмыш мектепте оқып жүргенде, 8-класста анам Әлима Әділбекқызымен танысып, екеуі 1970 жылы мектептің 10-классын тәмамдайды. Әкем мектепте қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан алдыңғы қатарлы оқушылардың бірі болды. «Жігітке жеті өнер де аз», дегендей әкем сурет салуды, сол кездегі газет шығару, фотаға түсіру, үйірмеде ән салу, домбыра, баян тартудың шебері болды. Осы мектеп жасында алған тәрбиесі алдағы өміріне де септігін тигізді.
Мектепті аяқтаған соң, «Армандастар» атты шопандар бригадасын құрып, аға шопандарға көмекші болып еңбек етті. 1970 жылдың қараша айында әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын Солтүстік мұзды мұхиттағы, Жаңа жер аралында екі жыл жағалаудағы моряк, тракторист, аспаз, даяшы, шаштараз жұмыстарын атқарып, 1972 жылдың қарашасында ауылға оралады.
Алғашқы еңбек жолын 1973 жылдың ақпан айында Тарбағатай ауданының Жамбыл Жабаев атындағы сегіз жылдық мектепте музыкадан сабақ беретін мұғалім болып бастады. Осы жылы анам екеуі отау құрып, отбасылық өмірге бет бұрды. Осы шағын ғана ауылда менің балалық шағым да өтті. Әкем осы мектепте қарапайым мұғалім болып, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры лауазымына дейін көтерілді.
Тіршілігі қара қазандай қайнаған білім саласында әкемнің еңбек жолы басталады. Таза еңбектің, маңдай терімен атқарылған жұмыстың тәттілігі ерте жастан сезілді. Ол теңіздей толқыған тірліктің барлық мағынасын еңбектен тапты. Қызметін абыроймен атқарып, зейнеткерлікке шықты.
Анам әкемді өте жақсы түсінеді. Оның жұмысына да түсіністікпен қарап, әрбір істе әкемді қолдап жүретін. Екеуі бір шаруа шықса, бәрін ақылдасып шешіп отырады.
Әкем басқа жора-жолдастарымен де жақсы араласты. Ол достарына, әріптестеріне адал болды. Достарының той-томалақтарынан, қуаныштарынан қалмайтын. Менің балалық шағым өткен Жамбыл ауылында, солардың қуаныштарына дастарханымыз жайылып жататын. Сондай кезде әкемнің домбырамен айтқан әндері отырыстың сәніне айналатын.
Әкем ҚАЙЫПЖАН РЫСБЕКҰЛЫ - сөзі мен ісі үйлесім тапқан ардақты азамат. «Әке» деп ауыз толтырып, көкірегіңді керіп, кеудені айқара ашып, ерекше ықыласпен, ізгі ілтипатпен айтуға тұратын өмірдегі аяулы жан биыл 70 жасқа толды. Әкеме деген балалық ризашылығымды қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім. Алла тағала әкем мен шешеме төрт перзент беріп, шаңырағын шаттыққа, босағаларын бақытқа кенелтті. Біздің қолымыздағы тілдей дипломдарымыз ата-анамыздың бейнеті мен зейнетінің, балаларын сағына күткен, түн ұйықтамай амандық тілеген, өздерінің қолдары жетпеген армандарын жүзеге асырады деген үміттерінің белгісі деп түсінеміз.
Бүгінгі таңда ҚАЙЫПЖАН әкеміз бен ӘЛИМА анамыз үш қыз, бір ұл баланы дүниеге әкелген. Сол төрт баладан немерелері - Раджан, Аружан, Алида және Расул, Айдана, Абылай, Айзада, Сабина, Айша жиендері тараған бақытты отбасылар өмір сүруде.
Әкеден және анадан алған өнегелі істі қолымыздан келгенше өзіміздің балаларымызға баулып, жақсы білім беруге, адал еңбек етуге тәрбиелеудеміз.
Әрбір ісіме бағыт-бағдар беріп, ақылыма ақыл қосып, «бойыңды тік ұста, мойыма, жақсылық пен жамандықты айыра біл» – деп өз ұстанымымен ұлық жол көрсетіп, разылығын берген аяулы жан әкем туралы тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Әйтсе де, әкем жайлы 70 жасқа толған мерейтойға арнаған перзенттік жүрегінің бір үзік қайырмасы осындай.
Құрметті ӘКЕШІМ, 70 жасқа толған мерейтойыңыз қайырлы, құтты болсын. Сіз 70 жыл өнегелі өмір сүріп, бақыттың бағында ұл-қыздарыңыздың қызығы мен қуанышына, немере, жиендеріңіздің сүйіспеншілігіне бөленіп, ағайын-туыс ортасындағы алтын көпірдей қадірлі қалыптарыңызды сақтап келесіз. Еңбекте де қажыр-қайратыңыздың арқасында талай абырой биігінен көрініп, ұрпағыңызға үлгі болған абзал жансыз. Жүрегіңізге Алланың нұры құйылып, зор денсаулықпен жасай беріңіз.
Жүзіңізден шуақ кетпей, біздің ортамызда күліп-ойнап, шаттыққа кенеліп, бақытқа бөленіп, ұзақ жасай беріңіз! Анашым екеуіңіз ортамызда аман-есен жүре беріңіздер! Ата-ананың аялы алақаны мен жүрегіне, шексіз мейірімі мен кіршіксіз таза көңіліне тең келер ештеңе жоқ. Сондықтан да аяулы аналарымыз бен ардақты әкелеріміз аман болсын.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.