Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Биыл біздің мектепті бітіргенімізге 50 жыл болыпты. Иә, жарты ғасыр, тіпті сенгің келмейді! Алайда, дүние шіркін, дөңгеленіп тоқтаусыз айнала береді ғой.
Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Мен өзімде нендей бір жақсы қасиет болса, оны мектеп мұғалімдерінің тәрбиесінің жемісі дер едім», - деп жүрекжарды сөз айтса, заңғар жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы «Бір сала бар – ол халыққа білім беру саласы, кімде-кімге болса да, қатысы бар, себебі кім болса да, мұғалімнен білім алады, мектепте оқиды, кейін балалары оқиды», - деп жазады.


Расында мұғалімдердің аянбай, бізге білім нәрін сіңіруге, адамгершілік қасиеттерді егуге жұмсағанын қалай ғана ұмыта алмақпыз?!
Осындайда еріксіз ойланасың, толғанасың. Түлеп ұшқан мектебіңді, бірге оқыған достарыңды, білім берген ұстаздарыңды еске аласың, сағынасың...
1968 жылы мен Қарағандыкөлдегі сегізжылдық мектепті бітіріп, аудан орталығы Көкпектідегі М.Горький атындағы қазақ орта мектебіне (бүгінгі Ж.Шайжүнісов мектебі – Ө.С.) оқуды жалғастыруға келдім. Аудандағы орта мектебі жоқ Шұғылбай, Өрнек, Романовка, Прохладное, Шегелек ауылдарынан да талай оқушылар келген еді. Нақтылап айтсам, мектебіміздегі сол кездегі екі оныншы класста 50-ден аса бала оқыса, соның жартысына жуығы басқа жақтан болатын. Әрі олардың бірталайы мектеп жанындағы бюджеттік интернатта жатып оқыды.
Жаңа мектеп болған соң, жаңа ортаға бірден қалыптасып кету де оңай емес екені белгілі. Оның үстіне біз табалдырығын аттаған мектеп білімді де білікті ұстаздарымен, ел үмітін ақтаған шәкірттерімен әйгілі болатын. Мұндай жағдайда қандай оқушыға болмасын жақсы оқып, тәртібі дұрыс болса, жеңілдеу соғатыны анық. Біздің арамызда да сондай оқушылар бар екен. Соның ішінде Ақсуат ауданынан келген Марат Қалиасқаров деген оқушы топты жарып, көзге түсті. Қандай пән болмасын ешкімге дес бермейді. Бұрыннан бейтаныс оқушының білімін мұғалімдер шынайы бағалады. Бестен басқа баға қоймайды. Әсіресе, оқушылардың көбі қиналатын алгебра сабағынан алдына жан салмайтын. Қандай есеп-қисабыңды болмасын шемішкедей шағады. Нұрбек Елеукин деген мұғаліміз оған риза болып, мақтап отыратын. Физика мен химияның ережелері мен теориясын ғана емес, есептерін де еш қиналмай шығарады. Физика мен астрономиядан мектеп директоры Рәш Тұқышевтың өзі берді. Білімді, талапшыл адам болатын. Сонымен бірге музыкалық қабілеті күшті, өлеңдер жазып, ән шығаратын. Хор ұйымдастырып, өзі дирижер болатын.
Тағы бір ұстазымызды ерекше айтқым келеді. Ол - әдебиет пәнінен берген Ғарифа Файзуллина апай. Бұрын мектебіміздің директоры болған. Аудан, қала берді облыс түгілі, республикаға танылған адам екен. Жас шағында ат құлағында ойнаған. Ат спортынан соғыстан кейін республика чемпионы атаныпты. Есіктен жарқылдап кіре сөйлейді, бірден көңіліңді көтеріп, күн шыққандай әсер етеді. Шешендігінде мін жоқ, сөзді тиегін ағытқанда, тасыған өзен, тулаған теңіздей сезімге бөлейді. Түйдек-түйдек сөз қайдан шығып жатыр деп еріксіз ойлайсыз. Арасында бала кезінде Алматыда Сәкен Сейфуллинді көргенін айтады. Мектепте жақсы оқыған шәкірттерімен мақтанады. Олар облыс, республикаға танымал адамдар – Мұрат Қалматаев, Нәсен Ибраев, Хәлел Беспаев дейді. Оларды көпшілік біледі. (генерал, обком хатшысы, ғылым докторы болған адамдар – Ө.С.) Маған қарап: «Өмірзақ, сенің жаман оқуға хақың жоқ, ана аға-жеңгең Дүйсен, Кәрібай мен Розалар осы мектепті медальға бітірген, қазір қандай қызмет істеп жатқанын жақсы білесің», - деп айтады. Мұндайдан соң, сабаққа деген ынтамыз онан сайын артады. Ал Марат тек математика емес, әдебиетке де ағып тұр екен. Неше түрлі қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын талдап, өлеңдерін төгілтіп айтқанда, біз тұр ғой, Ғарифа апайымыз соншалықты риза болады. Таза қазақ ортасынан келгенімен орыс әдебиетінен де осал емес, орысша сөз саптасы болсын ешқайсымыздан кем еместігі байқалды. Одан сабақ беретін Молдажанов Жеңіс ағамыз да әділ, жақсы бағасын қойып жатады. Жеңіс мұғалім сонымен бірге домбыра үйірмесін жүргізді. Бізден бірнеше баланы таңдап алып, баулығаны ойымда.
Сөйтіп, арамыздан Ақсуаттың аққұба баласы суырылып шығып, үздік оқушыға айналды. Елдің бәрі оны сыйлай бастады. Классымызда мектепті шулатып жүрген сотқар Қайырхан, Сәмет деген оқушылар бар екен. Бір сөзбен айтқанда, класстың атамандары. Сабаққа кешігіп келу, ерте кетіп қалу, не бірнеше күн келмей қою, мұғалімге қарсы шығып, сөз айту деген оларға түк емес. Класс жиналысы, ата-аналар жиналысында оларды қаншама талқыға салып жатса да, бір беткей, айтқанды тыңдай бермейтін, мінездері қиқар, әйтеуір бір шатақ шығарып жүретін оқушылар болатын. Міне, осындай тентектеу оқушылардың өзі Маратты сыйлады. Жақын тартып жүрді. Өйткені, оның біреуді жамандау, сыртынан ғайбат сөз айту, не кемсіту, өзін жоғары санау, менмендік сияқты жағымсыз әдеттерден ада, ешкімді жатырқамай, кімге болмасын жақсылық жасауға, болысуға жақын тұратын адамгершілігі жоғары, елгезек жан екенін байқадық.
Қыздар арасынан Шұғылбайдан келген Қарлығаш Мұхамедова мен Бану Мейірдинова жақсы оқып, озат оқушылар қатарынан табылды. Сонымен бірге, олар спортқа бейімділігімен көзге түсті. Әсіресе, шаңғыдан, шахмат пен дойбыдан аудандық оқушылар жарыстарында жеңімпаздар қатарынан көрініп жүрді.
Олардан бөлек Сәменов Бәйкен, Ахметқалиева Қаншайым, Нұртазина Гүлзада, Ғафуров Жомарт, Ашенов Елемес деген оқушылар жақсы оқыды. Көрші класста Бабаева Зифа, Базарбаева Сәуле, Әшкенов Қапан, Жанабаева Шекер деген озат оқушылар болды. Мен сегізжылдық мектепте тарих пен география, қазақ әдебиеті және дене шынықтыру пәндерін сүйіп оқыған соң, бастапқыда осы пәндерден беретін ұстаздарым қалай болады екен деп алаңдағам. Алайда, тарихтан Гүлзада Жоламанова, географиядан Хабиба Байболова, қазақ әдебиетінен Ғарифа Файзуллина, дене шынықтырудан сабақ жүргізген Венера Сейсенбаева атты ұстаздар өз ісінің нағыз майталмандары, білімді де білікті мұғалімдер болып шықты. Осы пәндерден бұрынғы менің алған білімімді жетілдіруде олардың сіңірген еңбегі өте үлкен. Егер бүгінде мен ҚР Журналистер одағының мүшесі атанып, ғылыми басылымдар мен газет-журналдарда 500-ден аса мақалалар жариялап, бірнеше кітаптар шығарсам, спорттық журналистикаға қосқан еңбегім үшін ҚР құрметті спорт қайраткері, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты атансам, бұл осы және басқа ұстаздар қауымының берген білімі мен тәрбиесінің нәтижесі. Аттары аталған мұғалімдерден басқа Ғарифа Ықсанова, Бишен Кененбаева, Гүлсім Әбенова секілді тамаша ұстаздардан білім алдық.
Сөйткен мектептегі қызықты күндер де артта қалып, аттестат қолға тиген соң, тарыдай шашылып, жан-жаққа кеттік. Кейін барлық құрдастар, армандастар, абзал достар өмірден өз орындарын тапты. Әркім өз жанына жақын мамандық таңдады. Үйлі-баранды болып, бала сүйді. Бүгінде көпшілігі немерелер қуанышын қызықтауда.
Ал арамыздан топ жарып, озып шыққандар: Марат Қалиасқаров, Қарлығаш Мұхамедова, Зифа Бабаева (Ахмерова) болды десем, артық айтқандық болмас. Мысалы, Марат ұстаздарымыздың үмітін ақтап, ғылым мен жоғары білім беру саласында биік жетістіктерге жетті. Техника ғылымдарының докторы, профессор атағына қол жеткізді. ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі атанды. Өмірінің соңғы жылдары Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің проректоры қызметін абыроймен атқарды. Қарлығаш Маңғыстау облысы мектептерінде жемісті еңбек етіп, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі атанды. Ал Зифа болса, «Туған жерге туыңды тік» қағидасын берік ұстап, Алматыдағы халық шаруашылығы (атақты «Нархоз») институтын бітіріп келген соң, көп жыл Көкпектіде статистика, қаржы саласында жемісті қызмет атқарды. Ауданның экономикасының дамуына елеулі үлес қосып, әкімдіктің қаржы бөлімінің басшысынан зейнеткерлікке шықты.
Міне, мектепте жоғарыдағыдай ұстаздардан білім теңізіне бойлап, жақсы тәлім-тәрбие алған едік. Ал биыл орта мектепті бітіргенімізге 50 жыл толды. Сондықтан біздің басты мақсатымыз, аз да болса, өсіп-өнген жеріміз туралы ой толғап, ұстаздарымыз бен достарымызды еске түсіріп, марқұм болғандарына жандары жәннатта болуына, ал арамызда жүрген ұстаздарымызға зор денсаулық, қажымас қайрат тілеп, басымызды иіп, алғыс айту болатын!

Өмірзақ Сұлтанов,
С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты
Нұр-Сұлтан қаласы 30.08.2020 ж.

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қазан 2020 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз