Екінші дүние жүзілік соғыстың 75 жылдық мерекесі қарсаңында атам Ақатанұлы Қасымхан туралы айтсам деймін. Ол 1914 жылы 14 қазан күні Көкпекті ауданындағы Шұғылбай ауылында туған. Дәлірек айтсақ, Шұғылбай мен Мелитополь ортасында өзенге таяу бір ескі үйдің орнын өзі бала кезімізде көрсеткен. Ол жер Ақтан қорасы деп аталатын. Сәл жолға таяу жалғыз ағаш өсіп тұратын. Міне сол жерде дүниеге келген.
9 мамырды ерекше күтетін. Қыс бойы бір қойын арнайы бордақылап дайындайды. Мейрам күні сойып көрші-қолаңды шақыратын. Бақай ата деген досы да келеді көрші ауылдан. Соғыс туралы бізге үйде көп айтпайтын. Ал Бақай атамен отырып неше түрлі қызықты әңгіме айтады. Бақайдың бір аяғы ағаш еді. Тізеден төмен бір аяғы жоқ. «Соғыста мина даласынан өткенде Бақайдың бір аяғы аспанда жүрді. Сөйтсем ұшып кетіпті», – деп екеуі күледі біз де мәз боламыз. «Оның аяғы сөйлеген сол жолы», – деп әңгімені қалжыңмен араластырып күлдіреді. Тіпті өлеңдетіп айтып беретін. Мектепке оқушылар шақырғанда қуана-қуана барып, көп сөйлейтін. Балалар артынан: «Сенің атаң солай деді, бұлай деді», - деп мазақтап күледі, мен намыстанамын. Үйге келгенде атама ренжіп неге күлдіргі әңгіме айтасың деп жылаған күндерім де болған. Сонда атам: «Соғыстың несі жақсы, ондай жаманшылық болмасын», - деп үндемей қалатын. Бірақ маған соғыста екі адамға бір винтовка болғанын, уралап жүгіру үшін спирт беретінін, талай жастың қарны ақтарылып қиналып жатқанын көргенін де айтқан.
Соғысты Кёнигсберг қала-сында (қазіргі Калининград) аяқтап қайтқан болатын. Кейіннен осы қала үшін болған соғыстың аса бір ауыр және көп шығынмен болғанын оқыдым. 1945 жылы 5 сәуірде Кеңестік әскер мен Фашистік Германияның аса қатты шай-қастарында екі жақтан да мыңдаған адам қаза болған. Сондай қырғын соғыстың ортасынан келген атам соғыстың қиындығынан гөрі қаладағы әдемі сәулет өнері туралы, театрлар мен ескі сарайлар туралы айтқанды ұнататын. Кёнигсберг қаласының сол сарайлары мен әдемі ғимараттары күлге оранды деп күрсінгенде түсінбейтінбіз.
Атам Генерал Рокоссовскийдің гвардияшылар әскерінде болып Кёнигсбергті алғанда оң қолы мен ішінен жараланып госпитальда ұзақ жатқан. Оқ ішіне алдынан кіріп, артқы жағынан шыққан. Алдыңғы жағынан кішкентай, ал артқы жағы үлкен болып жараның таңбасы қалған. Сондай-ақ, қатты катузия алғанын да айтқан. Соғыс кезінде азық болмай қатты ашыққан уақыттары да болған. Оны да әдейі айтпайды, бізге тамақты ысырап етпеңдер, жерге төкпеңдер деп отыратын. Әңгімесін күлкіге айналдырып айтатын атамның барлық сөзіне күлетінбіз. Кейін білдім оқ шынымен солай адамнан өтіп кетеді екен.
Атамның ең жақсы көріп, құрметтеп отыратын төсбелгісі «Гвардия» деген жазуы бары болатын. Кейіннен «Ұлы Отан соғысының 20 жылдығы», «Ұлы Отан соғысының 30 жылдығы» деген медельдар алған. Есімде ерекше қалған мереке Жеңіс күнінің 45 жылдығы болатын. Себебі сол мереке қарсаңында ардагерлерге арнайы сыйлықтар жіберілген. Үлкен екі қорапта әр түрлі тәттілер және әдемі сыртында торғайлардың суреті бар кеселер. Атам әдетінше бір қойын сойып, әлгі тәттілермен дастархан жасатып үлкен той өткізді. Есімде кеселердің қалғаны, олар маған қатты ұнаған еді. Өзімізге біреуін қалдырып, қалғанын түгелдей ауылдастарына үлестіріп берді. Атам дүние жимайтын. Дүниенің жалған екенін, адам өмірі бір оқтық екенін де жиі айтатын.
Жалпы атамның жаны нәзік, өнерге құштар жан еді. Өзінің қолдан шауып алған домбырасын ойнататын, кейін гармон алып тартып жүрді. Күлдіргі әңгімелер айтуды ұнататын. «Қара жорға» биін де билейтін. Біз білмейміз ғой сол кезде не би екенін. Атам билегенде таң қалатынбыз. Өмірде көп қиындық көрген. 11 жасынан ата-анадан жетім қалған. Жалғыз қарындасы Күлсағат апай екеуін Бүбітай апа деген туысы жеткізген.
Алғашқы сурет соғысқа алғаш кірерде түскені екен. Оны форма алғанда түскен. Хатпен ауылға салған. Содан сақталып қалған. Атамның жарқын жүзі менің жадымда әрқашан көңілді, өмірде ешқандай қиындыққа мойымайтын ақын жанды (өлең де шығаратын) тамаша адам болып қалды. Ол кісі 1987 жылы қайтыс болды.
Жыл сайын 9 мамыр жеңіс күнін асыға күтіп, қан майданда қаза болған майдандастарын есіне алатын атамның бұл мерекесі біздің отбасында дәстүрге айналған. Сұрапыл соғыста от кешкен боздақтар да, аман қалып елге оралған ардагерлер де ешқашан ұмытылмайды. Олардың жанкешті ерліктері ұрпақтарының ойында, жүрегінде.
Немересі, Айман Советқызы Ақтанова
Шәкәрім университетінің Гуманитарлық ғылымдар ғылыми кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.